Ұлт тұмары: Республика күні халықпен қайта қауышты
Ұлт ұясы Ұлытауда ел тағдыры таразыға түсіп, тарихта ойып тұрып орын алар елеулі мәселелер қайта қаралған еді. Сонда ұсынылған маңызды мәселенің бірі – елдің еңселі мерекесіне айналған Республика күнін ұлттық мереке ретінде атап өту туралы. Осылайша, ел Тәуелсіздігін жариялауға негіз болған тарихи күн биылдан бастап қайта атаулы күндер қатарына қосылып отыр. Яғни, ұлы дала төсінде 25 қазан күні халқымыз ұлттықтың, ұлылықтың мерекесін атап өтеді.
«Қайта» сөзін қазыққа қаққандай қып айтуымыздың өзіндік мәні бар. Бұрындары, біз мектеп қабырғасында білім алып жүрген тұста, 25 қазан мереке ретінде тойланатын. Сол кезде мерекеге орай арнайы шығарма жазып, «Республика күні» деп жалаулатып, думандатып жүретін едік. Кейін бұл күн туралы сөз мүлде қозғалмайтын болды. Бұрынғыдай шығармалар байқауы мен мереке қарсаңындағы түрлі іс-шаралар да өтпейді. Арада екі-үш жыл өткенде тіпті үлкендер жағынан «бұрынғы Республика күні мерекесі еді ғой» деген сөзді де естіп жүрдік. Біртіндеп бұл күннің мәні мен маңызы халық арасында да ұмытыла бастаған еді.
Бірақ арада 13 жыл өткен соң елдіктің мерекесі ел-халықпен қайта қауышып отыр. Бұл – Жаңа Қазақстанды құру жолындағы жаңаша бағыт десек, қате айтқандық емес. Атаулы күннің негізі 1990 жылғы 25 қазанда Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің шешімімен «Қаз ССР-нің мемлекеттік егемендігі туралы» декларацияның қабылдануымен тікелей байланысты. Онда тұңғыш рет аумақтардың тұтастығы, бөлінбейтіні және мызғымастығы, Қазақстан халықтары мен олардың тілдерінің мәдениетін дамыту, ұлттық бірегейлікті нығайту сияқты мемлекеттілік қағидалары бекітілді. Сондай-ақ, құжатта саяси, экономикалық және әлеуметтік мәселелерді дербес шешу принципі жарияланды. Қазақ КСР өзінің ішкі әскерлерін, мемлекеттік қауіпсіздік және ішкі істер органдарын құру құқығын алды. Ал Президент ел басшысы, әкімшілік-атқарушы жоғарғы биліктің басшысы болып танылды. Дәл осы Декларацияның арқасында біз кеңестік заңдарды тоқтатып, өз заңдарымызды жасай бастаған едік. Осы қағидаттардың негізінде кейін 1991 жылғы 16 желтоқсанда «Қазақстан Респуликасының мемлекеттік Тәуелсіздігі туралы» Конституциялық Заң қабылданған. Бұл құжат мемлекеттің егемендік алуы жолында жасалған алғашқы нық қадамы еді. Сол себептен де қазақстандықтар үшін атаулы күннің мәні де, маңызы да биік. Республика күні Қазақстанда 1992 жылдан бері тойланып келе жатқанымен, 2001 жылы ғана мемлекеттік мерекелер тізіміне енген еді. Бірақ 2009 жылы «Мерекелер туралы» жаңа заңда бұл күн атаулы күн ретінде белгіленбеді.
Көпшілік көкейінде «көптен дағдыға айналған 16 желтоқсан ше?» деген дайын сауал тұруы мүмкін. «25 қазанда Қазақстанның егемендігі туралы декларация қабылданды. Бұл еліміздің тәуелсіздік жолындағы тұңғыш қадамы болатын» деп нақтылаған Президент 16 желтоқсан күні туралы да айтып өтті. «Әрине, Тәуелсіздік күнінің бастапқы мәні сақталады. Бұл күн мемлекеттік мереке болып қала береді. Бірақ Тәуелсіздік алуға зор үлес қосқан ұлттық батырларымызға тағзым күні ретінде атап өтілуі керек» деді Қ.Тоқаев.
Жоғарыда айтып өткеніміздей, 1990 жылы 25 қазан күні жарияланған Егемендік декларациясы мемлекеттің Тәуелсіздігін айқындаған болатын. Бұл құжатты ел егемендігінің негізгі іргетасы деп бағаласақ болады. Осы кезден бастап елдегі қоғамдық-саяси құрылымға жаңашылық пен өзгеріс енгізіле бастады. Арада бір жыл өткеннен кейін Қазақ КСР Жоғары кеңесі Халық депутаттары өкілдерінің жиналысында мемлекет атауы, Елтаңба, Ту сияқты мемлекеттің негізгі нышандарын бекіту жайы талқыланды. Бұл туралы 1991 жылы 9 желтоқсанда өткен жиында депутаттар Сұлтан Сартаев пен Манаш Қозыбаев қозғаған еді.
Егемендік бізге оңай келген жоқ. Еліміз қаншама өтпелі кезеңдерден, қырғи қабақ көздерден, қаншама қиын сындардан өтті. 1991 жылы КСРО тарап, біз де өз еншімізді алып, бостандыққа қол жеткіздік. Еркіндікке қолы жеткен қазақ халқы өз елінің өркенді де өрісті өмірі ұзақ, ғұмыры жақсылыққа толы ел болуын мақсат тұтып, жаңаша тірлік пен тіршілікке бет бұрды. Көк байрағымыз көкке көтеріліп, Гимніміз асқақтай тербелді. Жаңа Конституция өмірге келіп, халқымыздың ертеңгі болашаққа деген сенімі арта түсті. Тәуелсіз ел екендігіміздің тағы бір айғағы – төл теңгеміз айналымға түсті. Азаттықтың арқасында беделіміз көтеріліп, Біріккен Ұлттар Ұйымының биік мінбесінен көріндік. Сондай-ақ, тіл туралы мәселе қолға алынып, қазақ тілінің өрісін кеңейту еліміздің алға қойған мақсаты болды.
Тәуелсіздік арқасында елімізге құт қонып, ырыс үйірілді. Біздің мемлекетіміз әлі жас, алдымызда талай-талай асулар тұр. Төле би айтқандай, тек қолға қонған бақыт құсын үркітіп алмай, жұмыла кірісіп, кеңесіп шешіп, елдіктің тұғырына әрбір азамат құс болып қона білуі керек. Халық танымында тұмар ұғымы қандай киелі болса, елдіктің тұмарындай болған егемендікті ұлықтау – әр перзенттің парызы.
Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ