Мемлекет құру жолындағы тарихи қадам
Биыл Қазақ елі 25 қазан күні Республика күнін кең көлемде тойлайды. Ұлттық мереке ретінде атау берілген осы күн тарихта «ҚазССР-нің мемлекеттік егемендігі туралы» декларациясы қабылдануымен құнды. Құжат 1990 жылғы 25 қазан Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің шешімімен бекітіліп, ел егемендігіне алғашқы қадам жасалған.
Ұлттық мерекені ресми бекіткен Мемлекет басшысы арнайы заңға осы жылдың 29 қыркүйегінде қол қойды. Қасым-Жомарт Тоқаев бұл жайында «Ұлттық мерекелер мен атаулы күндер тізбесіне бірқатар өзгеріс енгізген жөн. Мен Республика күніне ұлттық мереке мәртебесін қайтаруды ұсынамын. Сондықтан қазанның жиырма бесі күні жыл сайын егемендік күнін еліміздің басты мерекесі ретінде атап өтуіміз керек. Республика күні елдің мемлекет құру жолындағы тарихи қадамының символы болуы керек. Әрине, Тәуелсіздік күнінің бастапқы мәні сақталады. Бұл күн мемлекеттік мереке болып қала береді. Бірақ тәуелсіздік алуға зор үлес қосқан ұлттық батырларымызға тағзым күні ретінде атап өтілуі керек» деген болатын.
Ел тарихында Республика күні 1992 жылдан бастап атаулы күндер қатарына енгізілген. 2001-2009 жылдар аралығында мемлекеттік мереке ретінде тойланып келді. 2009 жылдан бастап Республика күні атаулы күндер қатарынан түсіп қалды. Биылдан бастап арада 13 жыл өткенде Республика күні қайтадан тойланбақ.
Аталған мерекені белгілеуге арқау болған «ҚазССР-нің мемлекеттік егемендігі туралы» декларациясының қабылдануы туралы тарихи құжатта жазылған. Онда ең алдымен декларацияның негізгі жобасы талқыланып, арнайы комиссия декларация жобасына енгізілетін пікірлер мен ескертулерді жинақтаған. Парламент депутаттары қызу талқыға салып, мұқият зерделеген. Нәтижесінде, ел болашағы үшін, республикадағы барлық ұлттар мен ұлыстардың ынтымағы мен бірлігін, болашағын айқындаған құжат өмірге келеді.
Тарихи декларацияның кіріспесінде «Қазақ Советтік Социалистік Республикасының Жоғарғы Советі Қазақстан халқының еркін білдіре отырып, Республиканың барлық азаматы үшін лайықты және тең тұрмыс жағдайын жасауға ұмтыла отырып, Республикада тұратын халықтарды топтастыру мен олардың достығын нығайтуды бірінші дәрежелі міндет деп санай отырып, жалпыға бірдей адам праволары декларациясын және ұлттардың өзін-өзі еркін билеу правосын тани отырып, қазақ ұлтының тағдыры үшін жауапкершілікті ұғына отырып, ізгілікті демократиялық праволық мемлекет құруды негізге ала отырып, Қазақ Советтік Социалистік Республикасының мемлекеттік егемендігін жариялайды және осы декларацияны қабылдайды» деп жазылған. Құжат 17 бөлімнен тұрды. Онда мемлекетті сақтау, нығайту, шекара мәселесі, көші-қон, құқықтық құжаттар, валюта айналымы, ядролық қарудан бас тарту, жер мәселесі, егемендіктің символдары жазылды.
Декларацияның қабылдануы туралы алғашқы болып үн қосқан халық депутаты, Қазақ ССР Ғылым академиясының академигі Салық Зиманов: «Біздің республика өзінің мемлекеттік егемендігі туралы декларациясын соңғылардың бірі болып қабылдады. Мұның өз артықшылықтары мен кемшіліктері бар еді. Басқа республикалардың тәжірибелерін ескеруге және олардың декларацияларындағы ұтымды әрі бағалы нәрселерді алуға, өзіміздің тарихи шешімімізге ойлы көзбен, қызбаланбай қарауға мүмкіндік мол болды. Бұрын Совет Одағында осындай саяси құжатты қабылдау практикасы болмағанын ескерген жөн... Декларацияның нормаларын, әсіресе жеке адамның праволары мен бостандықтарын тиісінше қамтамасыз ету, жалпы адамзаттық игіліктерді азаматтардың сана-сезіміне ұялату, Қазақстанда тұратын адамдар мен ұлттардың өзара қатынасына енгізу жөніндегі нормаларын іске асыруды кешеуілдетпей бастау керек» деді.
Сонымен маңызды құжат – егемендікке жасалған қадамның жемісі. 1990 жылдың 25 қазанында қабылданған декларация – Тәуелсіздіктің алғашқы іргетасы. Сондықтан да биыл аталып өтілетін маңызды датаның ел тарихындағы алар орны зор.
Бибісара Таңатарқызы