Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Елдікке бастаған мереке

Елдікке бастаған мереке

Биыл елі­мізде Респуб­ли­ка күні ұлт­тық мереке ретінде үшінші рет атап өтіледі. Үш жыл бұрын Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне кинематография мәдениет және мерекелер мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңына қол қойды. Ұлт ұясы Ұлытауда ел тағдыры таразыға түсіп, тарихта ойып тұрып орын алар елеулі мәселелер қайта қаралған еді. Сонда ұсынылған маңызды мәселенің бірі – елдің еңселі мерекесіне айналған Республика күнін ұлттық мереке ретінде атап өту болды. Осылайша, ел тәуелсіздігін жариялауға негіз болған тарихи күн қайта атаулы күндер қатарына қосылды. Яғни ұлы дала төсінде 25 қазан күні халқымыз ұлттықтың, ұлылықтың мерекесін атап өтеді.

Жаңа Қазақстанды құру жолындағы маңызды дата – жай мереке емес, ата-баба­мыздың азаттық үшін күрескен жылдарының жемісі. Бастысы, халықтың ынтымағы мен бірлігі, кемел келешекке деген сенімі тәуелсіз еліміздің тұғырын нығайта түспек. Әрине, еліміздің болашағы өз қолымызда, саналы ұрпақтың үлесінде. Атқарып отырған қызметімізді еліміздің дамуына бағыттасақ, мемлекетіміз әлемдегі дамыған озық елдер қатарына енетіні сөзсіз.

Атаулы күннің негізі 1990 жылғы 25 қазанда Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің шешімімен «Қаз ССР-нің мемлекеттік егемендігі туралы» декларацияның қабылдануымен тікелей байланысты. Онда тұңғыш рет аумақтардың тұтастығы, бөлінбейтіні және мызғымастығы, Қазақстан халықтары мен олардың тілдерінің мәдениетін дамыту, ұлттық бірегейлікті нығайту сияқты мемлекеттік қағидалары бекітілді. Сондай-ақ құжатта саяси, экономикалық және әлеуметтік мәселелерді дербес шешу принципі жарияланды. Қазақ КСР өзінің ішкі әскерлерін, мемлекеттік қауіпсіздік және ішкі істер органдарын құру құқығын алды. Ал Президент ел басшысы, әкімшілік-атқарушы жоғарғы биліктің басшысы болып танылды. Дәл осы Декларацияның арқасында біз кеңестік заңдарды тоқтатып, өз заңдарымызды жасай бастаған едік. Осы қағидаттардың негізінде кейін 1991 жылғы 16 желтоқсанда «Қазақстан Респуликасының мемлекеттік Тәуелсіздігі туралы» Конституциялық Заң қабылданған. Бұл құжат мемлекеттің егемендік алуы жолында жасалған алғашқы қадамы еді. Сол себептен де қазақстандықтар үшін бұл күннің мәні де, маңызы да биік. Республика күні Қазақстанда 1992 жылдан бері тойланып келе жатқанымен, 2001 жылы ғана мемлекеттік мерекелер тізіміне енген еді. Бірақ 2009 жылы «Мерекелер туралы» жаңа заңда бұл күн атау­лы күн ретінде белгіленбеді.

Жоғарыда айтып өткеніміздей, 1990 жылы 25 қазан күні жарияланған Егемендік декларациясы мемлекеттің тәуелсіздігін айқын­даған болатын. Бұл құжатты ел егемендігінің негізгі іргетасы деп бағаласақ болады. Осы кезден бастап елдегі қоғамдық-саяси құрылымға жаңашылық пен өзгеріс енгізіле бастады. Арада бір жыл өткеннен кейін Қазақ КСР Жоғары кеңесі Халық депутаттары өкілдерінің жиналысында мемлекет атауы, Елтаңба, Ту сияқты мемлекеттің негізгі нышандарын бекіту жайы талқыланды. Бұл туралы 1991 жылы 9 желтоқсанда өткен жиында депутаттар Сұлтан Сартаев пен Манаш Қозыбаев қозғаған еді.

Егемендік бізге оңай келген жоқ. Еліміз қаншама өтпелі кезеңдерден, қаншама қиын сындардан өтті. 1991 жылы КСРО тарап, біз де өз еншімізді алып, бостандыққа қол жеткіздік. Еркіндікке қолы жеткен қазақ халқы өз елінің өркенді де өрісті өмірі ұзақ, ғұмыры жақсылыққа толы ел болуын мақсат тұтып, жаңаша тірлік пен тіршілікке бет бұрды. Көк байрағымыз көкке көтеріліп, Гимніміз асқақтай тербелді. Жаңа Консти­туция өмірге келіп, халқымыздың ертеңгі болашаққа деген сенімі арта түсті. Тәуелсіз ел екендігіміздің тағы бір айғағы – төл теңгеміз айналымға түсті. Азаттықтың арқасында беделіміз көтеріліп, Біріккен Ұлттар Ұйымының биік мінбесінен көріндік. Сондай-ақ тіл туралы мәселе қолға алынып, қазақ тілінің өрісін кеңейту еліміздің алға қойған мақсаты болды.

Тәуелсіздік арқасында елімізге құт қонып, ырыс үйірілді. Біздің мемлекетіміз әлі жас, алдымызда талай асу тұр. Төле би айтқандай, тек қолға қонған бақыт құсын үркітіп алмай, жұмыла кірісіп, кеңесіп шешіп, елдіктің тұғырына әрбір азамат құс болып қона білуі керек. Халық танымында тұмар ұғымы қандай киелі болса, елдіктің тұмарындай болған егемендікті ұлықтау – әр перзенттің парызы.

Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ
Фото:жайық шұғыласы газеті
22 қазан 2024 ж. 165 0