Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » «Қарызсыз қоғам» жобасы биыл да жалғасады

«Қарызсыз қоғам» жобасы биыл да жалғасады

«AMANAT» партиясының «Қарызсыз қоғам» жобасы бойынша тегін оқыту жұмыстары биыл да ұйымдастырылады. Қазіргі таңда оқыту курсына дайындық жұмыстары пысықталып, қатысушыларды түгендеу, нақтылау жұмыстары атқарылуда.

Мемлекет басшысы өз Жолдауында және Үкіметтің кеңейтілген отырысында «Қарызсыз қоғам» жобасының тиімділігін ерекше атап өтті. Бұл бағытта Үкіметке, орталық және жергілікті атқарушы органдарға нақты тапсырма берді. Президенттің тапсырмасын орындау жұмысына «AMANAT» партиясы да атсалысатын болады. Осыған орай аудандық мәслихаттағы «AMANAT» партиясы депутаттық фракциясының ұсынысымен кент және ауылдық округтерде арнайы тақырыптық билборд орнатылды. Сонымен қатар аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі мен Отбасын қолдау орталығы жоба бойынша оқытудан өтуі тиіс азаматтардың санын, қатысу мүмкіндігін нақтылауда. Ақпараттық-насихаттық жұмыстар да қатар жүргізілуде.

– Біздің талдауымыз бойынша ауданда 90 күннен көп уақыт бойы несиесін төлей алмаған 3500-ге жуық азамат бар екен. Соның мыңға жуығын жоба бойынша оқытып, қаржылық кеңес беруді мақсат етіп отырмыз. Бұл бағытта аудан әкімі Берік Әбдіғаппарұлының тиісті ұйымдастыру жұмыстарын сапалы әрі уақытылы үйлестіру жөнінде нақты тапсырмасы бар. Аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Айнұр Есмағанбетова өз жоспарын айтты. Бүгінде аудандық Отбасын қолдау орталығының мамандары тізім қалыптастырып жатыр. Толық ақпаратты кент және ауыл әкімдіктерінен, аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінен және «AMANAT» партиясының аудандық филиалынан алуға болады, – дейді партияның аудандық филиалының Атқарушы хатшысы Ақтөре Ибрагимұлы.

Ал аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Айнұр Есмағанбетова «Қарызсыз қоғам» жобасы несиелік берешегі бар азаматтар үшін тиімді екенін айтады.

– Қазір екінің бірінде несие бар. Мемлекет ешкімге несие алма демейді, бірақ түрлі қажеттілікпен алынған несиені уақытылы өтеу, халықтың қаржылық сауаттылығын арттыру, неселік берешегін жүйелеуге жәрдемдесуді жөн санайды. Осы ретте «Қарызсыз қоғам» жобасының несиелік берешегі бар азаматтар үшін тиімді екенін айтқым келеді. Оқыту жұмыстары тегін жүргізіледі. Белгілі қаржы сарапшысы онлайн және офлайн форматта оқытады, оқудан кейін сертификат береді. Жоба бойынша толыққанды ақпарат алу үшін аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне жүгіну ұсынылады. Қазір қаржылық қиындығы бар азаматтарды оқыту үшін Д, Е санатындағы 1237 азаматтың тізімі қалыптастырылған. Тізім кент және ауылдық округі әкімідеріне жолданған. Қазіргі таңда сала мамандары түсіндірме жұмысын жүргізіп, алдағы жоспарлы жұмысты нақтылауда, – дейді Айнұр Амантайқызы.

Айта кету керек, былтыр аудан бойынша «Қарызсыз қоғам» жобасы шеңберінде 920 адамды оқыту жоспарланған. І кезеңде – 505, ІІ кезеңде – 424 адам оқытылып, жоспар артығымен орындалды. Ал биыл мыңға жуық азамат онлайн және офлайн оқумен қамтамасыз етілмек.

14 сәуір 2025 ж. 171 0