«Қарызсыз қоғам» жобасы аясында оқыту басталды
«Аmanat» партиясының «Қарызсыз қоғам» жобасы аясында Сырдария ауданының А.Тоқмағамбетов ауылында оқыту жұмыстары басталды.
Ауыл тұрғындары үшін маңызды іс-шараның ашылуына «Аmanat» партиясының аудандық филиалының төрағасы Ержан Әжікенов пен партия филиалының Атқарушы хатшысы Ақтөре Ибрагимұлы арнайы қатысып, «Қарызсыз қоғам» жобасының түпкі мақсаты туралы айтып өтті.
– «Аmanat» партиясының басты құндылығы – адам. Партияның саяси бағдарламасы, саяси тұғырнамасы және партиялық жобалары әр адамның өмірін жақсартуға бағытталған. Осы ретте «Қарызсыз қоғам» жобасы жүзеге асуда. Бұл жобаның маңыздылығын Жолдауда Мемлекет басшысы кеңінен айтып өтті. Жоба партияның ұйытқы болуымен ауданда сәтті жүзеге асып, бүгінгі күнге дейін 508 адам оқытудан өтті. Жыл аяғына дейін 420 адам оқытылады деп жоспарлануда, – деді «Аmanat» партиясының аудандық филиалының төрағасы Ержан Әжікенов.
Өз кезегінде партия филиалының Атқарушы хатшысы Ақтөре Ибрагимұлы «Қарызсыз қоғам» жобасының басты мақсаты халықтың қаржылық сауаттылығын арттыру екеніне назар аударды. Сондай-ақ жоба қоғамда жаңа қаржылық мәдениет қалыптастыруға тікелей әсер ететінін айтып, қажетсіз несиеден бас тартуға дағдылану қажеттігін атап өтті.
Айта кету керек, А.Тоқмағамбетов ауылында апта соңына дейін 80 адам оқыту жұмыстарымен қамтылады деп жоспарлануда. Оқытуды белгілі тренер Балдырған Мәмен жүргізеді. Қосымша ақпараттарды «Аmanat» партиясының аудандық филиалынан алуға болады.