Тілге ие болу – өзіңе ие болу
Кітап оқу – адамның ой-өрісін кеңейтіп қана қоймай, өзіне есеп беруге, мінезі мен ісіне сырт көзбен қарауға мүмкіндік береді. Жақында қолыма түскен «Ғайбат: басқа бәле – тілден» тақырыбындағы кітап та осындай ойға жетеледі. 2020 жылы Алматы қаласындағы «Таным» баспасынан жарық көрген бұл еңбекте ғайбат айтудың ислам дініндегі орны, оның адам арасындағы қарым-қатынасқа және қоғамға тигізетін зияны жан-жақты баяндалған екен.Кітапты оқи отырып, адамның күнделікті өмірінде көп мән бере бермейтін бір дүниеге – тілге ерекше жауапкершілікпен қарау қажеттігін түсінесің. Өйткені тіл – адамның ойын жеткізетін қарапайым құрал ретінде қарастырылмайды. Оның ішкі дүниесін, тәрбиесін, адамгершілігін танытатын маңызды белгі. Кітапта тілдің адамға берілген үлкен нығмет екені, оның дұрыс қолданылса жақсылыққа бастайтыны, ал бақылаусыз қалса түрлі күнә мен өкінішке себеп болатыны айтылады.
Қазақ халқы «Бас аман болсын десең, тіліңді тый», «Айтылған сөз – атылған оқ», «Тілмен түйгенді, тіспен шеше алмас» деп сөздің салмағын ертеден-ақ бағалаған. Шын мәнінде, ауыздан шыққан сөзді қайта қайтару мүмкін емес. Кейде бір ауыз сөз адамның көңілін көтеріп, өміріне қуаныш сыйласа, енді бір сөз жүрекке жара салып, адамның арасындағы жылдар бойы қалыптасқан қарым-қатынасты бұзуы мүмкін. Кітапта да сөздің адам тағдырына әсері осындай мысал арқылы терең түсіндіріледі.
Еңбектегі басты мәселе – ғайбаттың мәні мен оның адамға келтіретін зияны. Кітапта ғайбат қазақ ұғымындағы біреуді сыртынан жамандау, өсек-аяң айту ретінде түсіндіріледі. Пайғамбардың (с.ғ.с.) хадисінде де ғайбат адамның сыртынан өзі ұнатпайтын нәрсесімен айтылуы ретінде түсіндіріледі. Егер айтылған кемшілік сол адамда бар болса – ғайбат, ал жоқ нәрсені айту – жала болып саналатыны көрсетілген.
Бүгінде бұл мәселе бұрынғыдан да өзекті. Себебі қазір адамның бір-бірі туралы сөз айту мүмкіндігі артты. Бұрын біреудің сыртынан айтылған сөз бірнеше адамның арасында ғана қалса, қазір әлеуметтік желідегі бір жазба, бір пікір немесе бір ауыз сөз көпшілікке әп-сәтте таралуы мүмкін. Сондықтан сөз мәдениетіне жауапкершілікпен қарау бұрынғыдан да маңызды.
Ғайбаттың қауіптілігі – оның көбіне «Мен тек шындықты айтып тұрмын» деген ақтаумен айтылуында. Адам кейде өзінің біреуді жамандап тұрғанын аңғармайды. «Ол ондай адам ғой», «Мен оның бетіне де айтамын», «Мен жамандық ойлап тұрған жоқпын» деген сөздер арқылы өз әрекетін дұрыс деп көрсетуге тырысады. Алайда кітапта адамның кемшілігін оны кемсіту немесе сыртынан жамандау мақсатында сөз ету мен оны түзету мақсатында ескертудің ара-жігі ажыратылатыны айтылады. Мұнда ең басты өлшем – ниет.
Кітаптағы тағы бір назар аударарлық ой – адамның өзгенің кемшілігін көруге құмар болып, өзінің кемшілігін ұмытып кетуі. Бүгінгі қоғам үшін де ойланатын мәселе. Біреудің қателігін байқасақ, оны талқылауға асығамыз. Біреудің кемшілігі көрінсе, оны сынауға дайын тұрамыз. Ал өзіміздің мінезімізге, ісімізге, сөзімізге қаншалықты есеп беріп жүрміз?
Еңбекте осы тұрғыда адамның алдымен өзін тәрбиелеуі керектігі айтылады. Өзгенің кемшілігін қазбалағанша, өз бойымыздағы кемшілікті түзетуге көңіл бөлу әлдеқайда пайдалы. «Әркім өз үйінің алдын тазаласа, қала да таза болады» деген ой да осыны меңзейді. Яғни қоғамның түзелуі жеке адамның өзінен басталады.
Ғайбаттың тағы бір ерекшелігі – оның тек сөзбен ғана жасалмайтыны. Адамды көзбен, қаспен, қолмен ымдап кемсіту, біреудің жүріс-тұрысын, сөйлеу мәнерін немесе дене-бітіміндегі ерекшелігін салып көрсету арқылы күлкі ету де кітапта ғайбаттың түрлері ретінде қарастырылады. Демек, адамгершілік мәдениеті тек сөйлеген сөзімізден, қимылымыздан, қарым-қатынасымыздан және ниетімізден де байқалады.
Қазіргі ақпараттық қоғамда кітапта көтерілген тағы бір мәселе ерекше назар аударуға тұрарлық. Ол – жазбаша сөз арқылы жасалатын ғайбат. Адамның жазған сөзі де оның «екінші тілі» екені айтылады. Әлеуметтік желіде біреуді кемсіту, оның абыройына нұқсан келтіретін пікір жазу немесе расталмаған ақпаратты тарату – жауапкершіліктен тыс қалатын әрекет емес. Керісінше, жазылған сөздің таралу ауқымы кең болғандықтан, оның салдары одан да ауыр болуы мүмкін.
Кітаптағы «Не жақсы нәрсе айт, не үндеме» деген ұстаным қазіргі кезде әрқайсымызға қажет қағида деп ойлаймын. Әрине, бұл барлық жағдайда үнсіз отыру деген сөз емес. Әділетсіздікке жол берілгенде, біреуге көмек қажет болғанда, шындықты қорғау керек жерде адамның сөйлеуі маңызды. Бірақ әр сөздің орнын, уақытын және салдарын білу – үлкен мәдениет. Кітапта да ақиқат орнайтын жерде сөйлеудің маңызы ерекше екені атап көрсетіледі.
Осы кітапты оқи отырып, адамның тілі оның жүрегінің айнасы деген ойға ерекше мән берген жөн. Адамның ішкі дүниесі қандай болса, сөзі де көбіне соған сай болады. Жақсылыққа бейім жүректен жақсы сөз шықса, көңілге кірбің ұялаған адамның сөзінен реніш пен ауырлық сезілуі мүмкін. Сондықтан тілдің тәрбиесі – жүректің тәрбиесімен тікелей байланысты.
Ғайбат – бір адамның ғана мәселесіне жатпайды. Ол адамдар арасындағы сенімге сызат түсіріп, достықты бұзып, ағайынның арасына іріткі салуы мүмкін. Ал бір адамның беделіне нұқсан келтіретін сөз көбейіп, әдетке айналса, оның қоғамдағы салдары да ауырлай түседі. Осы тұрғыдан алғанда, ғайбаттан сақтану – тек діни талапты орындауға кірмейді. Адамның ар-намысын құрметтеу, қоғамдағы татулық пен өзара сенімді сақтау болып табылады.
Кітаптан түйген басты ойым – адам өзінің әрбір сөзіне жауап бере білуі керек. Сөйлер алдында «Менің бұл сөзім біреуге зиян келтірмей ме?», «Мұны айтуымның мақсаты не?», «Егер осы сөз өзім туралы айтылса, қандай күйде болар едім?» деп ойланған жөн. Осындай қарапайым сауалдың өзі талай орынсыз сөзден сақтайтыны анық.
Адам баласына берілген тіл – үлкен аманат. Оны өсекке, өтірікке, ғайбатқа емес, жақсылыққа, ізгілікке, ақиқатқа жұмсау – әр адамның өз қолында. Жақсы сөз – жанға медет, жаман сөз – жүрекке жара. Сондықтан көп сөйлеуден бұрын мәнді сөйлеуді, өзгенің кемшілігін іздегеннен бұрын өзімізді түзеуді үйренуіміз қажет.
«Ғайбат» кітабын оқығаннан кейін мен үшін бұл еңбек біреудің сыртынан жаман сөйлеудің зиянын түсіндіретін діни кітап қана емес, күнделікті өмірдегі қарым-қатынас мәдениетіне, сөз әдебіне, адамдық қасиетке үндейтін тағылымды еңбек деген ой қалыптасты.
Ең бастысы, кітап бізге бір қарапайым шындықты еске салады. Мәселен, адам кейде өзіне жау іздеп әуре болмайды, өз тілімен-ақ өзіне зиян келтіруі мүмкін. Сондықтан тілімізге ие болу – өзімізге ие болу.
Кітап оқу арқылы адам тек жаңа мәлімет алып қоймайды. Кейде өзіне айна табады. Меніңше, «Ғайбат» кітабының құндылығы да осында. Ол оқырманды өзгелерді сынауға емес, алдымен өз сөзіне, өз мінезіне, өз жүрегіне үңілуге шақырады.








