Ақ маржанның ақберен еңбеккері
«Күріш болса – ырыс бар» дегендей, күріш егу – төзімділікті, жауапкершілікті және тынымсыз еңбекті талап ететін кәсіп. Күзгі жиын-терім науқаны диқаншылар үшін ең жауапты кезең. Ақ күріштен мол өнім алу үшін көктем мезгілінен бастап қара күзге дейін маңдай терін төгетін еңбек адамдары бар. Солардың қатарында бригадир Батырбек Сарыбаевтың еңбегі еселі.Ел ырысын еселеп келе жатқан бригадир – Қалжан ахун ауылының тумасы. Жастайынан егін егудің қыр-сырын меңгеріп, егістік танапта еңбекпен есейген. Кейіпкеріміз «БАҚ» шаруа қожалығында бүгінде білікті бригадир, тәжірибесі толыққан, жауапкершілігі мол маман. Әке жолын жалғаған Батырбек Қуандықұлы егін шаруашылығындағы 24 жылдың 7 жылын бригадирлік қызметке арнап келеді.
– Әкем Қуандық Сарыбаев ауыл шаруашылықта диқан болып, егіннен береке тапқан кісі. Мен сол әкемнің жолын жалғап, өз берекемді егін шаруашылығынан таптым. Біздің жұмыс таңның атысынан күннің батысына дейін жалғасады. Егістік алқабының жағдайын бақылап, суару жұмыстарын ұйымдастырып, техниканың уақытылы жұмыс істеуін қадағалаймын. Сонымен қатар бригада мүшелерінің міндеттерін бөліп, әр жұмыстың сапалы орындалуына жауап беремін. Мұнда қырман басындағы диқандардың маңдай тері, еселі еңбегі жатыр. Күріштің жақсы өнім беруі тұқым сапасына, жердің дайындығына, су мөлшеріне және агротехникалық талаптардың сақталуына байланысты. Күрішші қауымның еңбегі егінге орақ түскенде ерекше көрінеді. Айлап күткен өнімді ысырапсыз жинау үшін барлық бригада бірлесіп жұмыс атқарамыз. Бұл бір ғана адамның еңбегі емес, бүкіл ұжымның жұмысы, – дейді тәжірибелі бригадир.
Білікті бригадир Батырбек Сарыбаев жас күрішшілерге жол көрсетіп, ақылын айтып, өзінің көрген-білгенін үйретіп отырады. «Еңбегімен ер сыйлы» демекші, егін саласында тәжірибесі мол бригадир жұмысты ұтымды ұйымдастырып, өз бейнетінің арқасында құрметке бөленуде. «БАҚ» шаруашылығында күрішші болып бастағын шағынан егін егудегі жетістігі үшін көптеген марапаттар алса, бригадир болғалы да еңбегі лайықты бағаланып келеді. Жерге адал қызмет етіп, ауыл шаруашылығының дамуына үлес қосып, халықтың дастарқанына береке әкеліп жүрген бригадирдің еңбегі әрдайым құрметке лайық.
– Батырбек Сарыбаев – өз саласының білікті маманы. Қай кезде де жұмысына деген жауапкершілікті бірінші орынға қояды. Күріш егу науқаны басталғаннан бастап ол алқаптың дайындығын бақылап, егін егу және жинау жұмыстарын жүйелі ұйымдастырып, еңбеккерлердің басын біріктіріп, мол өнім алуға бағыт береді. Бұл салада оның тәжірибесі мол, сондай-ақ жұмыстың көзін біледі, өз ісіне жауаптылық танытады, – дейді шаруа қожалық төрағасы Серік Әбжәлиев.
Батырбек Қуандықұлы шаруашылықта білікті бригадир болса, шаңырағының арқасүйер азаматы, балаларының асқар тау әкесі. Өмірлік серігі Анар Қойшыбаевамен 4 баланы тәрбиелеп отыр. Кейіпкеріміздің жары А.Қойшыбаева да «БАҚ» шаруа қожалығында аспазшы болып еңбек етеді.
Таңшолпан ҚАЛДЫБЕКҚЫЗЫ










