Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

№76 газет

06 қазан 2026 ж.

№75 газет

03 қазан 2026 ж.

№74 газет

29 қыркүйек 2026 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1234
567891011
12131415161718
19202122232425
262728293031 
» » Еңбекпен еселенген өнім

Еңбекпен еселенген өнім

Қалжан ахун ауылындағы ауыл шаруашылығы саласында өзіндік орны қалыптасқан шаруашылық қатарында «Бақ» шар­уа қожалығы бар. Егін шаруашылығын негізгі бағыт еткен қожалық жыл сайын дала төсіне дән сеуіп, мол өнім алуға күш салып келеді. Биыл да шаруашылық ұжымы науқандық жұмысты уақытылы ұйымдастырып, егіс алқабындағы қыруар тіршілікті жүйелі жүргізуде.

Шаруашылықты соңғы 7 жылдан бері Серік Әбжәлиев басқаруда. Осы уақыт аралығында қожалықтың өндірістік әлеуеті артып, техникалық базасы нығайып, еңбек ұжымы қалыптасты. Бүгінде шаруашылықта 55 адам тұрақты еңбек етіп, ауыл шаруашылығы қызметінің берекелі жүргізілуіне өз үлестерін қосуда.

Биыл «Бақ» шаруа қожалығы 435 гектар жерге күріш еккен. Егіс алқабына күріштің «Каурис» және «Лидер» сұрыпы орналастырылған. Диқандардың негізгі мақсаты – күріш алқабын баптап, әр гектардан жоғары өнім жинау. Қожалық биыл гектарына 55-60 центнерден өнім алуға үмітті.

Шаруашылық басшысы Серік Әбжәлиевтің айтуынша, егіншілік – тек жерге дән себумен шектелмейтін, күнделікті тынымсыз еңбекті, жауапкершілікті және нақты есепті талап ететін сала.

– Егіннің бітік шығуы ең алдымен ауа райы­на, жердің жағдайына және судың жеткілікті болуына байланысты. Бірақ оның ар жағында диқанның күндіз-түні атқаратын еңбегі жатыр. Су мәселесі егін шаруашылығы үшін өте маңызды. Қашыртқыдағы судың тұйыққа тірелуі кей уақытта шаруаны әбігерге салады. Сондықтан суды дер кезінде шығару үшін электрлі насосты пайдаланып, өз күшімізбен қажетті жұмысты атқарамыз. Бұл бағыттағы мәселені облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Талғат Дүйсебаев та көріп, жағдаймен танысты. Шаруаның жұмысына сырттан баға беріп қана қоймай, мәселені нақты көзбен көрудің маңызы зор деп есептеймін. Себебі егіншінің еңбегі судың дұрыс реттелуіне тікелей байланысты, – дейді шаруашылық төрағасы.

Егін шаруашылығында су мәселесінің маңызы ерекше. Биыл шаруалар үшін күрделі мәселе – қашыртқыға жиналған суды егістік алқаптарынан тиімді шығару болды. Кей жерлерде судың тұйыққа тірелуі егіс жұмысына белгілі бір қиындық туғызған.

Қожалық тек күріш өсірумен шектелмейді. Мал азы­ғымен Тереңөзек кенті мен бірқатар ауыл халқын қам­тамасыз ету мақсатында жоңышқа егістігі де бар. Шаруашылықта 140 гектар ескі жоңышқа және 80 гектар жаңа жоңышқа алқабы игерілуде. Межелі жұмыс алдағы уақытта мал азығына деген қажеттілікті қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Ауыл шаруашылығындағы жұмыстың өнімді болуы техниканың жағдайына да тікелей байланысты. Бұл ретте, «Бақ» шаруа қожалығының техника қоры жеткілікті деңгейде. Қолда бар техниканы тиімді пайдалану, уақытылы жөндеу және өндірістік жұмыстарды дұрыс жос­парлау – егіс науқанын белгіленген мерзімде аяқтаудың басты тетігі.

Шаруашылықтың бүгінгі тыныс-тіршілігінде инвес­тор Бақдәулет Мақашовпен бірлескен жұмыстардың да өзіндік орны бар. Бірлесе атқарылып жатқан жұмыстар шаруашылық қызметін оңтайландыруға, қолда бар мүмкіндіктерді тиімді пайдалануға және өндірістік үдерістерді жүйелеуге мүмкіндік беріп отыр.

– Қазіргі таңда ауыл шаруашылығында бұрынғыдай тек жерге егін егіп, өнім күтумен шектелуге болмайды. Әр гектардың есебін жасап, техниканы, суды, еңбек ресурсын тиімді пайдалану керек. Осы тұрғыдан алғанда инвестор Бақдәулет Мақашовпен бірлесе жұмыс жүргізіп, шаруашылықтың қызметін оңтайландыруға басым­дық беріп келеміз. Мұның барлығы түптеп келгенде еңбек өнімділігін арттырып, шаруашылықтың тұрақты жұмыс істеуіне бағытталған, – дейді қожалық төрағасы.

Бүгінде ауыл шаруашылығы саласында еңбек етіп жүрген жандардың алдында үлкен міндет тұр. Табиғи жағдайдың құбылмалылығы, су тапшылығы, өндірістік шығындар мен нарықтағы өзгерістер – мұның барлығы шаруадан ширақтық пен төзімділікті талап етеді. Осындай сын-қатерлерге қарамастан, «Бақ» шаруа қожалығының еңбек ұжымы өз міндетін абыроймен атқарып келеді.

– Осы шаруашылықты басқарып келе жатқаныма биыл 14 жыл болды. Осы жылдар ішінде талай қиындықты көрдік, талай істі еңсердік. Бірақ қандай жағдай болмасын, шаруаның еңбектен басқа амалы жоқ. Жерге дән себілгеннен кейін оны күтіп-баптау, суын жеткізу, уақытында қажетті жұмыстарды жүргізу – бәрі үлкен жауапкершілікті талап етеді. Біздің басты күшіміз – еңбекқор ұжымымыз.

Жалпы, Қалжан ахун ауылындағы «Бақ» шаруа қожалығының жұмысы – ауыл шаруашылығын дамытудағы тынымсыз еңбектің нақты көрінісі. Күріш алқабындағы әрбір гектардың өнімділігін арттыру, су мәселесін тиімді шешу, техниканы ұтымды пайдалану, жоңышқа көлемін сақтап, мал азығын қамтамасыз ету және шаруашылықтың өндірістік жұмысын оңтайландыру бағытында жүйелі жұмыс атқарылуда.

Диқан үшін егіс даласындағы әр күн – жауапты кезең. Қазір шаруашылық ұжымы да егістіктің жағдайын жіті бақылап, орақ науқанының аяқталуына дайындық жүргізуде. Көктемде жерге себілген дәннің күзде алтын дәнге айналып, ел ырысын еселеуі – шаруаның басты мақсаты.
Қазақта «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» деген сөз бар. Бүгінде осы ұстанымды ту еткен «Бақ» шар­уа қожалығының еңбеккерлері де ауыл шаруашылығының ауыртпалығын абыроймен арқалап, елдің азық-түлік қорын молайтуға өз үлестерін қосып келеді.

Балтабай ОРДАБЕКОВ
06 қазан 2026 ж. 46 0