Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

№76 газет

06 қазан 2026 ж.

№75 газет

03 қазан 2026 ж.

№74 газет

29 қыркүйек 2026 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1234
567891011
12131415161718
19202122232425
262728293031 
» » Кітап оқыған елдің келешегі кемел

Кітап оқыған елдің келешегі кемел

Кітап – адамзаттың сан ғасыр бойы жинақтаған рухани қазынасын ұрпақтан-ұрпаққа жеткізетін баға жетпес құндылық. Ол адамның ой-өрісін кеңейтіп қана қоймай, дүниетанымын қалыптастырып, сөз мәдениетін жетілдіреді, ізденуге, пайымдауға және терең ойлауға жетелейді. Сондықтан кітап оқу мәдениетін қалыптастыру – жеке адамнан бөлек, тұтас қоғамның интеллектуалдық әлеуетін арттыратын маңызды бағыт. Осы ретте елімізде кітап оқу мәдениетін дамытуға бағытталған «Кітап оқитын ұлт» жобасының қолға алынуының маңызы зор. Жобаның негізгі мақсаты – Қазақстанды әлемдегі ең көп кітап оқитын он елдің қатарына қосу. Бұл бастама Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айқындаған басым бағыттармен сабақтасып, қоғамда оқу мәдениетін орнықтыруға бағытталған.

Маңызды бастаманың өңірлерде кеңінен қолдау тауып, кітапханалар мен оқырмандарды ортақ мақсатқа жұмылдыруы – көңіл қуантатын жағдай. Соның бір айғағы – өңірімізде облыстық Әбділда Тәжібаев атындағы әмбебап кітапханасы ұйымдастырылып отырған «Үздік оқырман – 2026» байқауы. Аталған байқау оқырманның әдеби шығармаға деген қызығушылығын арттырып қана қоймай, кітапхана мен оқырман арасындағы байланысты нығайтуға мүмкіндік беруде.

Байқаудың негізгі міндеті қатарында кітап оқу дәстүрін қалыптастыру, тұрғындарды кітап оқуға баулу, кітапханаға жаңа оқырмандар тарту, ұлттық әдебиетті насихаттау және кітапхана мен кітапханашылардың қоғамдағы рөлін арттыру бар. Яғни жоба аясындағы әрбір іс-шараның түпкі мақсаты – кітапты күнделікті өмірдің ажырамас бөлігіне айналдыру.

«Үздік оқырман – 2026» байқауы Сырдария ауданында жоғары деңгейде жүзеге асып, аудан тұрғындарының кітап оқуға деген қызығушылығын айқын көрсетті. Байқаудың алғашқы кезеңінде қатысушылар Оралхан Бөкейдің «Ұйқым келмейді» шығармасы бойынша өз білімдерін сынады.

Бірінші кезеңге аудан бойынша 2000-ға жуық оқырман тіркеліп, оның ішінде 805 адам қатысуы – кітап оқуға деген сұраныстың бар екенін көрсетеді. Байқауға әртүрлі жастағы оқырмандардың белсенді араласуы да оның ауқымын кеңейте түсті. Нәтижесінде, 60-тан аса қатысушы екінші кезеңге жолдама алды.

Айта кетейік, бір жағынан, байқауға қатысушылардың кітапты жай ғана оқып шығумен шектелмей, шығарма мазмұнын терең меңгеруге талпынғанын көрсетсе, екінші жағынан, аудан кітапханаларында оқырманмен жүргізілетін жүйелі жұмыстың нәтижесін аңғартады. Сырдариялық оқырмандар енді байқаудың екінші кезеңінде Тынымбай Нұрмағанбетовтің «Періштелердің өлімі» және Смағұл Елубайдың «Ақ боз үй» шығармасы бойынша бақ сынайды.

«Үздік оқырман – 2026» байқауы оқырман мүмкіндігін кеңейте түсетін маңызды жоба. Себебі байқау барысында оқырман белгілі бір шығарманы оқуға, оның мазмұнын зерделеуге, кейіпкерлерін талдауға, автордың ойын түсінуге ұмтылады. Мұның барлығы адамның ойлау қабілетін дамытып, сөздік қорын молайтып, әдеби талғамын қалыптастырады.

Сырдария аудандық орталық кітапханасының директоры Рүстембек Бәйділдаевтың айтуынша, мұндай байқаулардың оқырман үшін де, кітапхана үшін де маңызы ерекше.

– Кітап оқу – адамның рухани дамуына тікелей әсер ететін маңызды әдет. «Үздік оқырман-2026» байқауы арқылы біз тұрғындарды белгілі бір шығармаларды оқумен қатар әдебиетке тереңірек үңілуге шақырып отырмыз. Алдағы кезеңдерде қатысушылардың әдеби шығармаларды талдау, есте сақтау және өз білімдерін көрсету деңгейі сыналады. Біздің мақсат – байқау арқылы үздік оқырманды анықтау, аудан тұрғындарының арасында тұрақты кітап оқу дәстүрін қалыптастыру. Бұл үдеден шығу барысында облыстық Әбділда Тәжібаев атындағы әмбебап кітапханасы ұжымының үлесі зор, – дейді Рүстембек Бәйділдаев.

Жоба аясындағы шығармалардың қатарында Оралхан Бөкей, Тынымбай Нұрмағанбетов, Смағұл Елубай, Сұлтанәлі Балғабаев, Қабдеш Жұмаділов, Дулат Исабеков секілді қаламгерлердің еңбектерінің қамтылуы да қазақ әдебиетінің түрлі кезеңдері мен тақырыптарын танып-білуге мүмкіндік береді. Байқаудың кейінгі кезеңдерінде қатысушылар Сұлтанәлі Балғабаевтың «Қара жоң мінген шал Абыл», Қабдеш Жұмаділовтің «Тағдыр», Дулат Исабековтің «Қарғын» шығармалары бойынша сынға түседі. Бұл туын­дыларды оқу арқылы оқырмандар әдеби шығарманың мазмұнын меңгерумен қатар, әр дәуірдің тынысын, адам тағдырын, қоғамдық өзгерістерді көркем әдебиет арқылы зерделей алады. Байқаудың ерекшелігі – мұнда кітап оқуға деген қызығушылық тек жеке қатысушы деңгейінде қалмай, ауыл, аудан, кітапхана және еңбек ұжымдарын да қамтиды. Үшінші кезеңнің қорытындысы бойынша жеңімпаздарға бас жүлде – 1 миллион теңге, бірінші орынға – 700 мың теңге, екінші орынға – 500 мың теңге, екі үшінші орын иегеріне 300 мың теңгеден және үш қатысушыға 100 мың теңгеден ынталандыру сыйлығы табысталады.

Жоба аясында «Рухани белсенді ауыл», «Айшықты аудан», «Ұтқыр ұжым», «Кемел кітапхана», «Зерделі ұрпақ», «Кітапқұмар оқырман», «Мерейлі маман», «Сана сәулесі», «Зейін мен зерде», «Шарапат шырағданы», «Ойлы оқырман», «Әмбебап оқырман», «Тарих тамыршысы», «Тапқыр оқырман» секілді арнайы номинация қарастырылған.

Сырдариялық оқырмандар үшін алдағы кезеңдер жаңа шығармаларды танып, білімдерін саралап, әдебиетке деген қызығушылықтарын арттырудың тағы бір мүмкіндігі болмақ. Ал байқаудың басты нәтижесі жүлде мен марапаттан да биік – ел ішінде кітап оқитын, ойланатын, ізденетін, рухани дүниесі бай оқырман қауымның қалыптасуы. Кітап оқыған ұрпақ – өткенін таниды, бүгінін бағалайды, болашағын байыппен бағамдайды. Сондықтан кітап оқу мәдениетін қалыптастыру – қоғамның интеллектуалдық және рухани келешегіне салынған маңызды инвестиция.


Б.АЯБЕКҰЛЫ

06 қазан 2026 ж. 67 0