Сарқыттың да сұрауы, сынаудың да шегі бар
Адамның жасы ұлғайған сайын ақылы толысып, өмірден көргені көбейіп, әр істің байыбына бара білуі заңдылық секілді. Бірақ жас ұлғайған сайын адамның бойына тек тәжірибе емес, әдеп, сабыр, қанағат, ұят секілді қасиет те қатар орнығуы керек емес пе? «Жасы үлкеннің жолы үлкен» деп қазақ қартын төрге отырғызған. Үлкеннен өнеге, сөзінен ғибрат күткен. Алайда кейде жасы үлкен адамның өзі көпшілік ортада кейінгі ұрпаққа үлгі боларлық істі жасаудың орнына, керісінше, ойлантатын әрекет жасап жататынын көріп қаламыз.
Мәселен, ас-құдайы мен той-томалақта сарқыт алудың әдебіне тоқталған жөн секілді. Сарқыт – халқымыздың ежелден келе жатқан жақсы дәстүрі. Сарқытты бұрын дастарқандағы дәмнен үлес, берекеден белгі деп қабылдаған. Тойға, асқа келе алмаған үйдегі үлкенге, бала-шағаға немесе сырқат адамға арнайы дәм алып қайту – қазақтың қонақжайлығы мен ағайынға деген ықыласының көрінісі болған. Яғни сарқыттың түпкі мәні – «өзіме алайын» деген нәпсіні жоғары қоймайды. «Үйдегілер де осы дәмнен ауыз тисін» деген ниетте болады. Өкінішке қарай, бүгінгі күні осы бір жақсы дәстүрдің мәні кей жерде өзгеріп бара жатқандай.
Қазір асқа да, тойға да барған кейбір адамның дастарқан жинала бастағанда сарқытқа ерекше асығатынын байқаймыз. Үлкені де, кішісі де «үйге ала кетейін» деп, алды-артын ойламай, дастарқаннан өзіне қажеттісін ғана емес, артығымен алуға ұмтылатын жағдай кездеседі. Тіпті кейде сарқыт алудың өзі жарысқа айналып кететіндей. «Мынаны да орап беріңізші», «анау қалған еді ғой», «мына табақтағыны да салып жіберіңіз», «үйдегілерге алып барамын» деген сөз айтылып жатады. Үй иесі қонақтың көңілін қимай, үндемейді. Бірақ сырттай қарап тұрған адамның өзіне ыңғайсыз көрінетін сәт болады. Ең өкініштісі, мұндай әрекеттің кейде үлкен кісінің өзінен көрінуі.
«Үлкенді көрген – өнеге алады» дейміз. Сонда кейінгі буын кімнен үлгі алмақ? Сарқыттың өзі ұят емес. Ұят – сарқыттың шегін білмеу. Сарқыт алу – әдеппен жасалса, жақсы дәстүр. Ал өзгенің несібесіне қол сұғып, дастарқанды бөліске салғандай әрекет ету – дәстүрдің атына кір келтіреді. Қазақ «Қанағат қарын тойғызар, қанағатсыздық жалғыз атын сойғызар» деп бекер айтпаған.
Үй иесі ықыласпен «сарқыт болсын» деп ұсынса – алуға болады. Үйдегі бала-шағаға, үлкенге, сырқат жанға дәм апару үшін алсаңыз – бұл жақсы ниет.
Ал «тойдан құр қайтпайын», «үйге не алып барамын?» деп дастарқандағының бәрін меншіктеп кетуге тырысу – сарқыттың мәнін түсінбеу. Қазақта «Сарқыт – сыйластықтың белгісі» деген түсінік бар.
Ендеше сыйластық бар жерде ыңғайсыздық болмауы керек.
Бүгін бізге «сарқыт алма» деп айту міндет емес. Керісінше, «сарқыттың да әдебі бар» деп түсіндіру қажет. Сарқыт – үйге алып қайтатын зат ретінде көрмей, ол – дастарқаннан берілген дәмнің жалғасы ретінде көрейік. Оны алған адам «маған да берілді» деп емес, «маған сеніммен ұсынылды» деп қабылдаса, оның мәні өзгереді.
Тағы бір көңілге қаяу түсіретін жайт – қазалы үйге көңіл айта барғандағы кейбір адамның дастарқанды сынауы. Қайғы құшағындағы шаңыраққа адам көңіл айту үшін барады. Оның мақсаты – қаралы отбасының қайғысын бөлісу, сабырға шақыру, дұға жасау, артында қалған ағайынға демеу болу. Ал кейде дастарқанға отыра сала: «мынау неге аз, еттің түрі неге мұндай, пәленшенің асы бұдан жақсы еді, мына жерде мынадай тағам жоқ екен, шайдың мынауы дұрыс емес екен» деген секілді сөз айтылып жатады. Өрескел қылық – ең алдымен, қазалы үйдің көңіліне қарамау. Қайғы үстіндегі адамнан дастарқанның сәнін, ас-суының түрін талап етуге бола ма? Қаралы үйдің жағдайын кім біледі? Бәлкім, сол шаңырақтың бар ойы қара жамылған жақынының артында қалған аманатын өтеуде, ағайынның басын қосып, марқұмның рухына бағышталған дұғаны қабыл алуда шығар. Сондықтан қазалы үйдің дастарқанына баға беруден бұрын, сол үйдің жүрегіндегі қайғыны сезіне білуіміз керек. «Қонақ аз отырып, көп сынайды» деген сөз бар. Бірақ көңіл айтуға барған адам одан да сақ болғаны жөн. Себебі ол жер – қонақ күтетін думанды орта емес, қайғы бөлісетін қасиетті орын. Қазақ «Ас – адамның арқауы» деген. Бірақ ас адамның арқауы болғанымен, оны сынау адамның парасатының өлшеміне кірмейді.
Дәстүрді сақтау – оның сыртқы формасын қайталау болмайды. Оның ішкі мағынасын түсіну. Сарқыт алсақ – бөлісу үшін алайық. Асқа барсақ – берекені көбейтуге, тойға барсақ – қуанышты бөлісуге, қазалы үйге барсақ – қайғыны жеңілдетуге барайық. Дастарқанға отырсақ – ризашылықпен отырайық. Біреудің берген асына қарасақ – кемшілігіне үңілмей, ниетін көрейік. Сонда ғана дәстүрдің қадірі артады.
Қорыта айтқанда, қазақтың дастарқаны ешқашан жай ғана тамақ ішетін орын болмаған. Дастарқан басында үлкен бата беріп, кіші тыңдаған. Ағайын әңгіме айтып, жақсы сөз жария болған.
Фото: ашық дереккөзден









