Үздік күрішші
Сыр елінің басты дақылы – ақ күріштен тау тұрғызған сырдариялық диқан қауымы енді аз күнде егін жинау науқанын аяқтайды. Биылғы жылы астықтан тау тұрғызған күрішшілердің қатарында «БАҚ» шаруа қожалығының күрішшісі Ерлан Нұрымбетов те бар. Науқанды үздік аяқтаған күрішші өзіне тиесілі егілген 58 гектар Сыр салысынан 75,5 центнерден өнім алып, шаруашылықтың алдыңғы қатарлы күрішшісі атанды.Егін шаруашылығына ерте араласқан Ерлан Сейітасанұлы – Қызылдиқанның тумасы. Ол жастайынан жердің бабын тауып, күріштің күтімін бір адамдай біліп ержетті. Көрші ауыл Қалжан ахунға коныс аударған оның отбасы осындағы шаруашылықта егін егіп, тәжірибе жинап, күріш егудің қыр-сырына қанығады.
«Еңбектің көзін тапқан, байлықтың өзін табады» деген қазақтың даңғайыр диқаны Ыбырай Жақаевтың қанатты сөзі өзі секілді диқаншылар үшін ұранға айналған. Күріш атасының жерге түскен дәнді мәпелеп, өсірсе, төгілген маңдай тердің жемісі болатынын, еңбектің түбі береке-байлық екендігін дәлелдегені күрішшіге әрдайым сенім берді. Совхоз тарағанша шаруашылықта еңбек етіп, кейін әртүрлі жұмыс істеп, екі қолға бір күрек табылды.
– Ерте көктемнен басталған қарбалас сәт өтті, ала жаздайғы еңбегіміздің жемісін көретін кез де келді. Биыл судан тапшылық көрмедік. Күн сайын бойын түзеп өскен дәнді көріп, оның бабын жасаған еңбегіміз қайтты. Атыз аралап, егіс жағалап, қолымыздан кетпенімізді тастамай күріштің ауруға ұшырамай өсуіне жағдайын жасадық. Басшылықпен, бригадирмен кеңесіп, уақытылы тыңайтқышы да берілді. Күріш ауруының алдын алдып, дәрі-дәрмектен де тапшылық көрмедік. Биыл шаруашылықтың алды болып, жоғары көрсеткішке қол жеткіздік, – дейді қожалық күрішшісі Ерлан Сейітасанұлы.
Өз бақытын еңбектен тапқан қарапайым күрішші «БАҚ» шаруа қожалығында соңғы төрт жылдан бері егін егеді. Жыл сайын тәжірибесі толысқан диқан биыл алдыңғы қатарлы күрішшінің қатарында.
Күрішшінің адал еңбегінің арқасында биыл күріш мол өнім берді. Диқан еселі еңбек сіңіріп, маңдай терімен молшылықтың дәнін сепкен еңбекқорлығымен құрметке бөленуде. Оның ата кәсіпке адалдығы көпке үлгі.
Биылғы жылдың егін егу маусымына дайындықтан бастап, суға бастырылған күрішті, жаз бойы күтіп баптады. Бұл кезеңде зиянкестермен күрес, тыңайтқыш беру, судың деңгейін бақылау секілді маңызды жұмыс тыңғылықты жүргізілді. Егін орағы басталғанда, қожалық еңбеккерлері жауын-шашынға қалмай күндіз-түні тыным таппай егістік толық жиналды. Әр күнді есепке алып, кідіріс пен бейқамдыққа жол бермей қаншама адам егін басынан табылды. «Бір дәнде мың адамның еңбегі бар» деп бекер айтылмаған. Тек диқанның ғана емес, тұтас ұжымның маңдай тері төгілді. Шаруашылықта әр жұмысшының еңбегі бағалы.
Иә, биыл «БАҚ» шаруа қожалығында ақ күріштің ырысы артып, мерейі биіктеген диқаншы қауымының еңбегі еселене түсті. Күріш шаруашылығын дамытуға үлес қосып жүрген озат күрішші Ерлан Нұрымбетов адал еңбектің айқын үлгісін көрсетті.
Бибісара ЖАНӘЛІ









