Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

№76 газет

06 қазан 2026 ж.

№75 газет

03 қазан 2026 ж.

№74 газет

29 қыркүйек 2026 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1234
567891011
12131415161718
19202122232425
262728293031 
» » Өтірік айтудың үкімі ауыр

Өтірік айтудың үкімі ауыр

Адамның бойындағы жақсы қасиет ол – шыншылдық. Шындықты ту еткен адам айналасына сенім қалыптастырып, сөзіне берік, ісіне жауапты бола түсетіні белгілі. Ал өтірік айту – адамды осы ізгі қасиеттен алыстатып, мінез-құлқына кері әсер ететін жағымсыз әдет.

Ислам дінінде өтірік айту құпталмайды. Құран Кәрімде шындықты ұстану, әділ болу, жалған сөзден аулақ жүру туралы ескертіледі. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) хадисінде де шыншылдықтың адамды жақсылыққа, ал өтіріктің жамандыққа жетелейтіні айтылған. Сондықтан мұсылман адам қандай жағдайда да мүмкіндігінше шындықты айтуға, өз сөзіне жауап беруге ұмтылуы қажет.

Өтіріктің қауіптілігі – оның бір рет айтылған сөзбен ғана шектелмеуінде. Адам алғашында бір жағдайдан шығу үшін, жауапкершіліктен жалтару үшін немесе өзін жақсы жағынан көрсету мақсатында өтірік айтуы мүмкін. Бірақ өтірік қайталана берген сайын ол адамның мінезіне сіңіп, бірте-бірте әдетке айналады. Тіпті уақыт өте келе адам шындықты айтуға болатын жерде де өтірікке жүгінетін жағдайға жетуі мүмкін.

Өтірікпен бірге айлакерлік те қалыптасады. Айлакер адам өзінің шынайы ойын жасырып, өзгені алдауға, әр жағдайдан өз пайдасына қарай жол табуға тырысады. Мұндай мінез алғашында «ептілік» немесе «тапқырлық» сияқты көрінуі мүмкін. Алайда оның түпкі нәтижесі адамның айналасындағы адамның сенімінен айырылуына әкеледі. Себебі біреуді алдауды әдетке айналдырған адамның сөзіне уақыт өте келе ешкім сенбейтін болады.

«Өтіріктің құйрығы бір-ақ тұтам» деген қазақ халқының даналық сөзі де осыны меңзейді. Жалған сөзді жасыру үшін адам екінші, одан кейін үшінші өтірікті айтуға мәжбүр болады. Осылайша бір өтірік бірнеше өтіріктің басталуына себепкер. Соның салдарынан адамның өзі де айтқан сөзінің арасында шатасып, шындық пен жалғанның ара-жігін ажыратудан қалады.

Өтірік адамның ішкі дүниесіне де кері әсер етеді. Үнемі өзін ақтауға, біреуді алдауға, шындықты жасыруға тырысқан адам біртіндеп ар-ұятқа деген сезімталдығын жоғалтуы мүмкін. Ал жақсы мен жаманды ажыратудағы ең маңызды өлшем – адамның өз-өзіне есеп бере білуі. Демек, әр адам «Мен не үшін өтірік айтып тұрмын? Бұл сөзім кімге зиян келтіреді? Ертең осы ісімнің салдары қандай болады?» деген сауалды өзіне қоя білуі керек.

Әсіресе бала тәрбиесінде бұл мәселеге ерекше мән берген жөн. Бала үлкеннен көргенін қайталайды. Үйде ата-ана өтірікті қалыпты нәрсе ретінде қабылдап, «мынаған айта сал», «мынаны жасыра тұр» деген секілді сөзге жиі жол берсе, бала да өтірікті күнделікті өмірдің бір бөлігі ретінде қабылдауы мүмкін. Бұл ретте баланы кішкентайынан шындықты айтуға, қателессе мойындауға, жасаған ісіне жауап беруге тәрбиелеу – ата-ананың маңызды міндеті.
Адамның қателесуі – табиғи нәрсе. Бірақ қателікті жасыру үшін өтірік айту – мәселені шешпейді. Керісінше, оның көлемін ұлғайтады. Шындықты мойындау кейде қиын болуы мүмкін, алайда шындықты айту арқылы адам өз қатесін түзетуге мүмкіндік алады. Ал өтірік уақытша қиындықтан құтқарғанымен, кейін одан да үлкен мәселеге себеп болуы ықтимал.

Шыншылдық – адамның беделін қалып­тастыратын асыл қасиет. Сенімге ие болу үшін көптеген жыл қажет, ал бір ғана өтірік сол сенімді бұзуы мүмкін. Әр адам өз сөзінің қадірін біліп, өзгенің сенімін бағалауы тиіс.

Қорыта айтқанда, өтірік – жай ғана жалған іс-әрекетке жатпайды. Адамның мінез-құлқына әсер ететін қауіпті әдеттен арылған абзал. Ол қайталана келе адам бойына сіңіп, айлакерлікке, жауапсыздыққа, сенімсіздікке алып келуі мүмкін. Сол себепті шындықты айту, қателігін мойындау, өзгені алдамау – адамды рухани тұрғыдан кемелдендіретін маңызды қасиет. Адал сөз бен таза ниет адамның абыройын арттырса, өтірік пен айлакерлік оның өзіне де, айналасына да зиян келтіреді.

Фото: ашық дереккөзден
06 қазан 2026 ж. 61 0