Дәрігерлік амбулатория: денсаулыққа қызмет етеді

Ауылдық округ халқы үшін фельдшерлік-акушерлік бекет болып осыдан 50 жыл бұрын ашылған мекеменің алғашқы акушері ретінде Гүлзада Сарымбаева, фельдшерлер Болат Қосанов, Рабиға Үсенбай, медбике Мереке Сейітжанованың есімі құрметпен аталады. Алтын қолды медицина мамандары ұзақ жыл осы салада еңбек етіп, әрбір тұрғынның денінің саулығына қызмет етті.
2013 жылы жаңа ғимаратқа көшкен медициналық бекет 2020 жылы ауыл халқы санының өсуіне орай дәрігерлік амбулатория болып қайта құрылымдалды. Дәрігерлік амбулаторияда ауырып ем іздегендерге жалпы тәжірибелі дәрігер Әсем Сүйінішбаева, акушерка Жанар Тұсмағанбетова, медбикелер Қарлығаш Қайрлаева, Ақшолпан Бекболат, Нұргүл Тамабаева, Ақмаржан Әлшерова, кіші буын қызметкерлері Жамила Арысбаева, Аида Баржақсиева қызмет көрсетеді. Ақ халатты абзал жандар ауылдың еңкейген қариясынан бастап, жаңа туған сәбидің денсаулығын жіті қадағалап, ел-жұрттың ризашылығына бөленуде.
Емдеу мекемесі өткен жылдың соңында табиғи газға қосылғандықтан іші жылы, келіп қаралушыларға жайлы жағдай жасалған. Күнделікті оннан аса науқастарды қабылдап, ем-шара жүргізуге ыңғайлы амбулаторияда бұрын күндізгі стационар жұмыс істеген. Ол кезде науқастарға бір мезгіл жатып ем алуына жағдай жасалса, қазір басы ауырып, балтыры сыздағандар дәрігер тағайындаған емді амбулаториядан алып, үйіне қайтарылады.
– Біздің басты міндетіміз – аурудың алдын алу, науқастың диагнозын қойып, уақытында ем-шара қолдану. Халықты дәрігерлік тексерістен өткізіп тұру. Осы күні ауылда 1633 халық бар. Диспансерлік есепте – 282 адам тұрады. Мүмкіндігі шектеулі адамдар – 33, 14 жасқа дейінгі балалардың саны – 528, ұрпақты болу жасындағы әйелдер саны – 232. Дәрігерлік амбулаторияның мамандары тұрғындардың уақытылы дәрігерге қаралуына, скринингтен өтуіне, екпе алуларына күнделікті жұмыс жасайды, – дейді ауыл дәрігері Әсем Сүйінішбаева.
Шағын ғимаратта орналасқан ауылдық дәрігерлік амбулаторияда дәрігердің қабылдау бөлмесі, акушерканың көру бөлмесі, ем-шара жасалатын бөлме, химизатор бөлмесі бар. Сапалы медициналық көмек көрсету және науқастардың тезірек сауығып кетуіне барлық жағдай жасалған. Әсіресе, егде жастағы кісілерге ерекше көңіл бөлінеді. Ана мен балаға жағдай жасау үшін арнайы бөлме жабдықталуда. Бастысы Сейфуллиндіктер аудан орталығына бармай-ақ ауылдық амбулатория дәрігеріне қаралып, ем-шара алады.
– Ауылдағы медициналық мекеменің бүгінгі жұмысына ризамыз. Ауырмайтын адам жоқ, сондықтан тұрғындар дәрігердің қарауында болып, тағайындаған емін осында келіп алады. Ауыл тарихымен бірге жасап келе жатқан емдеу мекемесінің қызметкерлерінің уақытпен санаспай медициналық көмекті көрсетуде. Оқыс жағдай орын алғанда алдымен жедел көмекке келетін медбикелер. Тұрғындардың үйін аралап, ауырып жатқандарға көмек көрсетіп, балалы үйлерге барып, уақытылы екпесін алуына шақыртатын да медбикелер, – дейді ауыл тұрғыны Зәуре Керейтбаева.
Айту керек, өткен жылы ауылда 39 нәресте дүниеге келген. Медицина мамандары уақытпен санаспай әрбір тұрғынның денсаулығын қадағалауда аса жауапкершілік танытады.
Бибісара ЖАНӘЛІ