Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Нысандар жаңаруда

Нысандар жаңаруда


Бас ауырып, балтыр сыздағанда барлық жан­ның баратын жері емхана. Ем-дом іздеп келген­дер дәрігерге тез қаралып, ауруынан жылдам айыққанын қалайды. «Қай жерің ауырса, жа­ның сол жерде» дегендей өзі ем іздеп келгенде медициналық пункт немесе емхананың жағдайы сын көтермесе, оның ішінде қажетті құрал-жабдықтар болмаса, адам денсаулығы одан сайын күрт төмендейтіні белгілі. Сондықтан Елбасы Жолдауында ауылдық жерлердегі медициналық көмек сапасын арттыруды тапсырды. Бұл орайда, ауданда ауыз толтырып айтарлықтай жұмыс бар. Мәселен, 40 мыңға жуық сырдариялыққа медициналық қызмет көрсететін елді мекендегі дәрігерлік амбулаториялар мен емханалар жаңарған. Атап айт­қанда, соңғы 5 жыл көлемінде республикалық және облыстық бюджет қаражаты есебінен аудан орталығындағы емхана, ауылдарда 4 дәрігерлік амбулатория, 1 фельдшерлік акушерлік бекет жа­ңадан салынды. Ал биылғы жылы мемлекеттік жекешелік әріптестік тетіктерін кеңінен қолдану барысында Ақжарма ауылындағы жаңа дәрігерлік амбулатория тұрғындар игілігіне берілді. Алдағы жылы тағы да дәрігерлік амбулатория салыну жос­парда бар. Яғни, аудан көлемінде медициналық бекеттер жыл артқан сайын жаңарып, қызмет сапасы да артып келеді деген сөз. Оған қоса, осы жаңа ғимараттар қажетті құрал-жабдықтармен қамтылып, дәрігерлер біліктіліктерін жоға­ры­ла­туда. Соған сай, тұрғындар денсаулығы жақ­сарып, қазір халықтың ақ халатты абзал жан­дарға деген көзқарасы түзеліп келеді.
Оған денсаулық сақтау саласын дамытудың 2016-2019 жыл­дарға арналған «Денсаулық» мем­лекеттік бағдарламасының ти­гіз­ген пайдасы зор. Аталмыш бағдарлама аясында медициналық қыз­мет сапасын арттыру, халықты қолжетімді медицинамен қамтамасыз ету, профилактикалық медицинаны дамыту, ана мен бала денсаулығын қорғау, алғашқы медико-санитариялық көмекті же­тілдіру, сондай-ақ аудандағы емдеу және алдын алу ұйымдарының материалдық-техникалық базаларын нығайту, нысаналы көрсеткіштерге қол жеткізу бағыты жүзеге асырылып, соның негізінде біршама іс-шаралар қолға алынған. Оның бас­ты индикаторларына жалпы өлім-жітім, оның ішінде қан айналым жүйесі, жарақат пен жазатайым жағдайлар, ана және бала өлімі, туберкулез және қатерлі ісік ауруларының алдын алу жатады. Міне, осы көрсет­кіштер негізінде жүйелі жұмыс жасаған ауданның медициналық қызметкерлері осы жыл­дың үш тоқ­сан қорытындысымен «жасыл» аймаққа еніп отыр. Демек, кезең-кезеңімен дәрігерлердің өз білік­тіліктерін арттырып, халық денсаулығын үнемі бақылаудың арқасында ауданда ауру асқынулары, өлім-жітім (ОИМ, ОНМК, бала өлімі) азайып келеді. Тұрғындардың өмір сүру ұзақтығының тұ­рақты көтерілуі де байқалуда. Сондықтан аудан көлемінде жаңадан салынып жатқан емханалар, сапалы медициналық қызмет көрсету бағытындағы ауқымды жұмыстар өз нәтижесін беріп, ұлт саулы­ғын қалыпты деңгейде ұстауға септігін тигізіп отыр.
31 қазан 2018 ж. 822 0