Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

№ 76 газет

07 қазан 2025 ж.

№ 75 газет

04 қазан 2025 ж.

№ 74 газет

30 қыркүйек 2025 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031 
» » Аға рухына тағзым

Аға рухына тағзым

Адамға ең бірінші тәрбие мен білім, ыждаһаттылық, біліктілік, өткеннің ғибрат сабағын бойға сіңіру керек. Сонда ғана ол көптің қамын, ұрпақ болашағын ойлайды. Өмір – мүмкіндік, пайдалана білу, өмір – сұлулық, сүйсіне білу, өмір – арман, жүзеге асыруға талпыну, өмір – тылсым, құпия сырын ашу, өмір – қайғы, көтере білу, өмір – бақыт, баянды ету, өмір – күрес, жеңе білу керек.

Жетістіктің кілті – талап пен еңбек, ісіне жауапкершілікпен қарап, алға қойған мақсатыңнан айнымасаң, тындырымды болсаң, мұратыңа жетесің. Міне, осы тағылымды біз өткен ғасыр­дың отызыншы жылдардың аяғын­да дүниеге келген, балалық шағы Ұлы Отан соғысы жылдарымен қатар келіп, еңбекке ерте араласқан, қанша­ма қиындық көргенмен білім алуға талпынған, соның арқасында халық шаруашылығының сан саласын көтер­ген аға ұрпақтың өмірінен аламыз. Бүкіл саналы ғұмырын өскелең ұрпаққа білім мен тәрбие беруге арнаған Камаладин Наурызбаев ағамыз осындай жан еді.


Ол өзінің 2019 жылы жазған өмір­баянының «Ата тегім» атты еңбегінде: «Мен, 1937 жылы Сырдария ауданындағы (бұрынғы Тереңөзек ауданы) Шіркейлі ауылында дүниеге келдім. Әкем Наурызбай Әбдіқадыров 1942 жылы әскерге алынып, көп ұзамай Сталинград түбегінде қаза тап­қаны жайлы «қара қағаз» келген. 1944-1945 жылдары колхозда күріш отағына қатысып, масақ теріп, тұқым тазаладық, шаруашылықтың басқа да жұмыстарына араластық» деп жазады.

Кәмекең ағамыз балалық шақтың кермек дәмін көп татты, жесір әйел, жетім баланың жағдайы соғыстан кейін де түзеле қойған жоқ. Колхоздың қысы-жазы бір тынбайтын жұмысына қанша жегілсе де, оқудан қол үзбеді. Жанайын деген бір от кеудесін кернеді де тұрды, оның үстіне Мұхаммед (с.ғ.с) пайғам­бардың төрт халипінің бірінен тарайтын текті тұқымнан еді. Орта мектептен кейін Қызылорда қаласындағы Н.В.Гоголь атындағы педагогикалық институттың филология факультетіне түсіп, оның орыс бөлімін үздік бітіреді де, еңбек жолын Шіркейлі ауылындағы №129 мектепте мұғалім болып бастайды.

Өресі биік, оның үстіне көп оқитын, үнемі ізденетін Камаладин ағамыз мықты мұғалім болды. Тәжірибе жинақ­таған кезінен бастап-ақ орыс тілі мен әдебиеті мұғалімдерінің аудан­дық әдістемелік бірлестігінің жетекшісі ретінде сол кезде аса мән берілетін осы пәнді оқытудың методикасын жетілдіру және жаңашыл мұғалімдердің тәжірибесін тарату жөнінде көп жұмыс жасады. Осы жыл­­дары екі рет облыстық, бір рет республикалық педагогикалық оқу­да баяндама жасады. Мектеп оқушы­ларына сабақтан тыс уақытта идея­лық-рухани тәрбие берудің келелі мәсе­лелері тақырыбында облыс мұ­ғалім­дерінің апталық, айлық курстарында лекция оқыды.

Өмір-өзен өз ағысымен аға бер­мейді. Оның бұрылыстары, қайыр кедер­гілері болады, ал талаптыға арнасы кеңейіп тереңдей түседі. 1969 жылдың маусым айында Камаладин Наурызбаевты Тереңөзек аудандық партия комитетіне қызметіне ша­қыра­ды. Ол кезде биліктегі сая­си ұжымда жұмыс істеу түгілі ком­мунис­тік партияның мүшелігіне қабыл­данудың өзі оңай емес еді. Көп ұзамай ағамыз насихат және үгіт бөлімінің меңгерушісі болып сайланды. Осы жауапты жұмысты 16 жыл мінсіз атқарып, ауданда абырой-беделге ие болды. Ашығын айту керек, коммунистік партияның идеологиясы өте мықты еді, адамдардың ойына келешекке деген сенім ұялатты, өскелең ұрпақты ғана емес, елді тәрбиеледі, теңдік, әділеттілік орнатты. Міне, осынау игілікті істің басы-қасында жүрген Кәмекеңнің еңбек ұжымдарында саяси-идеялық тәрбие беруді жолға қоюдағы іс-тәжірибесі алдымен облыс көлеміне, кейін республикаға таратылды. Аға­мыз еңбек адамының әлеуметтік жағдайына, ауыл мәдениетіне, тұр­мыс­тық қызметке қатты қарап, оны тәрбиемен ұштастыра білді. Идеологиялық жұмыстарды кешенді жүргізудің жайын зерттеп, арнайы шаралар ұйымдастырды және осы бағытта жоспарлы жұмыс атқарды. Ауданда үш жылдық бағдарлама бойын­ша партия-шаруашылық активінің мектебі тұрақты жұмыс жасады. Онда партия комитетінің хатшылары, ауылдық кеңес төрағалары, аудандық мекеме басшылары теориялық білімін жетілдіріп, тәжірибелерін бөлісіп, жыл аяғында емтихан тапсыратын, ал бітіргеннен кейін арнайы диплом берілетін. Еңбек ұжымдарында белгілі тақырыпта семинарлар өтіп тұрды. Осы жұмыстардың барлығын Камаладин Наурызбаевтың өзі үйлестіріп, жоғары деңгейде өтуін бақылап отырды.


Камаладин Наурызбаев 1971-1995 жылдары үздіксіз 9 рет аудандық партия комитетінің мүшесі, 7 рет аудандық кеңестің депутаты болды.
Иә, Кәмекеңнің елге сіңірген еңбегі көп, ол қай жерде болсын бар ықылас-пейілімен, жан-тәнімен жұмыс істеді. Бірақ негізгі қызметі ұстаздық еді. 1985-1995 жылдары Тереңөзек аудандық оқу бөлімін басқарды. Бұл кезеңде мектептердің материалдық-техникалық базасы ны­ғайып, мұғалімдердің іскерлігі мен шеберлігінің деңгейі көтерілді. Мектеп оқушылары республикалық сайыс­тарда жиі жүлделі орындар алды. Оқушыларға еңбек тәрбиесін беру ісі үлгі аларлықтай еді. Камаладин ағаның бастамасымен барлық білім ұяларында профильдік шеберханалар, ал аудан орталығында оқу-өндірістік комбинаты ашылып, 12 сала бойынша балаларға автомобиль жүргізушісі, токарь, слесарь, сылақшы-бояушы, тракторшы, электрик, тігінші, басқа да мамандық берілді. Сол кезде Тереңөзектегі оқу-өндірістік комбинаты облыстағы ең озық мекеме деп танылып, мұнда арнайы семинар өткізіліп, іс-тәжірибесі үлгі ретінде таратылды. Комбинатта оқушылар қолынан шыққан тауарлар мен бұйымдарды халық таласа алып, арнайы тапсырыстар берілетін. Осылайша Кәмекең оқу-өндірістік комбинатын республикадағы ең үздік оқу орталығына айналдырған.


Кәмекең басқарған 10 жылда Тереңөзек ауданы облыстық пәндік олимпиадаларда 2 рет бірінші, 6 рет екінші орынды иеленді. Екі рет республикалық семинар өтті. Оқу-тәрбие үдерістерінің түрлі салалары бойынша 5 тірек мектебі жұмыс жасады. Аудан мұғалімдері Лысенкова, Шетинин, Шаталов, Амоношвили, Ильин сияқты озық педагогтардың әдістерін қолданып, балалардың білім деңгейін көтерді.
1995 жылы облыстық мұғалімдер білімін жетілдіру институты дирек­торының бірінші орынбасары болып, осы мекемеден құрметті еңбек демалысына шықты. Қай уақытта да қоғамдық-саяси өмірге белсене араласатын бұл кісі өмірінің соңына дейін Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамдық бірлестігінің төралқа мүшесі, облыстық ардагерлер кеңесінің мүшесі болды.


Ағамыздан халқына мұра болып «Жүректен шыққан жауһар сөз» атты кітап қалды. Онда әр жылдарда жазылған мақалалары, естелік әңгімелері, оймақтай ойлары берілген. Тіпті мен бұл кітапта Кәмекеңнің өмірі мен бүкіл болмысы бар дер едім. Кезінде республикалық басылымда жарияланып, мұғалімдердің қолдауына ие болған «Педагог мәртебесі туралы» заң жобасына қойы­латын талап атты мақаласында: «Біріншіден, педагогтердің жалақысы қазіргідей 25-30 пайызға емес, әлденеше есе көбейтілуі керек, екіншіден, педагогикалық оқу орнына қабылдаудың қатаң ережесін ендірген дұрыс, үшіншіден, болашақ мұғалімдерге берілетін шәкіртақы қазіргі мөлшерден кемінде 3 есе жоғары болуы шарт, төртіншіден, өркениетті елдерде әйел мұғалімдер 20 жыл, ерлер 25 жыл өтілімен зейнетке шығуға құқылы, біз де осындай қадамға баруымыз керек» деп жазған еді. Осыдан 7 жыл бұрын Кәмекең айтқан жайды үкімет енді ғана қолға алып жатыр, онда да толық емес.

Ағамыздың «Ұрпақ болашағы жайлы ойласаң», «Ұлттық код» және «ұлттық рух», «Қазақ прагматик бола ала ма?», «Капитализмнің біздегі моделінен не таптық», «Қасиетті ұғымның қадірін кетірмейік» атты мақа­лалары ұлт үшін ең негізгі мәсе­лені бірінші болып көтерді және бүгінгі күні де актуалдығын жоғалтқан жоқ. Бір ғана мысал келті­рейін. Капитализмнің біздегі моделін талдаған мақаласында елді жайлаған жемқорлық пен кедейшілік, жалпы ішкі өнімнің төмендігі жайлы айта келіп: «Бәлкім біз асығатын шығармыз. Бірақ тым кешігіп барамыз. Оның үстіне үкіметтің тым ретсіз мақтанатынынан, өтірік айтатынынан қорқамын. Өзін-өзі ретсіз мақтау, мақтану өте ерсі ғой. Тіпті шетелден келгендер де ештеңенің байыбына бармай Астанадағы ғимараттарды көріп, мақтай беретіні күдік туғызады» деп 2014 жылы жазған.

Сондай-ақ «Ұлы даланың ұлы перзенті», «И.В.Сталин және Шығыс Түркістан», «Қоқан мен орыс орта­сындағы Ақмешіт» зерттеу еңбек­тері де маңызды.


Ағамыздың зайыбы Әлима Нақып­қызы да өмір бойы балаға білім берді. Азаматтың атын шығаратын тек өз еңбегі емес, оған жарының да қосатын үлесі бар және ұлағатты ұл-қызы да жақсының атын жарқырата түседі. Қазір Наурызбай әулетінің үшінші буы­ны мемлекетке, елге қызмет етуде. «Кәмекең текті, салауатты, таза, шынайы, турашыл, адал, терең, зерек, мейірімді кісі еді. Еңбеккеш, жаңашыл, зерделі қасиеттерін балаларының бойы­на еге білді. Бақытын еңбектен және білімнен табатынын құлағына құйды. Кәмекеңнің бар байлығы балалары мен кітаптары еді. Соның балаларына пайдасы тиді» деді апамыз жақында жолыққанымда.


Камаладин Наурызбаевтың еңбегі қашан да өз бағасын алып отырды. «Құрмет белгісі» орденімен, «Еңбектегі ерлігі үшін» медалімен, басқа да оннан аса мерекелік медальмен, «Құрмет грамоталарымен» марапатталды. Ең бас­тысы оған деген адамдардың құрметі. Қай ортада да принципшілдігінен, өз ұстанымынан айнымайтын, әділетті, шындықты ту етіп ұстайтын Кәмекеңді ел ұмытқан жоқ. Оның «Жаным мен несібем – Жаратушыныкі, иманым – Пайғамбардыкі, денем – жер мен судыкі, жақсы ниетім мен қызметім, ал абыройым – өзім мен ұрпағымдыкі» деген сөзі айнымай келді және орындалды.


Осындай асыл адамдарды еске алу қандай жақсы! Жан жүрегің тазарып, кеудеңді самал леп желпігендей болады. Айналаңдағы келеңсіздікті, өзіңнің пенделігіңді бір сәтке болса да ұмытып, тек жақсылық, жоғары идеялар жайында ойлайсың. Мүмкін осылайша жер-дүние тазарып қой үстіне бозторғай жұмыртқалайтын заман, Камаладин ағамыздың арман еткен, сол үшін күрескен, еңбек еткен қоғам орнар. Осы еске алу ағамыздың топырағын аңызақ жел тербеп, күннің нұры жылытқан қабіріне қойған бір шоқ гүліміз, өлмес рухына жасаған тағзымымыз.

Жалғасбек АМАН,
журналист

07 қазан 2025 ж. 61 0