Бағыт-бағдарынан айнымаған зертханашы

Әрбір он жылдықта кез келген ұжымда буын алмасу жүретіні мәлім. Алғаш қолына медициналық училищенің дипломын алған кезде Анар Қалыбекқызы 20 жастағы бойжеткен болатын. Отбасында 6 ағайындының ортасында өскен кейіпкеріміз жас кезінен саланың қыр-сырына қанықты. Денсаулық сақтау қызметінің ең күрделісі саналатын зертханашы атану – асқан жауапкершілікті жүктейді. Үнемі көзге көрінбейтін жұмысының арқасында адам өмірін сақтап қалуға күш салатын зертханашы диагноздың дәлдігі, емнің нәтижелі болуы үшін аса ұқыптылықпен қан талдауын жасайды.
– Бұл мамандық – терең білімді, зор жауапкершілікті, төзімділікті талап етеді. Әрбір сынама мен сараптама – науқастың үміті, ал зертханашының епті қолы мен білімді көзі – сол үміттің шырақшысы екенін жақсы білемін. Микроскоп астында жасырынған сырқаттық белгіні байқап, адам өмірінің тағдырын шешетін маңызды деректерді табу – зертханашының күнделікті міндеті. Біздің отбасымызда ұрпақтар сабақтастығы берік орнаған. Анамыз Болған ауыл медицинасына серпін беріп, қыз-келіншектің денсаулығына бей-жай қарамаған ардақты жанның бірі. Акушерка ретінде ана мен бала денсаулығының жақсы болуына атсалысқан. Бүгінде 80 жасқа толған анаммен бірге жұмыс жасап, әріптес атанғаныма дән ризамын. Өз кезегінде анамның жолын сіңілім Гүлжауһар қуып, Қызылорда қаласындағы емдеу мекемесінде акушер-гинеколог ретінде қызмет етіп келеді. Бір айта кетерлігі, анамыз салып кеткен ізді өзімнің келінім Ұлбосын жалғастыруда, – дейді тәжірибелі зертханашы.
Көпшілік ғылым мен жанашырлық тоғысқан мамандық ретінде қарастыратын зертханашының еңбегі – төзім мен зейіннің үлгісі секілді. Биязы қалпынан таймайтын біліктілігі жоғары маманның жастарға үйретері көп. Күн сайын науқастың қан талдауын жасап, нәтижесін дәрігерге ұсынады. Қолдағы сараптамалық талдауға байланысты дәрігер ауыл тұрғындарына ем-шара тағайындайды.
– Әрине, 38 жыл табан аудармастан бір мекемеде қызмет ету арқылы өз мамандығымның қыр-сырына қаныққан жанның бірімін. Әрбір әріптесіммен кеңесіп, ақылдасып, амбулатория қызметіне жан бітіруге тырысамыз. Бізді жұртшылық сырқаттың себебін іздеп, жасушаның тілін түсініп, диагноздың кілтін табатын жан ретінде біледі. Зертханашы әрқашан көзге көрінбейтінді көреді, барды – дәлелдейді, жоқты – теріске шығарады. Зертхана ішіндегі тыныштықта – үлкен жауапкершілік пен сенім жатқанын жақсы сезінеміз, – дейді Анар Қалыбекқызы.
Жүрегі мейірімге толы зертханашы ауылдасы Сабыржан Наурызбаевпен отасып, төрт перзентті дүниеге әкеледі. «Мағжан және К» ЖШС-де жұмыс істейтін ер азаматы үнемі зайыбына қолдау көрсетеді. Ардақты ананың ұл-қыздары жоғары білім алып, сан салада қызмет етіп жүр.
Балтабай ОРДАБЕКОВ