Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Медиацияның негізгі мақсаты – бітім

Медиацияның негізгі мақсаты – бітім

Елімізде дау-жанжалды шешудің жаңа әдісі медиацияның енгізілгені белгілі. Бірнеше бағыттағы арыз-шағымдарды қарастыратын медиация әдісі бүгінде халық арасында кең көлемде насихатталып, ауқымы күн санап кеңейіп келеді. Қос тараптың шағымын бейтарап тарапта қарастырып, сотқа дейін шешуді мақсат тұтатын медиаторлардың да біліктілігі бүгінде басты назарда.

Мемлекетіміз азаматтардың жағдайына алаңдаушылық білдіріп, дауды шешудің баламалы тәсілдерін заңнамалық деңгейде бекітті, соның бірі медиация болып табылады.Осылайша, 2011 жылы 28 қаңтарда «Медиация туралы» Қазақстан Республикасының Заңы қабылданды және 2011 жылы 5 тамызда қолданысқа енгізілді. Бүгінде азаматтар Азаматтық іс жүргізу кодексінде белгіленген тәртіпті пайдалана отырып татуласу келісімін, дауды медиация немесе партисипативтік рәсімдер тәртібімен реттеу туралы келісімді жасай алады. Тағы бір ескерерлігі, дауды медиация тәртібімен реттеу туралы келісім, осы келісімді бекіту туралы ұйғарым «Медиация туралы» Заңда және Азаматтық процестік кодексте көрсетілген талаптарға сәйкес келуі тиіс. Егер татуласу келісімі заңға қайшы болса немесе басқа да тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерін бұзса, сот келісімді бекітпейді. Сот ұйғарымы шағым, не наразылық келтіруге жатпайды. Азаматтық іс жүргізу кодексіндегі айтулы жаңалықтардың бірі – дауды партисипативтік келісім арқылы реттеу болып отыр. Партисипативтік рәсім – дауласушы екі тарап адвокаттарының келіссөздерді судьяның қатысуынсыз жүргізу арқылы ортақ келісімге келтіруге қол жеткізуі. Келісімге келе алмаған екі жақты бір үстел басына жинап, бітімге келтіру мәселесінде адвокаттардың мүмкіндігі кең. Құжаттағы татуласу келісіміне қойылатын талаптарға сай, қос тарап арасындағы келісім жазбаша нысанда жасалады және оған тараптар немесе олардың адвокаттары қол қояды. Мұндай жолмен татуласу талап қоюшыны төленген мемлекеттік баждан босататыны да – заңдағы ынталандыру тетіктерінің бірі. Азаматтық процестік кодекс қолданысқа енгізілгеннен бергі аралықта бітіммен бітетін істердің саны өсе түсті. Бұған дәлел, 2023 жылдың 12 айында барлығы татуласу тәртібімен 7 іс, партисипативтік рәсім тәртібімен 2 іс, медиация тәртібімен 158 азаматтық іс, 41 әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс, 10 қылмыстық істер аяқталған.

Жалпы айтқанда, медиация – бітімгершілікке бастайтын, дауларды сотқа дейін шешуге ықпал ететін айрықша қызмет. Қазіргі таңда еліміздің сот жүйесінде медиация қызметі қазақ даласындағы дана қариялар мен билер дәстүрінің жалғасы ретінде қалыптасқан, әр уақытта да сабырлы болуға және ел бірлігін сақтауға үндейтін бабалар ғұрпы әлі күнге дейін өзінің өзектілігін жойған жоқ деуге толық негіз бар.

Мендігүл ЕСЕНБАЙҚЫЗЫ,
Сырдария аудандық соты әкімшісінің
бас маманы
20 ақпан 2024 ж. 169 0