Медиация – дауды шешудің ең тиімді тәсілі
Мемлекетіміз азаматтардың жағдайына алаңдаушылық білдіріп, дауды шешудің баламалы тәсілдерін заңнамалық деңгейде бекітті, соның бірі медиация болып табылады. Осылайша, 2011 жылы 28 қаңтарда «Медиация туралы» Қазақстан Республикасының Заңы қабылданды және 2011 жылы 5 тамызда қолданысқа енгізілді. Аталған Заң жеке және заңды тұлғалар қатысатын азаматтық, еңбек, отбасылық және өзге де құқық қатынастарынан, сондай ақ, онша ауыр емес және ауырлығы орташа қылмыстар туралы істер бойынша қылмыстық сот ісін жүргізу барысында және де сотқа дейінгі дауларды шешуге қолданылады.
Сырдария аудандық сотында жыл басынан 13 әкімшілік іс, 9 қылмыстық іс, 54 азаматтық іс медиациямен шешілген. Осы уақытқа дейін медиация дау-дамайды шешудегі тиімді құрал екенін көрсетіп үлгерді. Былай қарасаңыз, медиация қазаққа жат ұғым емес. Себебі ұлтымыздың тарихында билер институты болған. Азаматтар арасында туындаған дау-дамайларды билер, шешендер немесе беделі бар жергілікті ақсақалдар әділ шешіп отырған. Билердің негізгі шешетін мәселесі келген шығынды қалпына келтіріліп дауласушыларды бітімге жеткізу болып табылған.
Медиация бір жағынан сот жұмысын жеңілдету құралы. «Медиация туралы» заң қабылдау азаматтарға мәселені шешу жолын таңдау еркіндігін, адам құқықтарын қорғаудың жаңа мүмкіндігін қолдану, азаматтық қатынастың заманауи формасын қалыптастыру, мәселерді конструктивті диалог арқылы шешу сияқты зайырлы қоғамға тән мүмкіндіктер берді. Қаржы үнемдеуді былай қойғанда, медиатордың көмегімен мәселені бірнеше сағатта шешуге болады. Бұл уақыт үнемдеудің де тәсілі. Сонымен консенсуске келу арқылы тараптар арасындағы қарым-қатынасты сақтап қалу ықтималдығы жоғары. Көріп отырғанымыздай, медиация институты – азаматтық қоғам қалыптастырудың, дамуының белгісі. Себебі мәселені сотқа жеткізбей шеше алу – адам құндылықтары мен көзқарасын жаңа деңгейге көтерілгенінің айқын көрінісі.
Медиацияның біздің елімізде болашағы зор. Оны бірдеңгейде қолдасақ, медиация халқымызға игі әсерін тигізері анық.
Олжас ДҮЙСЕНОВ,
Сырдария аудандық сотының жетекші маманы
Сырдария аудандық сотының жетекші маманы