Бабалар жолы қайта жаңғыруда
Қазақстан Республикасының «Медиация туралы» Заңы 2011 жылы 28 қаңтарда қабылданып, бүгінгі күні елімізде жүзеге асырылуда. «Медиация туралы» Заңы Қазақстан Республикасында медиацияны ұйымдастыру саласындағы қоғамдық қатынастарды оны жүргізу қағидаттары мен рәсімін реттейді.
Медиацияның мақсаты - дауды шешудің медиацияның екі тарапын да қанағаттандыратын нұсқасына қол жеткізу және тараптардың дауласушылық деңгейін төмендету.
Ал, медиатор дегеніміз, тәуелсіз, бейтарап, істің нәтижесіне мүдделі емес, медиация тараптарының өзара келісімі бойынша таңдалған, медиаторлар тізіліміне қосылған және медиатордың функцияларын орындауға келісім берген жеке тұлға.
Еліміз тәуелсіздік алғалы бабалар жолы қайта жаңғыртылуда. Елбасы сот саласын реформалауда аталмыш институтқа аса басымдық берді. «Азаматтық процестік кодексінде дау-жанжалды медиация, татуласу келісімі, партисипативтік рәсім тәртібімен реттеу тәсілдері қарастырылған. Осы әдістерді қолдануда соттар белсенділігі артып келеді. Азаматтық істерде дауды медиациямен реттеу «Медиация туралы» Заң мен Азаматтық процестік кодексінің талаптары аясында жүргізіледі.
Қазақстан Республикасының «Медиация туралы» заңы қабылданғалы бері, еліміздегі БАҚ беттерінде оны насихаттау, түсіндіру жұмыстары аз айтылып келе жатқан жоқ. Десе де, көпшілік медиация жайлы күнделікті өсітіп жүргенімен, дауды соттан тыс реттеуге құлық таныта бермейді. Адамдардың бойында дауды тек сотқа жүгіну арқылы шешуге болады деген ұғым қалыптасқан. Дау туындаған жағдайда бірден сотқа жүгінеді. Тараптар арасындағы даулы мәселені сот үрдісінен тысқары тәртіппен шешуге ең әуелі азаматтардың өздері ынталы болуы қажет. Тараптардан мұндай бастама болмаған жағдайда, сот оларды бітімгершілікке келуге мәжбүрлей алмайды.
Негізінен айтқанда бұл заң қазақ халқының дәстүрлі билер мен ата бабалар тағылымын, әдет-ғұрып тәжірибесін қалпына келтіруге жасалған игі қадамның бірі, оның тиімділігі мол деп есептесек қателеспейміз.
Ж.Жолдасов,
Сырдария аудандық сотының судьясы,
Заңгерлер Одағының мүшесі