Вейп сатқанның жазасы қатаң
Жылдың алғашқы айының соңғы күндерінде Мәжілісте жаңа Заң қабылданды. Енді бұдан былай елімізде вейп сатуға тыйым салынды. Бұл мәселені ұзақ талқылап, жас ұрпақтың санасын да, ағзасын да улап жатқан затты тұтыну заңмен қудаланатын болды.
Әрине, бұл өте дұрыс әрі керек заң. Вейп дегеніміз – электронды темекі. Кәдімгі темекіден айырмашылығы – хош иісінде, ал ағзаға келтіретін зияны шаш етектен. Оның кері әсері темекіден асып түспесе кем түспейді. Міне, сондықтан халық қалаулылары болашақ ұрпақтың дені сау болуы үшін алаңдап, вейптің саудасына заңмен тыйым салды.
Аға буын өкілдері аса мән бере бермейтін бұл зиянды темекі шын мәнінде жастар арасында танымалдыққа ие. Көшеде жүрген жастардың, тіпті жасөспірімнің арасында кең етек алған вейпке құмарлар саны артып жатқаны да рас. Вейпті сатушылар осы уақытқа дейін емін-еркін саудасын жасады. Арнайы Заң қабылданбағандықтан саудасы қызған электронды темекінің зиянынан гөрі, қалтасын қалындататын ақшаны ғана ойлады. Енді мұндай еркіндікке жол жоқ. Заң бойынша электронды темекіні сататын адамға қамау жазасы қолданылады. 50 тәулікке дейін темір торға тоғытылады. Вейпті шетелден әкеліп, оны таратуға атсалысқандар үшін де жаза жеңіл емес. Заңда 2 жыл бас бостандығынан айыру көзделген. Қылмысты қайталағандар бес жылға абақтыға жабылады.
Бірнеше жылдан бері вейп мәселесін көтеріп, оны сатуға тыйым салуға үлес қосқан Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаевтың келтірген дерегі бойынша осы күні ең ірі мегаполис Алматы қаласы жастарының 80 пайызы вейпті шегеді. Ал астаналық жастардың 80 пайыздан астамы осы зиянды өнімге құмар. Бейресми статистиканы алға тартқан депутат вейптің таралуы бүгінде 200 есеге өскенін айтады. Дүниежүзі бойынша электронды темекінің 16 мыңға жуық түрі кездеседі. Ұрпағының келешегін ойлаған 30-дан астам ел вейпті сатуға тыйым салып үлгерген. Ал біздің елде оны алып-сату ашық жүргізілген.
«Бұл шешім жетінші шақырылымнан бері талқыланып келеді. Үкімет қандай да бір қатаң реттеуді енгізуге мүмкіндік берді, біздің фракция бірнеше рет Премьер-министр мен Денсаулық сақтау министрлігінің басшыларына бұл мәселені айтты. Жетінші шақырылымда бұл мәселе комитетіміздің іс-шаралар жоспарына енгізілді. Ортақ шешімге келе алмадық және қатаң реттеуді енгізе алмадық.
Вейп базарларда, Алматының барахолкасында қап-қабымен сатылып келді. Кеше қоғамдық балалар қоры 400-ге жуық жасөспірім қатысқан әлеуметтік сауалнаманы жариялады. Зерттеу көрсеткендей, Алматы мен Астана жастарының 80%-ы вейп қолданады. Бұл қорқынышты, осы тыйым арқылы балаларымызды қорғаймыз деп ойлаймыз», – деді Елнұр Бейсенбаев.
– Вейпті жасы үлкейгендерден гөрі жастар көп шегеді. Ең өкініштісі, жасөспірім қыздардың да әуестенуі. Қаланың балалары ғана тұтынады деген қате пікір. Вейпті аудан, ауыл көшелерінде кетіп бара жатқан жасөспірімдердің де қолынан көру қиын емес. Себебі кез келген дүкенде көздің жауын алатын түрлі-түске енген, түрлі жеміс-жидектің иісін келтіріп тұрған өнімге еріксіз назарың түседі. Біздің елде сатуға байланысты заң қабылданатыны дұрыс болды. Ақша табуды ойлаған сатушылар неліктен жас баланың денсаулығын ойламайды деген пікірдемін, – дейді кент тұрғыны.
Осы күні Мәжіліс депутаттары бірауыздан қолдап, Сенаттың қарауына жіберілген құжат қолдау тапса, Президент қолымен күшіне енеді. Сөз жоқ ел Президенті бұл мәселенің бүгінде ушыққанын, жасөспірімдерді улап жатқан зиянды заттың саудасын тоқтату керектігін үнемі айтып, арнайы Заң қабылдауды тапсырған болатын.
Тағы бір дерекке назар аударсақ, вейпті кәдімгі темекіден арылуға көмектеседі деп шегетіндер қателеседі. Себебі темекіде 1 мг жетер жетпес никотин болса, вейпте оның мөлшері 20-70 мг көлемінде. Никотиннің аз мөлшерінен арыла алмай жүргендер оның қолақпандай мөлшерін тұтынғаннан кейін тәуелділіктен мүлдем құтыла алмайды. Осы электронды темекіні тартатындар бірнеше жылдан соң емі жоқ өкпе пневмониясына ұшырайды. Мүгедектікке апаратын вейпті тұтынудан әлемде 5-орындамыз. Сондықтан бұл тажалдан құтылудың амалы Заң күшінің қатаңдағаны құптарлық іс.
Шын мәнінде әрбір ата-ана баласының жүріс-тұрысына, оның қызығушылығына мән беріп, араласатын ортасын білуі тиіс. Қоғамды алаңдатқан мәселе кез келген отбасыны айналып өтпеуі мүмкін. Сондықтан электронды темекінің зияны туралы ақпаратты ашық айтып, баланың денсаулығына балта шабатын қасіреттің бұдан былай жауапкершілігі заңмен белгіленгенін түсіндіру қоғамның жауапкершілігіндегі міндет.
Бибісара ЖАНӘЛІ