Жамандықтан ұрпағыңды қорға
Жамандық айтып келмейді деген сөз бар. Жаман айтпай жақсы жоқ деген тағы бар. Яғни адамның ұрпағы жамандықтан жүз пайыз қорғалмаған. Ең қорқыныштысы, жас адамның санасын улап жатқан көптеген қауіптің жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақ секілді көбейіп бара жатқандығы.
Қазір жас та жасамыс та жаман әдетке үйір болды. Әсіресе күйбең тірлікті сылтауратып, қиыншылыққа шыдамай, жоқшылықты сылтауратып, миды тыныштандыру үшін, жүйкені басу үшін небір амалдарға барады. Кейбіреулер шылым шегіп, ашу басса, енді біреулер баланың қолына алдансын деп ойыншыққа балап жүрген поп-итты ұстатады. Ең сорақысы жастардың, тіпті мектеп оқушыларының арасында темекі шегетіндер бар екені рас. Соңғы кезде темекінің түрін электронды темекіге ауыстырып, оны құмарлана пайдаланатындардың қатарын жастардың толықтыруы қоғам үшін қауіп төндіруде. Жалпы электронды темекі деген не деген сауалға келсек, бұл жайында әлеуметтік желіде көптеген ақпаратқа көз сүрінеді. Анықтамаларды сараптай келе білгеніміз, яғни түсінікті тілмен айтқанда электронды темекі – қыздырылатын табак. Оны сән ретінде немесе темекіні тастаудың амалы деп тұтынатындар білместік танытып жүр. Себебі, мамандардың айтуынша шылымнан да қауіпті темекінің құрамында химиялық заттар өте көп. Негізгі бөлігі никотин. Улы зат саналатын никотин ағзаға кіргеннен-ақ қанға түседі. Сондықтан адамның психологиясында ауытқулық пайда болып, темекіні ауық-ауық шекпесе тұра алмайтындай жағдайға жетеді.
Әлем бойынша электронды темекіге әуестік жасөспірімдер арасында кең етек жайып барады. Әсіресе қалалық жерлерде мектеп оқушылары қоғамдық орындарда жүріп ашықтан ашық тұтынатынын көзіміз көруде. Ең өкініштісі бұл жаман әдет жұқпалы ауру тәріздес адамдар арасында жылдам тарап барады. Мұның себебін ең алдымен әлем желімен байланыстырамыз. Әлеуметтік желіге байланған жастар заманауи әндерді айтатын «жұлдыздардың» қолында микрофон емес, түтіні будақтаған құрылғыны көріп, оған деген қызығушылықтарын одан сайын оятуда. Еліктегіш келетін жасөспірімдер электронды темекіні іздеп жүріп тауып алып, оның дәмін бір татып көргеннен кейін-ақ қалай байланып қалғандарын білмей қалады. Электронды темекі деп жұмсартып айтқанымызбен оның соңы есірткі тұтынуға әкелмесіне кім кепіл?!
– Электронды темекіні кеңседе, жұмыс істейтіндер ғимарат ішінде отырып пайдалана береді. Бұл кәдімгі темекіні тастауға көмектеседі деген оймен. Дегенмен бұл қате түсінік. Ал жастарды қызықтырып жатқан электронды темекінің жарнамасы жақсы дамыған. Саудасы қызып тұрған затты әкеліп сататындардың да көбеюі сұраныстың артуынан. Оның зардабы дәстүрлі темекіден де асып түседі, жүрек-қан тамырларына зақым келтіріп, өкпенің қатерлі ісігіне дейін әкелетін темекі түтіні бауырдың жұмысын тежейді. Адамның психикасына да әсер етіп, адамды тәуелді ететін де темекі құрамындағы никотин, – дейді аудандық емхананың нарколог-фельдшері Қалдыбек Жұмабеков.
Жарнама демекші, атауы құлаққа түрпідей тиетін «е-темекі», «вэйптер», «е-қалам» электронды темекінің бірнеше түрі. Бұған осы темекіден зияндығы асып түспесе, кем түспейтін никпэк, снюсты тағы қосыңыз. Электронды темекіде батарея, қыздыру құрылғысы және құрамында никотині бар сұйықтық немесе пластинкаларға арналған контейнер орнатылған. Ал вэйптің құрамында резеңкені жасайтын улы зат бар. Формальдегид атты химиялық зат адамның ағзасына енгеннен кейін бауырға барып жиналады. Шылымнан шығатын хош иістер айналасында отырған адамның да ағзасында аллергияны қоздыруы әбден мүмкін. Айналып келгенде ешқандай пайдасы жоқ, керісінше зияны шаш етектен болатын темекіден ұрпақты қорғау кезек күттірмейтін мәселе. Яғни арнайы заң арқылы ел аумағында электронды темекіні сатуға тыйым салу керек.
Осы ретте, елімізде құрамында никотин бар өнімдердің техникалық регламентін бекіту жоспарланғанын айту керек. Талқылаудан өтетін құжатта «Техникалық регламент құрамында никотин бар өнімді Қазақстан аумағында қолдану, сақтау, тасымалдау, сату, таңбалау, жоюды реттейді» делінген. Сонымен қатар ел нарығына ашық түрдегі электронды тұтыну жүйелерін, ауыстырылатын контейнерлер мен ашық түрдегі никотинді, никотинсіз сұйықтық құюға арналған ыдыстарды шығаруға жол берілмейді. Құжат бекітілген соң Қазақстан нарығына бір рет пайдаланылатын электронды темекі шығаруға жол берілмейді. Регламент бойынша 21 жасқа толмағандарға электронды тұтыну жүйелері мен сұйықтықтар сатылмайды. Техникалық регламент талаптарына сәйкес келген жағдайда ғана нарыққа жіберілетін болады.
Жыл сайын қараша айында елімізде халықаралық темекі шегуден бас тарту күні аталып өтіледі. Бұл күнтізбеде 1977 жылдан бері атаулы күн ретінде белгіленген. Осындай күнді бекіту – адамдарды темекіге деген тәуелділіктен арылту, зиянды әдетпен күресуге қоғамның әрбір мүшесін көптеп тарту мақсатын көздеген.
Иә, жаман әдеттен арылу оңайға соқпайды. Дегенмен өз-өзіне деген сенімділік қандай қиындықты болса да жеңіп шығуға мүмкіндік беретін жақсы қасиет. Ең бастысы, адамда сананың тазалығы, саламатты өмір салтын ұстануға ұмтылыс болса болғаны.
Бибісара ТАҢАТАРҚЫЗЫ