Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Электронды темекі денсаулыққа зиян

Электронды темекі денсаулыққа зиян

Әлемде қараша айының үшінші бейсенбісі – халықаралық шылым шегуден бас тарту күні болып белгіленген. Бұл күн темекіге тәуелділікті азайтуды мақсат етсе де, жаһан жұрты «никотиннен» арыла алмай келеді. Оның үстіне қазір электронды темекі сәнге айналды. Бұл табак өнімдерін тұтынушылар санын күрт өсіріп жіберді.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының статистикалық мәліметіне сүйенсек, әлемде 1 млрд-тан астам адам темекі шегеді екен. Олар жылына 5,7 млрд. дана табак өнімдерін пайдаланып, 1 млн. тонна темекі тұқылын тастайтын көрінеді. Демек, адамдар темекі шегу арқылы өз денсаулығымен қатар, қоршаған орта мен айналасындағыларға айтар­лықтай зиянын тигізуде. Осы ретте, біз дәстүрлі темекі мен электронды темекі арасындағы айырмашылық пен оның адам ағзасына тигізер залалын сараптап көрелік.

Негізінде, дәстүрлі және электронды деп бөлетін темекінің адамға тигізер пайдасы жоқ екені баршаға аян. Темекі өнімін сатып алғанда қорап сыртындағы «Азапты өлім», «Өлі туу», «Қатерлі ісік», «Тамақ обыры» секілді жазуды көріп тұрса да жер бетіндегі «саналы мақұлық» одан бас тартар емес. Керісінше, күнделікті бір қорабын бір өзі тауысып, мүшкіл халге түсуде.

Бүкіл әлем сандық форматқа көше бастағанда темекі өнімінің де электронды нұсқасы тарап кетті. «Жылтыраққа» әуес жандар «электронды темекі кәдімгі шылымнан гөрі зиянсыз» дегенді желеу етіп, соған көшкен. Тіпті, «24 хабар» телеарнасы таратқан мәлімет бойынша, елімізде 400 мыңнан астам адам шылымнан бас тартып, электронды темекіге ауысқан.

– Электронды темекі өнімінің жа­­ғым­ды сипаттамаларына қара­мас­тан, оның адам ағзасына әсе­рін оң деп тануымыз екіталай. Мұ­ның темекіні шегушілер ғана емес, айналасындағылардың ден­сау­лы­­­ғы­­­на­ зияны тиетінін көпте­ген тә­жірибелер мен зерттеулер дә­лелдеді. Темекінің ішіндегі сұ­­йық­­тықта белгілі мөлшерде никотин бар, ол тез тыныс алу жүйесіне енеді. Одан кейін қанға сіңіп, оның көмегімен бүкіл денеге таралады. Орталық жүйке жүйесіне әсер етіп, ағзаның барлық ішкі жүйелеріне зиянын тигізеді. Көптеген патологиялық ауруларға түрткі болады. Шылым шегуге деген тәуелділік, психологиялық аспектісімен қатар, адамның физи­калық қозғалысына да кері әсері бар. Кейбір электронды темекі үлгілерінде улы заттар кездеседі. Оны пайдалану канцерогенді эле­менттердің бөлінуімен қатар жүруі мүмкін. Оның адамға тигізер залалы зор. Сол себепті күмәнді, уландырғыш заттарды тұтынғаннан гөрі темекіге тәуелділіктен бас тартқан дұрыс, – дейді психиатр-нарколог Салтанат Бакишева.

Ал өзінің есімін атамауды өтін­ген жігіт электронды темекінің ерек­шеліктерін тізбектеп берді.

– Электронды темекіні тұтын­ға­ныма жарты жыл уақыт болды. Мұны 2 күн ішінде үйрендім. Қызылордадан 11 мыңға сатып алғанмын. Одан да қымбаттары да бар. Енді әркім өз қалтасына байланысты алады. Электронды темекінің кәдімгі шылымға қарағанда артықшылықтары бар. Біріншіден, үстіңнен жағымсыз иіс шықпайды. Ал шылым шеккенде иісі мүңкіп тұрады. Ол кезде жан-жағыңдағылар жақтырмай қарайды. Екіншіден, күнде темекі шегетін адамдар секілді ентігу болмайды. Әйтпесе, күнделікті шылым тартатындар сәл жылдам жүрсе, ентігіп қалатыны жасырын емес. Сонымен бірге түтіні шықпайтын электронды темекіні мекемеде шегуге ыңғайлы, – дейді жас жігіт.

Асыл дінімізде зиянды заттарды қолдануға рұқсат етілмеген. Ді­ни тұрғыдан бұған қатысты үкім шыға­рылған.

– Алла Тағала қасиетті Құран­да: «Өздеріңді қауіп-қатерге итерме­лемеңдер», – деген. Яғни, адам ден­саулығына зиянын тигізетін заттарды пайдалану дұрыс емес екендігін аңғарамыз. Сондықтан темекіге «харам» деген үкім берілген. Медицина мамандары қандай темекі түрінен болсын аулақ болуға кеңес береді. Кейбір мемлекеттерде электронды темекі түрін сатуға тыйым да салынған. Яғни, харам деп танылған дүниені қолдануды хақ дініміз құптамайды. Ендеше адам ағзасына залалы тиетін электронды темекіні тұтынбағанымыз жөн, – дейді аудандық мешіттің бас имамы А.Асқаров.

Соңғы кезде электронды темекінің сапасы сын көтермейтініне көпшілік наразылық білдіруде екен. Бұл жөнінде жуырда Ұлттық тұтынушылар лигасының президенті Светлана Романовская баспасөз мәжілісінде атап айтты. Ол тұрғындар тарапынан аталған құрылғыға байланысты көптеген арыздар түскенін жеткізді. Мәселен, табакты қыздыратын құрылғының электронды темекі құрылғысын қуаттау кезінде жарылып кету фактілері тіркелген. Ал сатып алынған құрылғының арнайы сертификаты болмаған. «Бізде қазір міндетті сертификат жоқ. Электронды темекіге арналған міндетті сертификаттың болуын талап етеміз. Себебі ол да қоршаған ортаға, адамның денсаулығына зиянды зат. Қауіпсіздік тек техникалық ережеге тікелей байланысты. Ол ереже жасалған. Кәсіп­керлер мен тұтынушылармен келі­сілген. Тек қабылдаса жеткілікті» дейді С.Романовская.

Демек, темекімен қатар электронды құрылғының өзі адам ден­саулығына айтарлықтай зиянын тигі­зеді. Сондықтан әрбір саналы адам өз өміріне қауіп төндіретін заттардан аулақ болғаны жөн. «Сау басқа сақина тілегенше», ауырмайтын жол іздеп, саламатты өмір салтын ұстанған абзал.

Ердос СӘРСЕНБЕКҰЛЫ
13 наурыз 2021 ж. 3 227 0