Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Тұмау асқынып тұр

Тұмау асқынып тұр

Ауа райы салқындап, күздің түсуімен түрлі жедел респираторлы вирустық инфекциялар ауа тамшылары жолымен таралып, тұмау ауруын асқындырады. Қазіргі уақытта әсіресе, балалар арасында ыстығы көтеріліп, жөтеліп, ауырып жатқандар көп. Жалпы ауданда 17 жасқа дейінгі 13833 бала болса, оның 4685-і 5 жасқа дейінгі және 798-ы 1 жасқа дейінгі балалар. Балалардың арасындағы аурушаңдықтың алдын алуда емхана дәрігерлері мен медбикелері күнделікті түсіндіру жұмыстарын жүргізуде.

Аудандық аурухана бас дәрігерінің ана мен бала денсаулығын қорғау жөніндегі орынбасарының міндетін уақытша ат­қарушы Ақгүл Кұлекенің айтуынша, осы күні аурухананың балалар бөлімшесінде 25 бала, жұқпалы аурулар бөлімшесінде 12 бала ем алып жатыр екен. Балалардың көбіне жедел респираторлы инфекция, жедел бронхит, жедел тонзиллит диагноздары қойылып, ем алуда.

Сонымен қатар күнделікті емханаға келушілердің қатары да көбейіп тұр. Ата-аналар балаларының дене қызуы көтеріліп, тамақ ішпейтініне шағымда­нады. Оған қоса жөтелдің жиілігі, өкпенің сырылы науқастанып келетін балаларға ортақ ауру белгілері. Аудандық ауруханада емделушілердің күн сайын көбеюі маусымдық тұмаудың өршуімен байланыс­ты дейді дәрігерлер.

– Аудандық ауруханадағы балалар бөлім­шесінде бүгінгі таңда 25 бала ем алуда. Ал жұқпалы аурулар бөлімшесінде 12 бала ем қабылдап жатыр. Күз айлары – жедел респираторлық вирустық инфекцияның өршитін мезгілі. Учаскелік медбикелер күн сайын үй-үйді аралап, үй жағдайында науқастанып жатқан балаларды да анықтауда. Қандай жағдайда болсын өз бетінше ем алуға болмайтынын, балалар ауырса дереу учаскелік дәрігер шақырту қажеттігін ескертеміз. Себебі, ауруды асқындырып алу жедел ем қабылдауға айтарлықтай кесірін тигізеді, – дейді аудандық емхана дәрігері А.Құлеке.

Дәрігердің айтуынша, тұмаумен ауыр­ған науқастарда дене қызуы көтері­ліп, мұрын бітеледі. Жөтел жиілейді, әлсіздік болады. Ауруханаға жатқызылған науқастар жағдайына қарай емдеу хаттамасына сәйкес ем алады. Ал жеңіл жағдайда үй жағдайында учаскелік дәрі­герлер ем тағайындап, 1-2 күн бақылауға алады. Жалпы тұрғындар емханаға келіп тұмауға қарсы вакцинаны салғызуына болады. Екпе тұмауды жеңіл өткізуіне көмегі көп. Негізінен екпені ең алдымен созылмалы дертпен Д есепте тұратын науқастар алуға міндетті.

– Жақында кішкентай балам ауырды. Түнімен қызуы көтеріліп, жедел-жәрдем шақырттық. Баламның жағдайына қарап ауруханаға жатқызды. Ауруханада толық ем алдық. Қазір балам жақсы. Ауа-райы сәл салқындаса болды, балалар тез ауырып қалады. Дәрігер кеңесін алып, ауруханадан шықтық. Аналарға айтпағым, балаларыңыз ауырса, бірден учаскелік медбикеге хабарласу керек. Дәрігер көрген соң ем-дом тағайындайды. Баланың науқастанғанына бей-жай қа­рауға, өз бетіңше ем жүргізуге болмайды, – дейді кент тұрғыны Г.Жомартқызы.

Негізінен, балалардың осы күні жаппай ауырып жатқанын дәрігерлер жыл сайын болатын ЖРВИ деп түсіндіреді. Ауа райының қолайсыздығы, адамдардың жеңіл киінуі, жылыту маусымының әлі де басталмауының әсері де бар. Сондықтан «Сақтансаң – сақтайдыны» ұмытпай, балаларды жылы киіндіріп, салқын су ішпеуін қадағалап отырған жөн. Ал тұмау мерзімі басталмас бұрын жоғарыда айтып өткеніміздей екпе салдыру оны жұқтыруды төмендететінін, көпшілік арасында таралмауына көмектесетінін білген жөн.

– Қазір ауданда тұмауға қарсы екпе салынуда. Ерте күзден бастап салынатын вакцина адам өмірі үшін қауіпсіз. Көпшілік мұны дұрыс түсіне бермейді. Біз алдыңғы кезекте емханада түрлі диагнозбен «Д» есепке алынғандарды алдымен екпе алуға шақырамыз. Содан соң балалар, жүкті әйелдер емханаға келіп тұмауға қарсы екпе ала алады. Тұмауға қарсы екпенің осындай кезеңде пайдасы зор, – дейді дәрігер А.Әмірханқызы.

Дәрігерлер тұмауратқан жағдайда адамды оқшаулау қажеттігін, жеке бас гигиенасын күшейтіп, қолды сабындап жылы сумен жуу керектігін ескертеді. Ауыз қуысын шайып, үйді желдету де маңызды іс-шараның бірі. Баланы дұрыс, құнарлы тамақтандырып, көбірек сұйықтық, жылы су ішкізу – тұмауды жеңудің бірден-бір жолы.

Жалпы ЖРВИ кезінде вирустар мен бактериялар тыныс алу жолдары арқылы шырышты қабыққа түсіп, зиянды уытты заттар бөліп шығарады, сосын олар қан арқылы барлық ағзаға таралады. ЖРВИ-мен балалар және иммундық жүйесі әлсіреген адамдар жиі ауыратыны белгілі.

ЖРВИ мен тұмаудың инфекция көзі – ауру адам. Әсіресе алғашқы күндерде аурудың жұқпалылығы жоғары болады. Ауру қоздырғыштары ағзаға ауа тамшы жолдарымен – тыныс алу ағзалары арқылы келеді. Инфекция ауа-тамшылары арқылы басым таралады, сондай ақ бет орамал, сүлгі, жеке заттары арқылы берілуі де ықтимал. Инкубациялық кезең бірнеше сағаттан 7 күнге дейін, орташа 2-3 күнді құрайды.

Инфекцияның негізгі таралу жолы мен пайда болу себептері туралы айтар болсақ, халқымызда «тұмау түбі – құрт, тұман түбі – жұт» – деген сөз бар. Тұмауды жеңіл ауру деп қарауға болмайды. Оның асқынулары әртүрлі қауіпті ауруларға апарып соқтырады (пневмония, менингит, гайморит, ренит, отит және т.б.). ЖРВИ мен тұмаудың пайда болуына мына себептер ықпал етеді: құнарлы тамақтанбау, күйзелістер, әртүрлі созылмалы аурулар, иммунитеттің әлсіреуі.

– Жедел респираторлы вирустық инфекциялар мен тұмаудың негізгі белгілері – аурудың басталуы жедел интоксикация синдромымен сипатталады, жеңіл, орташа немесе ауыр клиникалық формада өтеді. Жалпы әлсіздік, дене қызуының 39 градусқа және одан да жоғары көтерілуі, бас және бұлшық еттер ауырып, адам қалшылдап, дірілдейді, дене тітіркенеді, мұрын қуысы ісініп, кілегейлі бөлінділер ағып, түшкіру пайда болады. Тамақтың ауырып, жұтындырмауы және құрғақ жөтел болуы мүмкін.

Сырқаттанған адамдарды ерте анықтап, оларды көпшіліктен оқшаулау қажет, эпидемиялық маусым кезеңінде бір реттік қолданылатын бетперде кию, бөлмелерді жүйелі түрде желдетіп, күнделікті жиі ылғалдап жуу, организмнің жалпы және жергілікті қорғаныс қабілетін арттыратын шаралар жасау, шынығу, маусымдық аурушаңдық жоғарылаған кезде көпшілік орындарға баруды шектеу, жөтелгенде немесе түшкіргенде мұрынды бет орамалмен жабу, сырқаттану кезеңінде сұйықтықты, әсіресе лимон, бал, таңқурай, итмұрын қайнатпалары қосылған шай, минералды суды көбірек ішу қажет. Пияз, сарымсақ, қызыл бұрыш және де С дәруменіне бай тағам өнімдерін тұтыну, әр бір екі сағат сайын мұрын шырышты қабаттарын оксалин майымен майлау, ыстықты түсіретін дәрілер ішу, дәрігер шақырту, кеңес алу қажет, – дейді аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы бастығының орынбасары Қ.Омарова.

Тұмау ауруы таралмау үшін алдын алу іс-шараларын қолдану қажет және де әр адамның қарапайым санитариялық-гигиеналық ережелерді қолдана отырып, аурудың және тұмаудың таралу қаупін азайта алады. Сондай-ақ жеке бас тазалығын сақтаудың да маңызы зор.

Айту керек, ауданда биылғы жылдың 9 айында ана өлімі тіркелгемегені қуанышты жағдай, алайда, нәресте өлімі бойынша 3 жағдай орын алған. Ауданның медицина саласының қызметкерлері өлім-жітімнің алдын алу үшін жоспар жасап, 1 жасқа дейінгі балаларды проактивті бақылаумен, скринингпен қамтуда. 17 жасқа дейінгі балаларды жоспарлы түрде жасына қарай әр аптаның сейсенбі және бейсенбі күндері профилактикалық тексеруден өткізуде. Әр аптаның жұма күні құрамында гинеколог, психолог, маммолог, психиатр, фтизиатр туу жасындағы әйелдерге түсіндіру, тексеру жұмыстарын тұрақты түр­де жүргізуде.


Бибісара ЖАНӘЛІ

Фото: ашық дереккөзден
10 қазан 2023 ж. 272 0