Тұмау неге асқынып тұр?
Күз мезгілі – ауа райының салқындауына байланысты тұмау, ЖРВИ секілді эпидемиологиялық аурулардың асқынатын уақыты. Сондықтан қазіргі кезде әсіресе, жас балалар арасында ыстығы көтеріліп, жөтел, құсу секілді белгілері көптеп кездесуде. Осы ретте, мамандар ауданда аурушаңдық жағдай тұрақсыз екенін айтады.
Емханаға келуші көпшіліктің негізгі шағымдары – балалардың тамақ ішпей, дене қызуының көтерілуі. Оған қоса, жөтелдің жиілігі, өкпедегі сырыл – науқас балаларға ортақ ауру белгілері. Аудандық ауруханадағы 15 орындық жұқпалы аурулар бөлімшесінің төсек орнының 40-қа артуы ем алушылардың күн сайын көбеюімен байланысты.
– Аудандық ауруханадағы балалар бөлімшесінде бүгінгі таңда 26 бала ем алуда. Ал жұқпалы аурулар бөлімшесінде 40 науқас ем қабылдап жатыр. Оның 22-і балалар, 6-ы – жүкті әйел. Биылғы жылы тұмау ауруының асқынуы ауа райына байланысты болып отыр. Күз айлары – жедел респираторлық вирустық инфекцияның өршитін мезгілі. Сонымен қатар, ауруханаға жедел-ішек инфекциясымен түсетін науқастар да бар. Көбіне балалар ауырып жатыр. Учаскелік медбикелер күн сайын үй-үйді аралап, үй жағдайында науқастанып жатқан балаларды да анықтауда. Қандай жағдайда болмасын өз бетінше ем алуға болмайтынын, балалар ауырса дереу учаскелік дәрігер шақырту қажеттігін ескертеміз. Себебі, ауруды асқындырып алу жедел ем қабылдауға айтарлықтай кесірін тигізеді, – дейді аудандық аурухана бас дәрігерінің орынбасары Жанар Жұмабаева.
– Жақында кішкентай балам ауырды. Одан кейін артынша екі балам да тұмауратты. Үйге дәрігер шақырттық. Қызулары түспей, тамақтары ауырды. Дәрігер ем-дом тағайындап, уақытылы дәрі-дәрмегін бердік. Қазір шүкір, балалар жақсы, аурудан айықты. Балаларым бұрын бұлай ауырмайтын. Өз бетімізше ем жасауға жүрексіндік. Сондықтан дәрігерге жүгінгеніміз дұрыс болды, – дейді жас ана Т.Қалдыбекқызы.
Дәрігерлердің айтуынша, тұмаумен ауырған науқастарда дене қызуы көтеріліп, мұрын бітеледі. Жөтел жиілейді, әлсіздік болады. Ауруханаға жатқызылған науқастар жағдайына қарай емдеу хаттамасына сәйкес ем алады. Ал жеңіл жағдайда үй жағдайында учаскелік дәрігерлер ем тағайындап, 1-2 күн бақылауға алады.
Осы ретте, тұрғындар арасында «Тұмау деп отырғанымыз «ковид» емес пе?» деген сауал туындауы заңдылық. Вирусты жеңдік деп отырғанымызда, балалар арасында тарап жатқан осы дерт емес пе?
– Бүгінгі күнде облыс «жасыл» аймақта екені белгілі. Дегенмен, жыл басынан бері ауданда коронавирус індетіне шалдығудың 215 дерегі тіркелді. Оның ішінде, 73 бала ауырды. Соңғы 2-3 айдан бері ауданда тұрақты эпидемиологиялық ахуал қалыптасқан. Бірақ, пандемия толық аяқталды деп айтуға негіз жоқ. Коронавирустан қорғану шараларын әлсіретпеуіміз керек. Сақтық шараларын естен шығармай, вакцинация, ревакцинацияның пайдасы зор екенін маман ретінде тұрғындарға жеткізгім келеді. Алған вакцинаңыз түрлі инфекциялық аурулардан, ауа арқылы тарайтын вирустардан қорғануға, жеңіл өткізуге көмектеседі. Вакциналаудың ауа райының салқындап, вирустық аурулардың таралатын уақытта маңызы аса зор, – деді аудандық ауруханың эпидемиолог дәрігері Гүлзат Баджанова.
Негізінен, балалардың осы күні жаппай ауырып жатқанын дәрігерлер жыл сайын болатын ЖРВИ деп түсіндіреді. Ауа райының қолайсыздығы, адамдардың жеңіл киінуі, жылыту маусымының әлі де басталмауының әсері де бар. Сондықтан «Сақтансаң – сақтайдыны» ұмытпай, балаларды жылы киіндіріп, салқын су ішпеуін қадағалап отырған жөн. Ал тұмау мерізімі басталмас бұрын екпе салдыру оны жұқтыруды төмендететінін, көпшілік арасында таралмауына көмектесетінін білген жөн.
– Қазір ауданда тұмауға қарсы екпе 4700 адамға салынды. Жалпы, тұмауға қарсы екпе алу адам өмірі үшін қауіпсіз. Көпшілік мұны дұрыс түсіне бермейді. Біз алдыңғы кезекте емханада түрлі диагнозбен «Д» есепке алынғандарды алдымен екпе алуға шақырамыз. Содан соң балалар, жүкті әйелдер емханаға келіп тұмауға қарсы екпе алады. Тұмауға қарсы екпенің осындай кезеңде пайдасы зор, – дейді дәрігер Жанар Әшімқызы.
Дәрігерлер тұмауратқан жағдайда адамды оқшаулау қажеттігін, жеке бас гигиенасын күшейтіп, қолды сабындап жылы сумен жуу керектігін ескертеді. Ауыз қуысын шайып, үйді желдету де маңызды іс-шараның бірі. Баланы дұрыс, құнарлы тамақтандырып, көбірек сұйықтық, жылы су ішкізу – тұмауды жеңудің бірден-бір жолы.
Бибісара ЖАНӘЛІ