Сырдария ауданы: Дамудың жаңа кезеңі
Биыл құрылғанына 95 жыл болған Сырдария ауданы дамудың жаңа кезеңіне қадам басқалы тұр. Олай дейтін себебіміз, Мемлекет басшысының саяси реформаларының негізінде ауданда тұңғыш рет аудан әкімін халық сайламақ. Иә, бұрын аудан әкімі тағайындалатын еді. Онда да мәслихатқа бір ғана адамның кандидатурасы ұсынылатын және ол қолдау табатын-ды. Енді Президенттің пәрменімен аудан басшысын тұрғындар сайлайтын болады. Бұл саяси маңызды іс-шара, яғни сайлау 5 қараша күні өтеді. Осы ретте ауданның қазіргі даму белестері мен жетістіктері жөнінде қалам тербеп, әлеуметтік-экономикалық дамуына тікелей әсер ететін салалар жұмысын саралап көрдік.
Бірлігі бекем, тірлігі көркем Сырдария ауданы – талай талантты тұлғаларға алтын бесік болған киелі мекен. Батыр да, баһадүр де шыққан аудан тарихында есімі алтын әріппен жазылатын ел мақтаныштары көп. Олардың қатарында ақиық ақын Асқар Тоқмағамбетов, қазақ сатирасының сардары Қалтай Мұхамеджанов, театр анасы Сәбира Майқанова, жазушы-драматург Әбдірәш Жәмішевтердің есімі құрметпен аталады. Қай кезде де аты да, халқының даңқы да адал еңбекпен шыққан аудан үздіктер көшін бастап келеді. Соңғы он жылдағы ғана аудан жетістігін шолып қарар болсақ, серпінді Сырдария үш рет «Үздік аудан», екі рет «Озат аудан» атанып, облыс бойынша абырой тұғырынан түскен жоқ. Бұл ауданда атқарылып жатқан жұмыстардың нәтижесі ғана емес, аудан халқының бірлігінің, ынтымағының белгісі екені даусыз. Сондықтан да болар Сырдарияның аты аталса, бірлік, өзара түсіністік пен ынтымақ ұғымдары ойға оралады.
Бүгінде ауданда Ел Президентінің тапсырмасымен, аймақ басшысының қолдауымен мемлекеттік бағдарламалар аясында жоспарланған ауқымды жұмыстар ауданда жүйелі жүргізілуде. Соның негізінде әлеуметтік-экономикалық даму бағытында тұрақты өсім қалыптасқан. Мәселен, 2023 жылға аудан бюджеті 10,0 млрд теңге болып бекітіліп, қазірдің өзінде 11,0 млрд теңгеге нақтыланды. Аудан бюджетінің 63,7 пайызы әлеуметтік және инфрақұрылымдық саланы дамытуға бағытталып жатқанын айтып өту қажет. Аудан әкімдігінің хабарлауынша, есепті кезеңде аудан экономикасына тікелей ықпал ететін өнеркәсіп саласында оң динамика қалыптасып, өнеркәсіп өндірісі 2,2 есеге ұлғайыпты. Нақтырақ айтар болсақ, өңдеу өнеркәсібі 1,4 пайызға, ауыл, орман және балық шаруашылығының жалпы өнім көлемі 1,3 пайызға өскен. Сәйкесінше инвестиция 49,2 пайызға, тұрғын үй 22,1 пайызға және құрылыс жұмыстарының көлемі 56,5 пайызға артқан. Осы тұста ауданның аграрлы аймақ екенін ескеріп, биыл егілген егістің көлемі өткен жылмен салыстырғанда 8,8 пайызға ұлғайғаны көңілге қуаныш ұялатады. Жалпы 36 043 гектар алқапқа ауыл шаруашылығы дақылдарын орналастырған аудан шаруалары 23 811 гектарға күріш егіп, ел қамбасын алтын дәнге толтыру бағытында еңбектенуде. Енді аз күнде егін жинау науқаны да қорытындыланып, шаруалар мерейі үстем болмақ. Былтыр «Үздік аудан» атанған сырдариялықтар, сондай-ақ ала жаздай тер төккен диқандар биыл да жеңісті, жемісті жетістікті еселеуге үмітті. Бақытын еңбектен тауып, нәпақасын ел-халықтың игілігіне, ауданның дамуына арнап жатқан Қазақстанның Еңбек Ері Абзал Ералиевтей азаматтар аграрлы ауданның ауылшаруашылық саласын өркендетіп қана қоймай, өз кәсіптерін жаңа заман талабына сай әртараптандыруда. Бүгінде Сырдарияда егілген күріш шетел нарығына да экспортталып, табиғи таза өнімге сұраныс көлемі артуда.
Ақпарат ретінде айтар болсақ, биыл аудан бойынша егілген егіннің 1723 гектары жаздық бидай, 180 гектары мақсары, 100 гектары күнбағыс, 15 гектары арпа екен. Жаңа жоңышқаның көлемі 1846 гектар болса, картоп 508 гектарға егілген. Халықтың сұранысы ескеріліп, көкөніс өнімдері 240 гектарға, бау-бақша 420 гектарға, ескі жоңышқа 7200 гектарға егілген. Егін егу науқанында су тапшылығын болдырмау мақсатында жаңадан 4 насос алынып, жалпы 32 насоспен егінге су жеткізіліпті. Әрине азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында да нақты жұмыстар жүргізілуде. Облыс әкімінің қолдауымен ауданда былтыр 210 гектар қосымша жер ашылып, 865 отбасы бақша дақылдарын ексе, биыл жер көлемі 359 гектарға дейін артып, 1105 отбасы әлеуметтік маңызы бар картоп, көкөніс, бақша өнімдерін еккенін айтып өту қажет. Бұл бағытта әсіресе еңбексүйгіш жастар белсенділік танытуда. Былтыр Айдарлы мен Аманкелді ауылында жастар бригадасы құрылып, ауыл жастары 20 гектарға егін ексе, биыл қосымша төрт ауылда, Шіркейлі, А.Тоқмағамбетов, Бесарық, Жетікөлде жаңадан жастар бригадалары құрылып, 60 гектарға бақша дақылдарын орналастырды. «Байқоңыр» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясымен бірлесе 5 мәрте азық-түлік жәрмеңкесі өткізіліп, халыққа арзан бағада жергілікті өнімдер ұсынылуда.
Ауданда кәсіпкерлік саласын дамыту тұрақты назарда. Қазіргі таңда 3339 шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі нақты жұмыс істеп тұр. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда кәсіпкерлік үлесінің 32,6 пайызға өскенін білдіреді. Жалпы 2023 жылдың 8 айында мемлекеттік және өңірлік бағдарламалар аясында құны 2,3 млрд теңгені құрайтын 221 жобаға қаржылай қолдау көрсетілген. «Микробизнес-Қызылорда» бағдарламасы бойынша құны 136 млн теңгенің 12 жобасы мақұлданған. Ұлттық жоба шеңберінде екінші деңгейлі банктер арқылы құны 223,4 млн теңгенің 7 жобасына да қаржылай қолдау көрсетілген. Ал 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жобасы аясында 72 азамат 99,4 млн теңге көлемінде қайтарымсыз грант иеленген. «Кең дала», «Агробизнес» және «Іскер» бағдарламалары бойынша 408,8 млн теңгенің 66 жобасы жүзеге асырылған. Сонымен қатар «ҚазАгроҚаржы» АҚ-ның Қызылорда филиалы арқылы құны 520,5 млн теңгеге 15 ауылшаруашылық техникалары мен құрал-жабдықтар алыныпты. Жастарды шағын несиелеу бойынша 55,4 млн теңгені құрайтын 12 жобаға мемлекет тарапынан нақты қолдау көрсетілген.
Кәсіпкерлік саласын қолдау іс-шаралары мұнымен тоқтап қалмайды. Жылдың соңына дейін құны 1,9 млрд теңгені құрайтын 10 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарлануда. Оның ішінде «Микробизнес-Қызылорда» бағдарламасы арқылы 2 жоба, Ұлттық жоба шеңберінде екінші деңгейлі банктер арқылы 1 жоба, «Ауыл аманаты» бағдарламасымен 2 жоба және тұрғындардың жеке қаражаты есебінен 5 жоба жүзеге асырылады деп күтілуде. Негізі жеңілдетілген несие алу үшін 414,0 млн теңгені құрайтын 49 жобаның құжаттары қаржы ұйымдарымен қарастырылып жатыр екен. Осы тұста Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес халықтың табысын арттыру мақсатында қолға алынған «Ауыл аманаты» жобасына қатысуға аудан халқының ерекше белсенділік танытып жатқанын айтпай өту мүмкін емес. Бүгінде бағдарлама аясында 3 млрд теңгені құрайтын 489 жобаның құжаты нақтыланып, «Байқоңыр» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясына ұсынылуда.
Ауданда құрылыс және коммуналдық сала бойынша да қарқынды жұмыстар атқарылуда. Биыл бұл бағытта 11,6 млрд теңгеге бюджеттік өтінім ұсынылып, 7,4 млрд теңгенің 62 жобасы қолдау тапты. Жол жөндеу саласында биыл 31 жобаға 1 млрд теңге қаржы бөлінді. Осы қаржыға 27,6 шақырым жолға асфальт төсеу жоспарланып, есепті кезеңде 14,3 шақырым жол қайта жаңғырту және орташа жөндеуден өткізілген. «Ауыл ел бесігі» жобасы арқылы 488,7 млн теңгені құрайтын 12 жоба, сондай-ақ облыстық бюджеттен 335,2 млн теңге болатын 16 жоба және аудандық бюджеттен 206,1 млн теңгені құрайтын 3 жоба жүзеге асуда. Сонымен бірге «Қызылорда – Айдарлы – Тартоғай» автожолына 1,4 млрд теңгеге, «Шымкент –Самара – Тереңөзек» трассасына 687,0 млн теңгеге жөндеу жұмыстары жүргізілген.
Мемлекет басшысының «Әділетті Мемлекет. Біртұтас Ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында халыққа бірінші кезекте қажетті салаларға көңіл бөлу жөнінде кеңінен айтылды. Осы ретте былтыр аудан басшысының тапсырмасымен Жолдауды жүзеге асырудан туындаған мақсат-міндеттер аясында аудандағы электр қуаты мен ауыз су құбыры желілеріне зерделеу жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде электр желілерінің 70 пайызының тозығы жеткені анықталды. Осыған байланысты бюджет көздерінен 1,8 млрд теңгеге Айдарлы, Аманкелді, Жетікөл, Қоғалыкөл, Шаған елді мекендерінің электр бағаналары мен желілерін, трансформаторларын толық жаңарту жұмыстары жүргізілді. Тереңөзек кентін, Қалжан ахун, А.Тоқмағамбетов, С.Сейфуллин елді мекендерін электрмен жабдықтауға демеушілердің қолдауымен жобалар әзірленуде. Ауыз су құбырларын жаңарту үшін де демеушілік есебінен 6 жоба әзірленіп, бүгінде Шаған мен Қоғалыкөл ауылындары бойынша 279 млн теңге қаржы бөлінген. Ал Тереңөзек кенті мен Аманкелді ауылына қатысты 3 жобаның құрылысын қаржыландыру күтілуде.
Көршілес облыстармен салыстырғанда соңғы жылдары Сыр өңірінде аудан орталықтары мен ауылдарды газдандыру жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Бірер жыл бұрын Тереңөзек кентінің тұрғындары табиғи газдың игілігін көруді бастады. Бүгінде көмір тасып, отын бұтауды «ұмытқан» кент тұрғындары бос уақыттарын басқа жұмыстарға бағыттауда. Енді Қалжан ахун, С.Сейфуллин, А.Тоқмағамбетов және Шаған ауылдарының газдың игілігін көретін күні алыс емес. Бұл ауылдарды газдандыру мақсатында 2023-2025 жылдарға республикалық бюджеттен қаржыландыруға 3,9 млрд теңгеге бюджеттік өтінім ұсынылған. Нәтижесінде 2023 жылға Қалжан ахун ауылына газ жүргізуге 330 млн теңге бөлінді. Ал С.Сейфуллин және А.Тоқмағамбетов ауылдарын газдандыру жобасын бастауға облыстық бюджеттен 40 млн теңге бөлініп, жұмыстар жасалуда. Мемлекет тарапынан ғана емес газдандыру жұмыстарын демеушілер тарапынан бастауға да басымдық берілуде. Мәселен демеушілік есебінен жасалған Н.Ілиясов ауылын газдандыру жобасына бюджеттік өтінім ұсынылса, қазіргі таңда Бесарық, Ақжарма елді мекендерінің жобалары әзірленуде.
Көркейту-көгалдандыру, санитарлық тазалық жұмыстары күн тәртібінен түспейді. Себебі ауданның тазалығын қалыптастыру мен сақтау – ортақ міндет. Әрине кейбір тұрғындардың немқұрайлығын есепке алмағанда билік те, халық та бұл бағытта үйлесімді жұмыс жүргізуде. Апта сайын ұйымдастырылып жатқан сенбіліктер мен тазалық акциялары алдағы уақытта да жалғасатын болады. Бұл жұмыстарға жалпы аудандық бюджеттен 106,0 млн теңге бөлінген. Биыл жасыл белдеуге 5000 түп көшет отырғызылса, аудан орталығындағы «Майжарма» каналының бойы демалыс орны ретінде абаттандырылуда. Сондай-ақ И.Тоқтыбаев көшесінің бойына 133 млн теңгеге ұзындығы 3,2 шақырым болатын тротуар мен лоток салынды. Тереңөзек кентінен облыстық бюджет есебінен 60,4 млн теңгеге тұрмыстық қатты қалдықтар полигоны салынады. Облыс әкімінің бастамасымен «Үздік елді мекендер» байқауы өткізіліп, Нағи Ілиясов ауылы бірінші орынды жеңіп алды. Бұл – ауданымыз үшін жетістік.
Халықты жұмыспен қамту, жұмыссыздықты азайту қашан да маңызды. Биыл ауданда 2142 жаңа жұмыс орнын құру жоспарланған. Жыл басынан бастап «Мансап» орталығына 2500-ге жуық адам хабарласқан. Олардың басым көпшілігі жұмысқа орналасу және заң аясында кеңес алу мәселелерін көтерген. Есепті кезеңде 367 азамат тұрақты жұмыспен қамтылыпты.
Мемлекеттің жарқын болашағы оқушылар мен жастарды сапалы біліммен қамтамасыз етумен тікелей байланысты. Бүгінде аудан бойынша 53 білім беру ұйымы жұмыс істейді. Оның ішінде жаратылыстану-математикалық бағытта 5 инновациялық мектеп-лицей бар. Аз қамтылған отбасы мен 1-4 сынып оқушылары 100 пайыз бір мезгіл ыстық тамақпен қамтылған. 2022-2023 оқу жылында 471 түлек мектеп бітіріп, олардың 396-ы ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысты. Ауданның орташа балы – 83,2 баллды құрады. 316 түлек мемлекеттік грантты жеңіп алып, жоғары оқу орындарына оқуға түсті. Яғни, аудан бойынша оқушылардың 86,0 пайызы мемлекеттік грант иегері атанды. Мектеп бітіруші түлектердің 29-ы «Алтын белгі», 35-і «Үздік аттестат» иегері екенін де айтып өткеніміз жөн.
Балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру – басты назарда. Аудандық білім бөлімінің мәліметінше, мамыр-маусым айларында сырдариялық 880 оқушы Түркістан, Қызылорда облысы аумағына түрлі бағытта саяхатқа шыққан. Бастауыш сыныпта оқитын 4665 оқушы мектеп жанынан ашылған күндізгі тынығу лагерьлерімен қамтылған. Аудандағы «Жалын» лагерінде 6 ауысымда 681 бала демалыпты. Сондай-ақ демеушілер есебінен 100 оқушы «Қамбаш» лагерінде, республикалық бюджет есебінен 138 оқушы Алматы, Шымкент, Бурабай және Қонаев қаласындағы лагерьлерде демалыстарын өткізген.
Мемлекет басшысының тапсырмасымен әзірленген «Жайлы мектеп» Ұлттық жобасы аясында аудан орталығында 300 орындық жаңа мектеп құрылысын салу жоспарлануда. Қазір жері белгіленіп, нақтыланған. Бұйырса Тереңөзек кентіндегі №210 О.Әбілпаттаев атындағы орта мектептің жанынан жаңа білім ордасы бой көтермек. Бұл өз кезегінде аудандағы білім сапасын арттыруға, оқушылардың қарым-қабілетін жетілдіруге септігін тигізері анық.
Ауданда халық денсаулығын жақсарту үшін медициналық мекемелер жаңартылуда. Биыл облыстық бюджеттен 182,4 млн теңге бөлініп, Іңкәрдария, А.Тоқмағамбетов және Қалжан ахундағы фельдшерлік-акушерлік бекеттер күрделі жөндеуден өтуде. Ал республикалық бюджеттен бөлінген 405 млн теңгеге Н.Ілиясов ауылында жаңа амбулатория құрылысы салынуда. Жыл басынан бері ауданда 400-ден астам бала дүниеге келіп, ана өлімі тіркелмеген. Дәрігерлер тапшылығын болдырмау мақсатында жыл басынан бері 3 жалпы тәжірибелік дәрігердің ауданға келіп қызмет етуіне жағдай жасалған. Сондай-ақ аудан әкімінің халықпен есепті кездесуінде көтерілген ұсыныс-пікірлердің орындалуының негізінде Аманкелді ауылына биохимиялық анализ алатын анализатор аппараты қойылған. Айдарлы, Жетікөл, Аманкелді, Бесарық ауылдарының халқы аудан орталығына келмей-ақ, жақын жерден анализдерін тапсырып, ем шаралары жасалуда.
Мемлекеттік басқару жүйесінің талаптарына сәйкес ауданда мәдениет пен спорт бөлімі біріктірілді. Жыл басынан бері ұлттық мәдениетті дамытуға бағытталған түрлі форматтағы 498 іс-шара өткізілді. Қазақтың ұлттық мерекесі – Наурыз мейрамында ауданда республикалық ақындар айтысы ұйымдастырылды. Ал халықтың жазғы демалысын ұйымдастыру мақсатында Тереңөзек кентінде жағажай ашылып, халыққа қызмет көрсетуде. Бүгінде аудан халқының 38 пайызы жүйелі түрде спортпен айналысады. Облыс әкімінің тапсырмасымен демеушілік есебімен 6 ойын алаңы салынды. Ал облыстық бюджеттен бөлінген 88 млн теңгеге Тереңөзек кентіндегі спорт клубы ғимараты күрделі жөндеуден өтуде. Оған қоса Бесарық ауылындағы спорт кешені биыл пайдалануға беріледі.
Бірлігі бекем, тірлігі көркем ауданда осындай кешенді жұмыстар атқарылуда. Халықтың ұсыныс-пікірі де ескеріліп, нақты шаралар қабылдануда. Облыстың 85 жылдығына толағай табыстармен жетіп отырған аудан дамудың жаңа кезеңіне қадам басқалы тұр. Жаңа кезеңнің жауапкершілігі де жоғары екені белгілі. Атқарушы билік те, жергілікті халық та ауданның дамуына үлес қоса бермек. Бұл – сырдариялықтар үшін бұлжымас қағида.
Ақтөре ИБРАГИМҰЛЫ