СЫРДАРИЯ АУДАНЫНЫҢ 90 ЖЫЛДЫҒЫ КЕҢКӨЛЕМДЕ АТАЛЫП ӨТІЛЕДІ
Бірлігі бекем, тірлігі тындырымды Сырдария ауданы үшін биыл ерекше жыл. Дамудың даңғыл жолына түскен ауданның құрылғанына 90 жыл толып отыр. Осыған байланысты, бүгінде айтулы мерейтойды атап өтуге дайындық жұмыстары басталып кетті. Сырдария ауданынан шыққан халық жазушысы Қ.Мұхамеджанов пен Ә.Жәмішевтің 90 жылдығы, ақын С.Оспанның 80 жылдығы жəне ақын Ж.Дәрібаеваның 70 жылдығы осы мерекеге тұспа-тұс келіп тұр. Атаулы күндерге байланысты ұйымдастырылатын мәдени-көпшілік іс-шаралардың негізгілері тамыз айында өткізіледі деп жоспарлануда. Республикамыздың Астана, Алматы және басқа да қалаларында тұратын жерлес азаматтар мерейтойға шақырылады. Сонымен бірге, бірқатар мәдени нысандар ашылады. Барлық ауылдық округтерде мерейтойға орай мәдени, спорттық іс-шаралар ұйымдастырылады. Ауданда республикалық деңгейде ақындар айтысы өткізіледі. Ауданның 90 жылдық тарихы туралы ғылыми-практикалық конференция және аудан туралы жаңа кітаптың тұсаукесер рәсімі ұйымдастырылады. БАҚ өкілдері арасында кіші футболдан турнир өткізу де жоспарда бар. Сырдария ауданының 90 жылдығы республикалық және аймақтық бұқаралық ақпарат құралдарында кеңінен ақпараттандырылатынына сенім мол.
Сырдария ауданы әкімінің баспасөз қызметі.
Пікір 1