Аула тазалығы сын көтермейді
Тазалық айлығы басталғанына да біршама уақыт болды. Күнделікті кент тазалығына жауапты жұмысшылардан басқа аптаның әрбір сенбі күні ауданда сенбілік өтеді. Барлық мекеме қызметкерлері тазалық жұмыстарын жүргізуді жауапкершілігіне алған.
«Айта-айта Алтайды Жамал апай қартайды» дегендей газетіміздің әрбір нөмерінде кент тазалығына барлық тұрғын атсалысу керектігі туралы айтып жатырмыз. Айтқаннан, жазғаннан ешқандай нәтиже болмай тұрған сыңайлы. Себебі тазалық айлығына атсалысып жатқан тұрғындар жоқтың қасы. Бұлай айтуға негіз де бар.
Редакция қызметкерлері де әр аптаның сенбі күні сенбілікке шығып, мекеме алдын тазалайды. Өткен аптада редакция маңындағы көпқабатты үйлердің ауласын шолып өтіп, онда тазалықтың жоқтығына көзіміз жетті. Сондықтан бір сенбілігімізді кенттегі А.Иманов көшесі №19 көпқабатты үйдің ауласына арнауға шешім қабылдап, шөп-шаламнан тазалап беруге бекіндік. Себебі тазалық айлығы басталғалы бұл тұрғын үйдің ауласына тұрғындар тазалық жұмыстарын мүлдем жүргізбеген.
Таңертеңнен бастап сол үйдің маңайына ұжым болып жиналдық. Көзімізбен көрген көрініске адам шошынады. Ол маңайда подъезден бастап аяқ алып жүретін жер жоқ. Барлық жер қоқысқа толы. Арам шөптерден аяғың шалынады. Ал оның арасындағы қоқыстан адамның көзі ұялады. Бұл тұрғын үйдің пәтерлері орталықтандырылған канализация құбырына қосылмаған болуы керек аулада дәретханалар тізіліп тұр. Құлау алдында тұрған сарайлар тура екінші дүниежүзі соғысынан қалған секілді. Ол жерде ойнап жүрген балалардың қауіпсіздігіне алаңдамасқа болмас. Іргесі сөгілген, шұрық-тесік сарай деген жай аты болмаса, оны шұғыл арада бұзу керек. Кент әкімдігінің «құлағына алтын сырға», осыдан бірнеше жыл бұрын көп қабатты үйлердің алдында тізілген сарайлар мен дәретханаларды бұзып тастауға жібергенде бұл тұрғын үй ауласындағы құлап тұрған сарайлар қалай көзден таса қалып қойғаны ойлантады. Қаптаған дәретхана айналасындағы қоқыс пен қалың боп өскен шөптерді айтпағанның өзінде ауладағы кір жаятын сымға жақындау үшін де талай қоқысты аяғыңмен басып өтуің керек. Сонда мына үйдің тұрғындары осыншама лас жерден қалай жүріп өтіп, тіршілігін жасайды деген ойға қалдық. Тіпті айтуға ұят, мал ұстайтын тұрғындардың мал қорасы мұндай лас болмайтын шығар.
Редакция қыз-келіншектері сол үйдің тұрғындарына «тазалықтың жайы осындай болуы керек» деп қолдарына сыпырғы мен күрек, айырын алып, тазалық жұмыстарына кірісіп кетті. Бұрқыраған топырақтың шаңы аспанға көтеріліп, жұмыс қыза түскенде де подъезден қолына сыпырғысын алып шыққан келіншекті немесе күрегін ұстаған ер азаматты көрмедік. Бірде бір адам өз ауласын тазалауға шықпады. Қайта шаң-тозаң ашық тұрған терезелерінен кіргендіктен, үй иелері терезелерін тарс жауып алды. Содан түске дейін сол подъезден адам баласы шықпады.
Аулада кір-қоқыстың ортасында ойнап жүрген балалар да жұмыс істеп жатқан бізге кедергі келтіргісі келмеді ме, олар да үйлеріне кіріп кетті.
Негізінен тазалық әркімнің өзіне керек. Тазалық жоқ жерде түрлі ауру ошақтары пайда болады. Ауада тараған инфекция мен вирустар адам ағзасын зақымдайтыны белгілі. Басқа көп қабатты үйлерді айтпағанның өзінде, біз тазалаған ауладағы тұрғын үйде естуімізше жас отбасылар тұрады. Мұны сол маңайдан, ауладан өтіп бара жатқан кент тұрғыны айтып берді.
«Бұрын бұл аула таза болатын. Арам шөптер уақытылы шабылып, бей-берекет қоқыс жатпайтын. Қазір бұл үйде жастар пәтер жалдап тұрады. Олар өзімнің үйім деп ойламайды ғой, әйтпесе бір күн емес, біраздан бері тұрып жатқан үйлерінің айналасын тазалап неге отырмасқа. Мынадай етіп бөтен адамдар тазалап бергенге ұялмай ма?» деп көршілерінің тым тырыс жатқан әрекеттеріне қынжылыс танытты көрші апа.
Бас аяғы бір-екі сағаттың ішінде аула тазаланып қалды. Үйілген қоқыс пен арам шөптер бір жерге жиналып, оны алып кететін көлікке де хабар берілді. Осы күні тұрғын үй иелерінің қолайлы өмір сүруі үшін бөтен кісілер жағдай жасады. Енді тазалық сақтаудың арғы жағы не болатынын уақыт көрсетеді.
«Әй, қайдам, адамдар біреудің істеп беретініне сеніп кеткен. Көр де тұрыңыз, келесі жылдың көктеміне дейін бұл маңай тағы да қоқысқа толады. Тұрғын үйдің қоқыстарын арнайы орынға апарып төгуді білмейтін тұрғындар, ауласын тазалап отырады дегенге сенбеймін» деді тағы да сол үйдің сыртын әрлеп, жөндеп жатқан жұмысшылар.
Айтпақшы, кент орталығындағы көше бойындағы көпқабатты тұрғын үйлердің қасбеті демеушілердің есебінен қайта жаңғырып жатыр. Біз ауласын тазалаған тұрғын үйдің де қасбеті жаңғыртудан өтіп жатқаны қуантқанымен ауласындағы қоқысқа қарап, «сырты бүтін, іші түтіннің» кері келіп тұр.
Иә, ауласы қоқысқа толған көпқабатты үйлерге көзіміз үйреніп қалды. Өйткені күнделікті жұмысқа келіп-кеткенде көпқабатты тұрғын үйдің ортасымен жүреміз. Айналасын арам шөптер қаптаған аулада ит пен мысық, сиыр мен жылқы жайылып жүреді. Сол маңайдағы тұрғындар да ондай көрініске үйреніп кеткен. Балалары ойнайтын ауласын аптасына бір рет тазалап қоюды ойламайды.
«Кір-қоқысқа малғұндар үйір болады. Жастар білмесе, үлкендер жағы үлгі болып, үйіміздің көше жақ бетін сыпырып, тазалап көрсетуіміз керек. Таза жерде өмір сүру үшін бөтен мекеменің адамы келіп тазалап бергені ұят нәрсе. Өз қолымен былғаған, қоқыс тастаған екен өздеріне тазалату керек. Негізі тазалық мәдениетіміздің көрінісі. Адамдарды мәдениетсіз десек, ар-намысымызға тиеді. Ал мынадай көріністен кейін қалай олай айтпасқа» дейді ардагер-ұстаз Сұлупан Шамшадинова.
Шын мәнінде тазалыққа немқұрайлы қарайтындарға әкімшілік айыппұл салу заңмен белгіленген. Кент әкімдігі тарапынан құрылған жұмысшы топ құрамындағы учаскелік полиция өкілдері мен санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының мамандары тазалықты сақтамаған көше тұрғындарына көктем-күз айларында айыппұл салады. Сондықтан айыппұл арқалағанша, тазалаққа мән беріп, отбасыңызды сенбілікке шығарсаңыз, ортақ үйге айналған кентімізді бірге көркейтеміз.
Б.ТАҢАТАРҚЫЗЫ