Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Тілші мен тәртіп сақшысының бір күні

Тілші мен тәртіп сақшысының бір күні

Тәулік бойы қоғам өмі­рімен тыныстайтын күрделі саланы тізгіндеген әрбір тәр­тіп сақшысының өзіне жүк­телген қызметтік мін­деті бар. Бір күн бойы жур­на­листік қызметтен қол үзіп, қаламымызды сала ма­­ман­­дарының рациясына ал­­мас­­тырған едік. Анығын айт­­қан­да, ҚР Ішкі істер ми­нис­трлігінің «Погонды жур­­налист» жобасы аясында тәр­тіп сақшыларымен бірге қо­ғам тыныштығын күзетуге белсене араласқан болатынбыз.

Ең алдымен, аудандық полиция бөлімі басшысының міндетін атқарушы, полиция подполковнигі Азамат Оспановтың қабылдауында болып, күні бүгінге дейін атқа­рылған жұмыстардың мән-жайына қанық­тық. Кездесуде сан бағытқа бөлінген аудан­дық полиция бөлімінің жұмысы қай кезде де қауырт екеніне тағы бір мәрте көз жеткіз­дік. Бұдан кейін қырағы қасиетімен тәртіп бұзушылықтың алдын алатын полиция қызметкерлерінің кезекті жұмыс күніне арнал­ған дайындық барынша пысықталды. Бұл ретте, тәртіп сақшылары қызметтік қару­ды жасақтап, автокөліктің май-суын тексерді.

Өз кезегінде аудандық полиция бөлімі басшы­сының міндетін атқарушы, полиция под­полковнигі А.Оспанов пен «Жергілікті полиция» бөлімшесінің басшысы, полиция майоры Қ.Көшекбаев жиын өткізіп, күнде­лікті жүзеге асырылатын қызмет бөлінісін сала мамандарына таныстырды. Тереңөзек кенті бойынша 5 бағытта кезекшілік атқа­ратын 16 тәртіп сақшысының қатарына біз де қосылған едік. «Жергілікті полиция» бөлімшесіне қарасты патрульдік поли­ция тобының қызмет инспекторы, полиция аға лейтенанты О.Доспановпен бірге тәр­тіп бұзушылықтың алдын алу үшін жұмыс жаса­дық.

Заманауи бағытта жасақталған авто­көлік сала мамандарына оңтайлы етіп жабдық­талған. Арнайы планшеттің көме­гімен көлік жүргізушілерінің заң бұзушы­лықтарға жол бергендігін дер кезінде анықтауға болады. Енді жол бұзғандарға салынатын айыпұл мен жауапкершілік туралы айтып өтейік.

Негізінен, жаяу жүргіншілер рұқсат етілмеген жолды кесіп өтсе, 6900 теңге мөлшер­де айыппұл төлейді. Аталған заң бұзу­шылық қайталанып немесе бұдан біреу зардап шеккен жағдайда 34500 теңге көле­мінде айыппұл салынады. Ал, көлік тізгін­деген кез келген тұлға сағатына 10-нан 20 км дейінгі шамаға арттыру 5 АЕК, яғни, 17250 теңге, сағатына 20-дан 40 км дейін 10 АЕК немесе 34500 теңге, сағатына 40 км және одан да көп шамадан тыс арттыру жағдайы бір жыл ішінде қайталанса 30 АЕК көлемінде 130500 теңге мөлшерде айыппұл салынады. Сонымен қатар жүр­гізуші рөлде отырып, телефонды немесе радиостанцияны пайдаланған мезетте 17250 теңге көлемінде айыппұл арқалайды. Аталған әрекет бір жыл ішінде қайталанса, айыппұл сомасы 34500 теңгені құрайды. Осы ретте, жүргізуші қауіпсіздік белдігін тақпаған кезде және жолаушыларды, жүктерді тасымал­дау, мотошлемдерді пайдалану қағидасын сақ­тамағанда 5 АЕК көлемінде 17250 теңге ай­ыппұл иесі атанады. Біз көп төленетін ай­ыппұл мөлшерлерін назарларыңызға ұсын­дық. Ішімдікті тұтынып, көлік басқарған жүр­гі­зушіге жаза қатаңдатылғанын да ескеруіміз қажет.

Әрі қарайғы сапарымыз кент көшелерінде жалғасты. Көше бойында қарбалас тіршілік. Тереңөзек кентінің орталық көшесі саналатын Аманкелді Имановтан бас­тап, Қонысбек Қазантаев, Иса Тоқтыбаев бағытын аралап көрген едік. Мәселен, Иса Тоқтыбаев көшесінің бойында бір автокөлік тоқтатылып, иесіне түсіндірме жұмысы жүргізілді. Ал, Қонысбек Қазантаев көшесінде электронды мопед айдап келе жатқан жасөспірімге жол ережесінің негізгі талаптары жөнінде кеңінен айтылды. Тәртіп сақшылары 5 бағыт бойынша осы күні 71 хаттама толтырып, ескерту, айыппұл салу секілді бірнеше жаза түрлерін азаматтарға қолданды. Оның бәрі заң аясында жүргізілгеніне біз де куә болдық.

Журналистік зерттеу барысында респуб­­ликалық «Құқық тәртібі» жедел-профилак­тикалық іс-шарасы өткізіліп жатқандығын тәртіп сақшылары біздің назарымызға салды. Үш күнге созылған іс-шара барысында жекелеген азаматтарға 91 хаттама толтырылған.

Айта кетейік, «Учаске» жедел-профи­лактикалық іс-шарасы 1 ай көлемін­де жал­ға­­сын табады. «Автомобиль» іс-шара­сы да, 1 айға жуық уақытта жол жүру ереже­­­лерін өрес­кел бұзған азаматтарды анықтауға ар­на­­­­лады. Тәртіп сақшылары жекеле­­ген авто­көлік иелерін тексеру барысында суық қару сақтаған кент тұрғынын анық­та­ған. «Учас­ке» жедел-профилак­тикалық іс-ша­расы шеңберінде ҚР ӘҚБтК-нің 482 бабы­­­­ның 1-бөлігімен жергілікті тұрғынға суық қару сақтағаны үшін хаттама толтырып, құжаты сотқа жолданды. Полиция қызметкерлері қырағылық танытып, аудан аумағындағы саяжайдың бірінде тұратын азаматтан есірт­кіге жататын хош иісті өсімдік тәркіледі.

Расында, әрбір қызметтің қиыншылығы бар. Біз көрген тәртіп сақшысының бір күні сан түрлі оқиғамен тап келеді. Ішімдікке масай­ған кісі, зорлық-зомбылыққа тап бол­ған отбасы мүшесі, бөтеннің мүлкіне қол салған ұрлықшы, жол ережесін бұзған жүр­гізу­­шімен бетпе-бет келетін сала маман­дарының жұмысына сәттілік тілейміз.

Балтабай ОРДАБЕКОВ
05 қыркүйек 2023 ж. 317 0