Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Әке жолын қуған тәртіп сақшысы

Әке жолын қуған тәртіп сақшысы

Ел-халықтың тыныштығын күзеткен құ­қық қорғау саласының мамандары қоғам өмірімен етене араласады. Күні-түні қырағылық танытатын тәртіп сақ­шыла­рының еңбегі орасан. Жылдар бойы темір­дей тәртіпке бағынған олардың қай кезде де, жұмысы қауырт саналады. Терең­өзек пен Нағи Ілиясов ауылының арасын жол қылып, кәсіби қызметіне адалдық танытқып келе жатқан менің кейіпкерім – Нұрлан Исабаевтың есімі көпшілікке жақсы таныс. Ол 20 жылға жуық уақытта құқық қорғау саласының тәжірибелі маманына ­айнала білген жан.

Негізінен, Нұрекеңнің әкесі Әкбар Исабаев ішкі істер саласында бірнеше жыл қызмет етіп, зейнетке шыққан. Кішкентайынан әкесінің атқарған қызметіне тереңнен қаныққан Нұрлан Исабаев Тереңөзек кентінің тумасы. Биыл қырықтың қырқасына шыққан тәртіп сақшысы білімнің қарашаңырағы – №35 Иса Тоқтыбаев атындағы мектеп-лицейдің түлегі. Мектеп бітіргеннен кейін бала арманға қанат бітіру мақсатында Н.Исабаев Қызылорда Заң университетіне «Құқықтану» мамандығы бойынша оқуға түседі.

– Біз отбасында 4 ағайындымыз. 3 ұл 1 қыздың ішінен өзім әке жолын жалғауға байлам жасадым. Қашанда әке тәлімін алған мен үшін құқық қорғау саласында еңбек ету – зор мәртебе болды. Үнемі мұнтаздай тазалық пен қатаң тәртіпті талап ететін асқар тауымның айтқан ақыл-кеңесі өмірлік сабақ еді. Арнайы «Құқықтану» мамандығын меңгерген бойда аудандық полиция бөліміне жұмысқа орналастым. Учаскелік полиция қызметкері ре­тіндегі алғашқы еңбек жолымда көптеген қиын­дықты жеңе білдік. Басшылық тарапынан берілген күрделі тапсырманы орындауға барымызды салған едік. Қазіргі уақытта Нағи Ілиясов ауылының учаскелік полиция қызметкерімен. Аталған қызметтің жауапкершілігі зор. Әркез про­филактикалық іс-шара жүргізіп, қылмыстың алдын аламыз. Елді мекенде қоғамдық тәртіп орнауын қадағалаймыз. Сонымен бірге ауылдағы полиция қызметкеріне жергілікті тұрғындар сан түрлі мәселемен хабарласады. Әрбір адамның мәселесін шешу мақсатында зерделеу жұмыстары жүргізіледі, – дейді тәртіп сақшысы.

Расында, учаскелік полиция қызметіне тәжі­рибесі мол мамандар тартылады. Өз кезе­гінде Нұрлан Исабаев бұған дейін қызметтік жол­дың бірнеше сатысынан өткен. Анығын айтқанда, тәжірибелі маман табиғатты қорғау поли­циясының білікті маманы атанып, орманды қор­ғау саласының қызметкерлерімен 7 жыл бойы бірлесіп жұмыс жасаған. Сонымен бірге тергеу қызметіндегі анықтаушы саласында абыройлы қызмет атқарған.

– Иә, бір бөлімнің ішіндегі қос саланың бағыты әртүрлі. Бірнеше жыл көлемінде табиғатқа залал келтірген азаматтарды құрықтау үшін ең­бек ете білдік. Ал тергеу саласы өзіндік ауырт­палығымен ерекшеленеді. Көптеген оқыс оқиғаның, қылмыстың басы-қасынан табыламыз. Қылмысты ашуға септігін тигізетін айғақтарды анықтау – басты міндетіміз. Үнемі кәсібилілікті шыңдап, із кесу, саусақ іздерін анықтау секілді жұмыстарды жүргіземіз. Жақында Нағи Ілиясов ауылында ұрлық қылмысын ашқан болатынбыз. Қылмыс орын алғаннан кейін 1 ай уақыт аралықта жәбірленуші бізге арыз түсірді. Арада біршама уақыт өтсе де, қылмыс жасаған азаматты анықтай алуға мүмкіндік туды, – дейді кәсіби маман.

Мақтаулы майор аяулы жары Айнұр Нұржа­киевамен бірге отбасында 4 перзент тәрбилеп өсіруде. Тәртіп сақшысының бабын тапқан Айнұр Серуенбекқызы №35 Иса Тоқтыбаев атындағы мектеп-лицейде арнайы педагог ретінде қызмет етеді.

Сонымен бірге екінші анасы Раяның тағы­лымды тәрбиесін алған ол – отбасылық өмірге, тұрмысқа қажетті көптеген дүниені үйрене біл­ген. Себебі, Рая апа саналы ғұмырында тәртіп сақшысының жағдайын жасап, құқық қорғау саласында алаңсыз, еш уайымсыз жұмыс жасауына қолғабыс еткен жан. Өнегелі отбасының перзенті Нұрлан Исабаев қызметтік жолында бірнеше мәрте жоғары марапатқа қол жеткізген. Мәселен, Нұрлан Әкбарұлына облыстық полиция департаментінің басшысының мақтау громатасы бірнеше рет берілген. Ең бастысы, қырағы сақшы ел алғысын әрқашан арқалай білген. Бұл ретте, полиция майорының кәсіби мерекесімен шын жүректен құттықтаймыз!

Балтабай ОРДАБЕКОВ
20 маусым 2023 ж. 350 0