Жолдағы тәртіп – бәріне ортақ
Қашан да ел тыныштығын күзетіп, тұрғындар қауіпсіздігін сақтау – тәртіп сақшысының абыройлы міндеті. Мұндай жауапкершілігі мен жүгі ауыр қызмет аса қырағылықты да талап етеді.
23 маусым – Полиция қызметкерлерінің кәсіби мерекесі. Осы ретте, біз тәртіп сақшыларының бір күнімен танысуды құп көрдік. Ондағы мақсат – қауырт қызмет иелерінің бір күн ішіндегі жұмысымен танысып, оны оқырманға баян ету һәм ел тыныштығын күзеткен сақшылар еңбегін насихаттау.
Шектеулі уақытқа өзімізді басқа сала қызметкері ретінде сезінуге жол-патрульдік полициясы қызметін таңдадық. Қазіргі таңда көлік те, үлкен қалаларда жол-көлік оқиғасы да жиі кездесіп жатады. Сол себепті де жол полицияларының қызметі қауырт.
Аудан бойынша бір тәулік ішінде кезектілікпен жол-патрульдік полициясы қызметінде 2 экипаж жүреді. Таңмен таласа қызметке кіріскен тәртіп сақшылары тоғызға дейін полиция бөліміне жиналып, қажет-жарақ пен құжаттарды түгендеп, саптық даярлықтан өтеді. Ал одан кейін күнделікті қызметке кірісіп кетеді. Таңнан кешке дейінгі ауысымда біз аудандық полиция бөлімінің жергілікті полиция қызметі бөлімшесі патрульдік полиция тобы қызметінің аға инспекторы, полиция капитаны Әзімхан Әбдірасылға ердік. Жанында патрульдік полиция тобы қызметінің инспекторы, полиция аға лейтенанты Олжас Доспанов бар.
Экипаж құрамы өз кезегінде Тереңөзек кенті көшелерін аралап, көше бойындағы көліктердің қозғалысын бақылады. «Жол мұраты – жету» деп жылдамдықты асырған, яки тәртіп бұзған көліктерді тоқтатып, тиісті хаттамалар толтырды. Көлік иелеріне түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, жылдамдықты асыру адам өміріне қауіпті екенін айтты.
Он жылдан бері осы салада елеулі еңбек етіп келе жатқан полиция капитаны Ә.Әбдірасыл саланың қырына, көлік жүргізушілердің сырына әбден қаныққан. Өз қызметіне зор жауапкершілік танытады. Ол аудан орталығындағы №131 Талғат Қозыбаев атындағы орта мектеп түлегі. Жоғарғы білімді Қарағанды қаласындағы Е.Бөкетов атындағы мемлекеттік университетте және Қызылорда қаласындағы «Болашақ» университетінде меңгерген. Алғашқы еңбек жолын Қызылорда облыстық полиция департаменті жол-патрульдік полиция батальонында бастап, облыста жол қозғалысы ережелерінің сақталуына қызмет еткен. Кейіннен Сырдария ауданына ауысып, жол қозғалысы саласына жауаптылық танытып келеді. Осы салада он жылдан бері абыройлы еңбек етіп келе жатқан тәртіп сақшысы – тұрғындардың ғана емес, отбасының арқасүйері, қорғаны. Бүгінде жары екеуі бір ұл мен бір қызды тәрбиелеуде.
Нағыз еңбек жол полициясы қызметкерлерінікі ма дерсің?! Себебі, қанша сағат бойы үзіліссіз еңбек ету оңай емес екен. Ондағы мақсат та ел игілігі мен халықтың қамы үшін екені айқын.
– «Тәртіпке бас иген құл болмайды». Тұрғындар қауіпсіздігі басты назарда. Адам өмірі бәрінен қымбат және жолдағы тәртіп – баршаға ортақ. Сондықтан күндегі жұмысымыз – жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету, – дейді Әзімхан Әбдірасыл.
Қай жұмыстың болмасын өзіндік қызығы мен қиындығы болатыны хақ. Полиция қызметкерлерінің жұмысы оңай емес. Үлкен міндет пен жауапкершілікті арқалау және оған адал болу екінің бірінің қолынан келмес. Әр тәртіп сақшысының бойында адалдық пен кәсібилік болуы шарт. Осы ретте, біз де қызметімізді пайдаланып, тәртіп сақшысының бір күндік жұмысын көрдік. Бір күн ішінде талай жайтқа куә болдық. Әрі күні бойы халықпен жұмыс жасау, әсіресе қауіпсіздігіне жауапты болу оңай шаруа емес екен. Бір күн ішінде қызметтің ауырлығын түсініп, физикалық тұрғыдан шаршап қалғанымыз да жасырын емес. Ал бұл – тәртіп сақшысы үшін күнделікті қайталанатын жұмыс. Бір ерекшелігі, өз мамандығына берілген полиция капитаны кәсібінен бақыт тауып, тұрғындар қауіпсіздігін сақтауды өз міндеті деп біледі.
Ердос БЕРКІНБАЕВ