Жаңа кезең: Мектеп. Оқушы. Ата-ана
Өткен аптада аудандық мәдениет үйінде жасөспірімдер арасында құқық бұзушылықтың алдын алу және болдырмау бағытында «Жаңа кезең: Мектеп. Оқушы. Ата-ана» тақырыбында кеңейтілген мәжіліс өтті. Мәжіліске аудан әкімі Берік Сәрменбаев төрағалық етіп, аудандық мәслихат төрағасы Ержан Әжікенов, аудан прокуроры Асқар Кемалов, облыстық мәслихат депутаты Жұмабек Ембергенов, аудандық мәслихат депутаттары, кент және ауыл әкімдері, құқық қорғау органдарының қызметкерлері, аудан ардагерлері, үкіметтік емес ұйым өкілдері, жастар, мектеп директорлары мен ата-аналар қатысты.
Мәжілісті ашқан аудан әкімі Берік Әбдіғаппарұлы бүгінгі күні қоғамның алдында тұрған басты міндеттердің бірі – қылмыс пен құқық бұзушылықтың алдын алу, әсіресе кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыстың өсуіне жол бермеу екенін айтты. Аудан басшысы бұл мәселе Мемлекет басшысының төрағалығымен өткен Ұлттық құрылтайда да кеңінен талқыланғанына тоқталып, облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес облыс орталығы мен барлық аудандарда кеңейтілген мәжілістер ұйымдастырылғанын атап өтті.
– Ауданымызда зиялы қоғам өкілдері, маслихат депутаттары, ардагер ұстаздар, ата-ана, полиция қызметкерлерінің қатысуымен арнайы жұмысшы топтар құрылып, жасөспірімдер арасында түсіндірме жұмыстары, түнгі рейдтер ұйымдастырылды. Бүгінгі мәжіліс сол жұмыстардың жалғасы, яғни жаңа оқу жылы басталар тұста ақылдасу жиыны. «Ел болам десең, бесігіңді түзе» деп дана қазақ халқы айтқандай, бүгінгі жастар еліміздің болашағы. Болашағымыз ғұмырлы, салиқалы болуын қаласақ, жасөспірімдердің тәрбиесіне көңіл бөліп, қадағалауына атсалысуымыз қажет, – деді аудан әкімі.
Мәжілістің күн тәртібіне сәйкес жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу бағытында білім саласы бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы білім бөлімінің басшысы Берік Жәнібеков баяндама жасады.
– Жас ұрпақ тәрбиесі – бүкіл қоғамның міндеті. Өскелең ұрпаққа ерекше көңіл бөліп, оларды игі істерге бағыттау маңызды. Барлық оқу орындарында оқу-тәрбие процесін тиімді ұйымдастыру, балалардың бойына адами құндылықтарды сіңіру, мектеп пен отбасының өзара байланысын нығайтуға аса мән беріледі. Балаға тәлімді тәрбие мен лайықты білім беруде баршамыздың ұстанымымыз бір, мүддеміз ортақ. Ол – туған елін шексіз сүйетін, өз ісіне адал, еңбекқор, ізгі ұрпақ тәрбиелеу. Ел Президенті Қ.Тоқаев «Өскелең ұрпақтың үйлесімді дамуы мен бақытты балалық шағы – біздің жалпыұлттық міндетіміз» деп, балаларға терең әрі тағылымды тәрбие беру қажет екенін атап өтті. Сәт сайын өзгеріп, көз ілеспес жылдамдықпен дамуға бет алған бүгінгідей дәуірде рухани құндылықтар мен ұлттық тәрбиенің өзегінен ажырап қалмауға тиіспіз, – деді білім бөлімінің басшысы өз баяндамасында.
Б.Жәнібековтің айтуынша, ағымдағы жылы ата-аналармен жұмыстарды күшейту, ата-аналар комитетінің, әкелер кеңесінің беделін арттыру, ата-аналар институтын құру мақсатында облыс әкімінің бастамасымен ауданда білім беру қызметкерлері мен ата-аналардың «Отбасы – тәрбие бесігі» атты бірлескен кеңесі өткізілген.Кеңесте бала тәрбиесі, отбасылық, рухани құндылықтар мәселесімен қатар жасөспірімдер арасындағы құмар ойындардың, ерте жүктіліктің, өз-өзіне қол жұмсаудың, құқық бұзушылық пен топтық төбелестің, буллинг, кибербуллингтің, интернетке тәуелділіктің алдын-алу мәселелері қаралды. Аудандағы барлық білім беру ұйымдарында мектеп және ата-ананың жауапкершілігін күшейтуді көздейтін мектеп пен ата-ананың өзара іс-қимылының жаңа «Оқушы – мектеп – ата-ана» өзара ықпалдастығымен жұмыстар жасалуда. Ата-аналарға кеңес қызметін әдістемелік қамтамасыз ету мақсатында «Отбасы – мектеп, «Мектеп өмірінің бір күні» атты жобалары енгізілген. Рухани – адамгершілік тәрбие беру, ұлттық тәрбие құндылықтарын дамыту бағытында «Ата-аналар комитеті», «Әжелер мектебі», «Әкелер кеңесі» бастамаларымен жұмыстар жүргізілуде. Осы мақсатта өткен оқу жылында ата-әжелер, әке-аналардың қатысуымен 200-ден аса іс-шара өткізіліп, оған 4000-ға жуық оқушы қатысқан.Ардагер ұстаздар мектептің оқу-тәрбие жұмысына белсене араласып, ұрпақтар сабақтастығы негізінде жас ұстаздарға, оқушылар мен ата-аналарға ақыл-кеңестерін беріп, тәжірибелерімен бөлісіп, тағылымды тәрбиелік іс-шараларға қатысуы дәстүрге айналған.
– Аудандағы барлық мектептерде «Пікірсайыс қозғалысы» (дебат), «Мектеп парламенті», «Оқуға құштар мектеп», «Мектеп және театр» жобалары белсенді жүзеге асырылуда. Жобаларға тек белсенді оқушылар ғана тартылып қоймай, тәрбиесі қиын, қолайсыз отбасынан шыққан, мектептің және полиция есебінде тұратын балалар түгелдей тартылған. Аталған жобаларға 3 мыңнан астам оқушы қатысады. Сондай-ақ, балалардың жан-жақты тұлға болып қалыптасуына, шығармашылық шыңға жетуіне қосымша білім беру жүйесінің атқарар рөлі зор.
Бүгінгі күні аудандағы 5 қосымша білім беру ұйымы мен оның филиалдарына 1400 бала, аудандық спорт мектептеріне 1500 бала тартылған. Сонымен қатар, мектептердегі үйірмелерге 4000-ға жуық бала қамтылып отыр. Балалар мен жасөспірімдер арасындағы қаңғыбастық пен қадағалаусыздықтың, құқық бұзушылық, суицид, зорлық-зомбылықтың алдын алу мақсатында ведомствоаралық іс-шаралар жоспарлар бекітілген. Бірлескен профилактикалық жұмыстар салааралық байланыста атқарылуда. Іс-шаралар барысында ата-аналарға психологтардың кеңестері беріліп, полиция департаментімен әзірленген жадынамалар таратылды. Аталған жиналыстарда ата-аналарға бала денсаулығы мен өміріне келетін зиянды әрекеттер түсіндірілді.Ағымдағы жылы көрші аудандардағы жасөспірімдер арасында орын алған қылмыстық оқиға тәрбие жұмыстарын бұдан да күшейту қажет екендігін көрсетті, – деді Берік Съездұлы.
Осыған орай, сәуір-мамыр айларында аудан әкімінің салалық орынбасарының төрағалығымен жұмысшы тобы құрылып, барлық мектептің жоғары сынып оқушыларымен кездесулер ұйымдастырылғанын айтып өткеніміз жөн. Ардагер ұстаздар, әкелер кеңесінің төрағалары, аналар кеңесінің төрайымдары, ата-аналар комитетінің төрағалары, аурухана және полиция бөлімі қызметкерлерінің қатысуымен жоғары сыныптың ер және қыз балаларымен бөлек өткізілетін кездесу барысында ер балаларға патриоттық бағытта насихат жұмысы жүргізілсе, қыз балалармен әдеп пен сыпайылық, адамгершілік мәдениетін қалыптастыру және олардың бойында үлкен жауапкершіліктің тұрғандығы жөнінде түсіндірілген. «Түнгі қаладағы балалар» профилактикалық шарасы аясында аптаның жұма және сенбі күндері еріктілердің кезекшілігі ұйымдастырылған.
Полиция органдарымен бірлескен профилактикалық рейдтерде беймезгіл уақытта жүріп тіркелген оқушылармен олардың ата-аналарына заң нормалары түсіндірілуде. Есепті мерзімде құқық бұзушылықтардың теріс әсерін білім алушылар назарына тиімді жеткізу мақсатында әлеуметтік желілерде «Кибербуллинг», «Бала тәрбиесі», «Электронды темекі», «Құмар ойындар» тақырыптарындағы бейнероликтер жарияланды. Барлық мектептерде осы бейнероликтердің көрсетілімдері ұйымдастырылды.
Аудандық полиция бөлімінің профилактикалық есебінде ағымдағы жылында 6 оқушы, мектепішілік бақылауға 29 оқушы алынған. Есептегі балалармен сынып жетекшілер мен педагог-психологтар жекелей жұмыстар жасаса, жүріс-тұрыстары қатаң бақылауға алынып, ата-аналарымен тікелей байланыс орнатылған.
Атқарылған жұмыстармен қатар, білім беру ұйымдарында тәрбие жұмысын жандандыру мақсатында алдағы жаңа оқу жылында қабылданатын іс-шаралармен баяндамасын қорытындылаған білім бөлімінің басшысы:
– Мектептердегі тәрбие жұмыстары тек тәрбие сағатында жүргізілмей, әрбір педагогтың өз сабағында үздіксіз дамытуын қамтамасыз ету қажет. Сонымен қатар үкіметтік емес ұйымдарымен тәлімгерлік бағыттағы жұмыстары күшейтіледі. Домбыра тарту бойынша факультатив курстарын енгізу, шахмат секцияларының желісін кеңейту мақсаты тұр. «Тоғыз ай – 9 іс шара», «4 тоқсан – 4 жоба» жобалар шеңберінде іс-шаралар өткізу арқылы тәрбие жұмысы күшейетін болады. Сондай-ақ бала тәрбиесінде табысты тәжірибесі бар аға буын өкілдерін тарта отырып, «Даналық мектебін» құру, ұлттық әдеп ғұрыптар мен салт-дәстүрлерді дәріптеу мақсатында «Алтын көмбе» аудандық байқауын ұйымдастыру белсенді түрде жүргізіледі. Жалпы тәрбие мәселесі күн тәртібінен түспейді. Мүдделі мемлекеттік органдар мен қоғамдық ұйымдармен, ата-аналармен бірлескен жұмыстар жалғасын табатын болады, – деп түйіндеді.
Аудан басшысы жергілікті мемлекеттік органдар мен азаматтардың арасында құқықтық тәртіпті сақтай отырып, өмір сүру сапасын жақсарту мақсатында қылмыспен тиімді күресу және халықтың билік органдарына деген сенімін арттыру – қоғамдағы өзекті мәселелердің бірі деп атап өтті. Бұл мәселе аймақ басшысының алға қойып отырған талабы екені жақсы белгілі. Дегенмен, құқық қорғау органдарына айрықша міндеттер жүктеледі. Осы орайда ауданда орын алған құқық бұзушылық, қылмыс жағдайлары және оның алдын алу бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы аудандық полиция бөлімі бастығының міндетін атқарушы А.Оспанов хабарлама жасады.
Хабарламашы ауданда жалпы тіркелген қылмыс 15,2 пайызға 79-дан 67-ге, ауыр қылмыстар 10,3 пайызға 29-дан 26-ға азайғанын атап өтті.
– Бүгінгі күні өзекті мәселелердің бірі ретінде жасөспірімдердің қылмысы, топтық төбелес, жастардың түнгі уақытта бей берекет жүруі, бұзақылық айқындалып отыр. Кәмелетке толмағандар мен жастар арасында құқық бұзушылықтың алдын алу бағытында аудандық полиция бөлімі нақты әрі кешенді іс-шараларды қолға алды. Атап айтқанда, «Түнгі қаладағы балалар», «Абайлаңыз, балалар!, «Мен және менің полицейім» атты профилактикалық іс-шаралар жүргізілді. Жыл басынан бері ювеналды полиция тобымен 107 әртүрлі құқық бұзушылықтар анықталып, барлығына заң аясында тиісті шара көрілді. ҚР ӘҚБтК-нің 442 бабымен, яғни түнгі уақытта ата-ана қарауынсыз жүрген 97 жасөспірім анықталып, заңды өкілдері жауапкершілікке тартылды, – деді А.Оспанов.
Полиция бөлімі бастығының міндетін атқарушы осы күні қаңғыбастыққа салынған 5 кәмелетке толмаған анықталып, Қызылорда облысы бойынша кәмелетке толмағандарды бейімделу орталығына орналастырылғанын айтты. Жалпы әртүрлі қылмыс жасағаны үшін профилактикалық есепке 8 жасөспірім алынып, қолайсыз отбасы ретінде есепке 4 ата-ана алыныпты. Қазіргі таңда жастар арасында топтық төбелесті болдырмау бағытында учаскелік полиция қызметкерлерімен әрбір ауылдың NЕЕТ санатындағы жастары, қылмыстылыққа бейім жасөспірімдермен профилактикалық кездесулер жүргізілуде.
Мәжілістің күн тәртібіне сәйкес «Отбасы тәрбиесіндегі ұлттық құндылықтарды қалыптастыру» тақырыбында білім саласының ардагері, аудандық әйелдер кеңесінің төрайымы, ауданның «Құрметті азаматы» Ұлмекен Жанәлиева хабарлама жасады. Хабарламашы ауданда отбасылық құндылықтарды ғана емес, ұлттық құндылықтарды кеңінен насихаттауда Әйелдер кеңесі белсенді түрде жұмыс жүргізіп келе жатқанын айтты. Десек те халық даналығында «Ұлтты тәрбиелеймін десең, қызды тәрбиеле» деп бекер айтылмағандықтан аталған тақырыпты кеңінен қозғаған ардагер-ұстаз ұзақ жылғы өмірлік тәжірибесіне сүйеніп, өз ой-пікірін ортаға салды.
– Қай кезде де тәрбие мәселесінде мектеп-ата-ана-оқушы үштік одағына аса мән беріледі. Тал бесіктен берілетін тәрбиенің осал болмауы тиіс. Оған жауапты алдымен ата-ана. Отбасы құндылығы деген ұғым мен ұлттық құндылық екеуі бір-бірімен сабақтасып жатыр. Отбасы – шағын мемлекет. Отбасында қалыптасқан үлкенді сыйлау, мейірімділік, ізеттік, сүйіспеншілік, бауырмалдық, адалдық, тазалық қасиеттері ұласып ұлт құндылығына жетелейді. Ал, ұлттық құндылық ұғымының ауқымы өте кең. Күллі ұлттың тәрбиесімен ұштасатын ұғымның басында қыз бала тәрбиесі жатыр. Қазақта «Қызыңды бөтен үйге қондырма, ұлыңды бөтен үйден тойдырма» деген керемет сөз бар. Осы сөзге әрбір ата-ана мән беруі керек. Өйткені, бүгінгі оқушының ой-арманы, көзқарасы мен мақсаты мүлдем басқаша. Біздің ата-бабамыз сонау заманның өзінде тәрбиеге аса мән берген. Салт-дәстүрімізді дәріптеп, ұлттық құндылығымызды нығайтуға қоғам болып атсалысайық, – деді Ұ.Жанәлиева.
Ардагер ұстаздың сөзін қуаттаған аудан басшысы облыс орталығында «Анаға тағзым» орталығы бой көтеріп жатқанын айтып, келешекте жас отбасылар мен кейінгі буын жастар бұл орталықтан рухани құндылықтарды бойға сіңіретінін жеткізді. Жаңа нысанда қыз-келіншектердің сәні мен сымбатты жүруіне арналған арнайы бөлмелер, тұрмыстық жағдай және қонақ күту кабинеті, аруларға жан-жақты психологиялық көмектер беретін кабинеттер болады. Сондай-ақ, шығармашыл жандарға бағытталған әдебиет және поэзия, дизайн студиясы мен би орталығы және жас отбасыларға қызмет көрсету бөлмелері де жұмыс істейді. Мұның бәрі қоғамдағы отбасы құндылығын қалыптастыру мен нығайтуға септігін тигізеді. Аудан әкімі сондай-ақ жастар – қоғамның қозғаушы күші екеніне тоқталып, қазір жастардың қызығушылығы заман талабына сәйкес өзгергеніне де назар аударды.
– Жасыратыны жоқ, қазіргі жасөспірімдер кітаптан гөрі, телефонды көп ұстайтын болды. Телефонға телмірген жастар түрлі құқықбұзушылықтарды жасауда. Бұл – ата-аналар әлі де тәрбие мәселесіне, баласының жүріс-тұрысына көңіл бөлу керек дегенді білдіреді, – деді аудан әкімі.
Осы ретте «Жастардың қызығушылығы: жаһандану кезеңіндегі жасөспірімдер тәрбиесіндегі басым бағыттар» тақырыбында аудандық мәслихат депутаты, Қоғамдық кеңес мүшесі Ақтөре Ибрагимұлы пікірін білдірді.
– Бүгін қоғамдағы өте өзекті мәселе күн тәртібіне шығарылып, бәрімізге ортақ тақырып аясында үлкен талқылау ұйымдастырылуда. Бұл, біріншіден баланың бас ұстазы – ата-ана үшін қажетті іс-шара болса, екіншіден қоғам мен мектеп, мектеп пен оқушы арасындағы байланысты айқындайтын жиын. Мен бүгінгі мінбені пайдаланып, жастардың қазіргі таңдағы қызығушылығы туралы айтқым келеді. Қазір «Жастар қатыгез болып бара жатыр», «Ата-аналарын тыңдамайды», «Ұстазды дұрыс сыйламайды» деп көп айтамыз. «Оған кім кінәлі?» деп жауап та іздейміз. Бірден айту керек, мектеп оқушы жаман болсын демейді және ата-ана да баласының жаман болғанын қаламайды. Енді мәселенің түпкі мәніне зер салсақ немесе бала тәрбиесінің қыры мен сырын зерттеп, зерделеп жүрген білікті ғалым-сарапшылардың пікірін ескерер болсақ, бала айтқанды емес, көргенді істейді екен. Бұған ешкімнің таласы жоқ шығар.
Мәселен, бүгінгі балалар кітап оқымайды, телефонға «кіріп кеткен» дейміз ғой. Кітап түгілі, жаңалығы жаңарып тұратын газеттің өзін, сөзін жастар жағы керек қылмайды дейтіндер де табылады. Осы жиынға қатысып отырғандардың бірі жұмыста басшы, екіншісі мектепте ұстаз, кейбірі қоғамда ардагер болғанымен, үйде – ата-әже, әке-ана. Енді, менің сұрағыма ата-әже, әке-ана ретінде іштей жауап берсеңіздер. Сіз ата-ана ретінде соңғы рет тәрбиелік мәні бар қандай кітап оқыдыңыз немесе балаңызға қандай кітапты оқуға ұсындыңыз? Бәлкім, мүлдем кітап оқымайтын, баласына оқуға кітап ұсынбайтын ата-аналар бар шығар арамызда. Есесіне, сол ата-аналар ұлына ұялы телефон, қызына қызылды-жасылды бірдеңелер алып беруге бейім келеді. Тілі телефонмен шыққан сол балалар «Ұяда не көрсе, ұшқанды соны іледі» демекші өсе келе смартфонға телміріп, соңы сан соқтырар қорқынышты іс-әрекеттер жасайды. Оны көріп те, біліп те жүрміз. Сондықтан кінәні алыстан іздеп, қоғамға жапқанша ата-ана әуелі өзі ойлануы керек, өзі үлгі көрсетуі тиіс деп ойлаймын, – деді Ақтөре Ибрагимұлы.
Жалында жас қазіргі жастардың сұранысы, қызығушылығы туралы, яғни бүгінде 30-35 жастағы жастар қарапайым тілмен айтқанда салыстырмалы түрде қазақылықты көрген, тәлімді көңілге түйген, тағылымды бойға сіңірген орта болса, кейінгі толқынның ойы да, көзқарасы да, тіпті күнделікті іс-әрекеті мен әдеттері де өзгеше. Олар шектен тыс еркіндікті сүйетінін айтты. Мәселен, бүгінгі балалардың кітап оқымайтынына, телефонға «кіріп кеткендігіне» ең алдымен ата-ана өзі жауапты екенін, онымен күресу үшін алдымен ата-ана өзі үлгі болуымен ғана дұрыс жолға түсуге болатыны жайында мысал келтірді.
–Біз бірер жыл бұрын «Кітап оқы да, тұлға бол!» атты байқау ұйымдастырдық. Жобамыздың жалпы құны – 2 млн теңгеге жуықтады. Әрине, байқауды қаржымыз қалтамызға сыймай бара жатқан соң ұйымдастырған жоқпыз. Біз жастар кітап оқыса, бос уақытын жақсы іске арнаса деп ойлап, ынталандырдық. Еңбегіміз еш кеткен жоқ, сол байқауға қатысып, кітап оқып, жеңімпаз атанған оқушылардың ішіндегі биыл мектеп бітіргендері түгел мемлекеттік грант иегері атаныпты. «Бәрі біздің арқамыз» деуден аулақпыз. Бірақ, жақсы іске жұмылдық, игі іске мұрындық болдық. Жақында сол байқауға қатысқан бір оқушымен сөйлессем, сол байқаудан кейін «100 жаңа оқулық»-тың тізіміне енген 100 оқулықтың 17-ін оқып тауысыпты. Міне, нәтиже! Сондықтан осындай жобаларды көптеп ұйымдастыру керек деп ойлаймын. Сонда жастардың қызығушылығы білімге, мәдениетке ауысады, – деді мәслихат депутаты.
Ұлы бабамыз Әбунасыр әл-Фараби «Адамға ең бірінші білім емес, тәрбие керек. Тәрбиесіз берілген білім – ол адамзаттың қас жауы, ол келешекте адам өміріне апат әкеледі» деген болатын. Сапалы білім алмайтын, тәрбие қонбайтын адам жоқ. Қай кезде де баланың бас ұстазы – ата-ана. Қазір аудан мектептерінде әкелер кеңесі мен аналар мектебі құрылып, жақсы жұмыс жасауда. Алдағы жаңа оқу жылынан бастап барлық мектептерде «Ата-аналар академиясы» жұмысын бастайды. Бұл – жас ата-аналарға бала тәрбиелеуде бағыт-бағдар беретін, тәжірибе алмасатын бірегей жоба.
Мәжілісте «Мектеп, ата-ана және оқушы арасындағы байланыс» тақырыбында №210 О.Әбілпаттаев атындағы орта мектебінің ата-аналар комитетінің төрайымы Серіккүл Байтөлеева сөз сөйледі.
– Адамның бар бақыты – балада. Адамға нағыз бақытты – тәрбиелі ұрпағы ғана сыйлай алады. Алайда, кейде ата-аналар қателіктерді ескермей жатады. Тәрбие – бұл жүректің тоқтаусыз жұмысы секілді, үздіксіз жүретін үдеріс. Осы орайда ең алдымен әке-ана ретінде үлгі көрсетуіміз қажет. Қазіргідей аумалы-төкпелі қоғамда жастар барынша бейімделгіш. Сондықтан қоғам байлығы, ата-баба дәстүрін жалғастырушы ұрпақ тәрбиелеуге көп көңіл бөлуіміз керек. Бала мектептен гөрі үйде көп болады, сол себепті ата-ана баласының оқуын, жүріс-тұрысын, жолдастарын, киетін киімін қадағалап, сынып жетекшісімен, пән мұғалімдерімен байланыс жасап сабақ үлгерімі, тәртібі жайлы мәлімет алып отыруы қажет, – деді С.Байтөлеева.
Кеңейтілген мәжілісті қорытындылаған аудан әкімі Берік Әбдіғаппарұлы бүгінгі оқушы мемлекетіміздің ертеңі, сондықтан да бала тәрбиесіне асқан жауапкершілікпен қарау аға буын өкілдері үшін зор жауапкершілік деді.
Жаңа оқу жылы басталғалы тұрған сәтте бала тәрбиесі жайында өткен мәжілісте құнды ой-пікірлер мен нақты ұсыныстар айтылды. Осылайша барлық мәселе ортақ мүддеге орайласып, жас ұрпаққа жақсы қасиеттерді дарыту жолында аянбай еңбек ету қажеттігі жан-жақты сараланды.
Бибісара ЖАНӘЛІ