Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Жасөспірімдер басты бақылауда

Жасөспірімдер басты бақылауда

Қазіргі таңда қоғамның алдында тұрған басты міндеттердің бірі – балалар мен жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу, кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыстың өсуіне жол бермеу. Бұл мәселе қазіргі таңда көкейтесті дүниенің біріне айналып отыр. Бүгінде өрімдей жастардың қылмыс жасауы көз үйренген көрініске айналып, елді елең еткізіп отыр. Тәртібі қиын бала есейген сайын қылмыстың ауыр түрлерін жасауға бейімі арта беретінін ескерсек, бұл аса өткір мәселе екенін мойындауға мәжбүрміз.
Жақында күні аудан орталығында орналасқан Сырдария агро-техникалық колледжінде аталған проблеманың алдын алу мақсатында дөңгелек үстел өтті. Басқосуға студенттер мен психологтар және аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері қатысты. Алғашқы сөз кезегін алған колледж директоры Д.Қожахметов «Жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу жолдары» тақырыбында баяндама жасады. Ол өз сөзінде:
– А.С.Макаренко сөзімен айтқандай, «Тәлім-тәрбие – кең түрде алғанда әлеуметтік процесс». Адамдар да, заттар да тәрбиеленеді. Дегенмен «адамдардың үлес салмағы басым. Солардың ішінде ата-аналар мен педагогтар бірінші орынға шығады» деген екен. Олай болса, құқықтық тәрбиені нәтижелі ұйымдастыру үшін отбасы жағдайын жан-жақты танып білу қажет. Бүгінгі таңда бұл жұмыс табысты жүргізіледі деп айту қиын. Соның нәтижесінде оқушылардың мінезіндегі кейбір ауытқулары мұғалімдер тарапынан дер кезінде байқалмауы, түбінде орны толмас үлкен өкініштерге әкеліп тірейтіні даусыз мәселе. Бүгінде Сырдария аграрлы-техникалық колледжіндегі 7 топта 159 студент оқиды. Колледж студенттері арасында ешқандай суицид фактілері тіркелген жоқ, – деп қылмыстың алдын алуда ата-анамен ұстаздардың рөлі басым екендігін жеткізді.
Өз кезегінде психолог маман мен кент ардагерлер кеңесінің төрағасы М.Келдібаев жастарға тәрбие мен тәлім жөнінде бабалардың сөзін айтты.
Оқушылармен жүргізетін құқықтық тәрбиенің мазмұнын айқындауда әйгілі педагог Сухомлинский: «Қандай да бір құқықтық тәрбие болмасын, егер ол белгілі бір мақсатпен ұйымдастырылып жеке адамның мұқтаждығына негізделсе, екіншіден ұжымдық жұмыстарға оқушы­лар шаруашылықпен қатысса, соғұрлым алдыңғы буын ағалардың әлеуметтік-құқықтық жетістіктерін, тәжірибелерін қабылдап, өз мінез-құлықтарын қалыптас­тырады» деп пікір білдірген. Расында да оқушылардың мінез-құлқының нормадан, шамадан тыс ауытқуына түрлі жағдайлар себеп болатыны белгілі. Олардың ішінде ең бастысы отбасы жағдайы болып есептеледі. Өйткені тұлғаның жеке басының жаман жақсы қасиеттерінің негізі отбасынан қалыптасады. Сондықтан оқушылардың өнеге алып, үлгі тұтары – ең алдымен өздерінің ата-анасы. Одан кейін ұстаздар, қоғам мүшелері жастарға ұғынықты тәлім-тәрбие берсе, олардың қылмыс жасамайтыны анық.

Майя ҚОЖАБАЙ
15 қазан 2019 ж. 770 0