Ақын шығармашылығы насихатталды
Өткен аптада «Өлке болып оқимыз» жобасы аясында «Туған елдің тума таланты» тақырыбында ақын Балашбек Шағыровты еске алуға арналған кеш өткізілген болатын. Жыл көлемінде ақынның рухына арналып ұйымдастырылған бірқатар іс-шараның қорытынды кешіне аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Жеңісбек Төрәлиев, айтыскер ақын Мамыр Бәйдәулетов, халықаралық «Қазақ тілі қоғамы» ҚБ Сырдария аудандық филиалының төрағасы Шаһарбек Нұрсейітов, Тереңөзек кенті ардагерлер кеңесінің төрағасы Зайдағали Жүсіпбайұлы, «Сырдария ауданының әйелдері» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Ұлмекен Жанәлиева, аудандық мәслихат депутаты Бағдат Есназар, еңбек ардагерлері, кеш қонақтары, сала мамандары, ақынның ұрпақтары қатысты.
Қашанда есімі елге белгілі талантты жандар қазақ руханиятын өркендетуге зор үлес қоса білді. Жергілікті әрбір ақын-жазушының әдебиет әлемінде өзіндік қолтаңбасы қалғаны мәлім. Саналы ғұмырында поэзияны жанына серік еткен Балашбек Шағыровтың шығармашылығы республикаға белгілі. Арқалы ақынның еске алу кешін ашқан аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Жеңісбек Төрәлиев қаламгердің өмір жолы жайында сөз тиегін ағытты.
– Жыл көлемінде «Өлке болып оқимыз» жобасы негізінде ауданымыздың ардақты азаматы, ақын Балашбек Шағыровты еске алуға арналған бірнеше іс-шара шымылдығын түрген еді. Ақынның мол мұрасын дәріптеуде әрбір кітапхана бір-біріне ұқсамайтын ерекше кеш ұйымдастыра білді. Негізінен, Балашбек ағамыз айналасына мейірім-шуағын төгіп тұратын кеңпейілді жан болатын. Үнемі ізденіс үстінде жүріп, оқырманның жүрегінен жол табатын сан түрлі өлеңді жарыққа шығарды. Ұстаздық қызметте жүрген кезінде саналы ұрпақ тәрбиелеуге барын салды. Ал баспасөз саласындағы қызметі жұртшылықтың әлі есінде. Сөзі зерделі, ойы орамды ақынның өлеңін жас ұрпақ жаттап өскені абзал. Өйткені, ақын көптеген тақырыпта қалам тербеді, – дейді бөлім басшысы.
Танымдық кеш барысында ақынның өлеңдері оқылды. Өз кезегінде кітапханашы Нұргүл Жұматаева мен Венера Айтуғанова, №210 О.Әбілпаттаев атындағы орта мектеп оқушылары Ұлан Құрманғазин, Азиза Кеңес, Ақнұр Қанатқызы, Дәурен Әміртеміров Сыр перзентінің өлеңдерін көпшілікке ұсынды. Сонымен бірге ақынның немерелері Гүлфариза Шағырова, Нұртөре Шағыров, Қайсар Балашбек, Қарақат Балашбек, Жанерке Бекентай атасының жырларын жатқа оқып, жиналған қауымды тәнті етті. Айта кетейік, арда азаматтың немересі Нұртөре Шағыров, атасы секілді өлең жазуға машықтанып жүр. Бұл ретте, айтыскер ақын Мамыр Бәйдәулетов өлең өлкесінде жол көрсеткен ұстазы жөнінде тағылымды ой өрбітті.
– Біз қашанда Балашбек ағаны құрмет тұтамыз. Өткен жылдарды есіме алсам, қызықты сәттер тарих қойнауына енген екен. Мен, Замаддин, Балашбек көкемнің жанына еріп, талай дүниені үйрендім. Кейде Бағдат Есназар досыма келген кезімде арқасүйеп ағайдың шаңырағына баратын едік. Сонда бізге ақылын айтып, жол көрсетіп отырушы еді. Аңғал, ақкөңіл қалпынан таймайтын ағаның қамқорлығын көп көрдік. Кейінгі ұрпақ өлеңдерінен мол ғибрат ала білсе дейміз, – дейді Мамыр Бәйдәулетов.
Ерекше мазмұнда жалғасын тапқан кеште Балашбек Шағыров турасында көптеген естелік айтылды. Мәселен, «Қазақ тілі қоғамы» ҚБ Сырдария аудандық филиалының төрағасы Шаһарбек Нұрсейітов, «Сырдария ауданының әйелдері» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Ұлмекен Жанәлиева, баспасөз саласының ардагері, журналист Сәуле Ерімбет, ардақты ана Әсия Масилова қаламгер жайында ерекше әңгімелерін жеткізді. Педагогика, баспасөз саласында атқарған еңбегін саралады. Өз авторлығымен жарыққа шыққан бірнеше кітабының мән-мағынасына, мазмұнына тоқталды. Ал, ақынның шәкірті Бағдат Есназар ұстазына арнаған өленің оқып берді.
– Мен алғаш келін болып түскенімде атамның тәлім-тәрбиесін алдым. Үнемі өлең жазып, шығармашылықпен тұрақты түрде айналысатын. Оның еңбекқорлығына тәнтімін. Қашанда ұл-қызына, немересіне ерекше өсиетін бере білді. Жыл көлемінде атамыздың шығармашылығын дәріптеуге үлес қосқан әріптестеріме, жалпы аудан халқына ұрпақтарының атынан сый-құрмет көрсетпекпіз. Бүгінгі кешті ұйымдастырған жандарға әкеміздің ұрпақтары дән риза. Әрине ақының ардақтаған ел қадірлі екенін жақсы білеміз, – деді қаламгердің келіні Ләззат Серікбаева.
Іс-шараны тамашалаған қонақтарға арнап, мәдениет саласының ардагері, сазгер Серік Бәйдәулетов ақын Балашбек Шағыровтың сөзіне жазылған «Күлтегін – ұлы рухым» әнін шырқап берді. Тереңнен толғанып, қаламынан сәулелі сөздің нұрын төгетін ақынның бірнеше мақаласы, тың еңбегі, авторлық кітабы қойылған көрме барлық оқырман қауымға таныстырылды.
Б.ОРДАБЕКОВ