Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » » Ана тілің алпыс тілге татиды

Ана тілің алпыс тілге татиды

Өткен аптада аудандық орталықтандырылған кітапханада «5 қыркүйек – Қазақстан халқы тілдері күні» мерекесіне орай тағылымды іс-шара өткізілген болатын. Танымдық кездесуге аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Жеңісбек Төрәлиев, халықаралық «Қазақ тілі қоғамының» ҚБ Сырдария аудандық филиалының төрағасы Шаһарбек Нұрсейітов, ардагер Мектепхан Елеусінов, кітапхана және музей қызметкерлері, оқушылар қатысты.

«5 қыркүйек – Қазақстан халқы тілдері күні» мерекесі 5 жылдан бері ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының туған күнімен тұспа-тұс тойланып келеді. Еліміз бойынша тойланатын мерекеде ана тіліміздің мәртебесін көтеру, қолдану аясын кеңейту жан-жақты көтерілуде. Кездесуде сөз алған аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Жеңісбек Төрәлиев көпшілікті айтулы мерекемен құттықтады.

– Баршаңызды «5 қыркүйек – Қазақстан халқы тілдері күні» мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Ана тілімізбен қатар барша ұлттың тіліне құрметпен қарауымыз керек. Жыл көлемінде тіліміздің дамуына айрықша көңіл бөлініп келеді. Алдағы уақытта ағартушы-ғалым, тіл жанашары Ахмет Байтұрсынұлының 150 жыл­дық мерейтойына орай бірқатар танымдық, рухани іс-шаралар өткізіледі. Ұлт мақтанышының ерен еңбегін жаңғыртып, келер ұрпаққа ұғындыра білуіміз керек. Біз балабақшадан бастап, барлық деңгейдегі мекемелерде, азаматтар арасында қазақ тілінің заңдылыққа сай қолданылуына айрықша көңіл бөлеміз. Қашан да тілі, ділі, діні құрметтелген халықтың рухы биік болады, – деді бөлім басшысы.

Өз кезегінде халықаралық «Қазақ тілі қоғамы­ның» ҚБ Сырдария аудандық филиалының төрағасы Шаһарбек Нұрсейітов аудан көлемінде ана тілінің құқықтық мәртебесін қалыптастыру жөнінде кеңінен мағлұмат берді.

– Отыз жылдан астам тарихы бар аудандық филиалдың жұмысын жандандыру бізге міндет етіп қойылған. «Ана тілің алпыс тілге татиды» деген мақал бар. Биыл – ұлт ағартушысының мерейтойы. Республика көлемінде тойланатын айрықша мерекеге өз үлесімізді қоса береміз. Қай кезде де тілді қорлауға жол бермеуіміз керек. Бүгінде ауданда 61 бастауыш ұйым ана тіліміздің қадір-қасиетін арттыруда. Шын мәнінде, аудан басшысының қолдауымен атауы қате және басқа тілде жазылған мекеме, кәсіпкерлік нысандарына түсіндерме жұмысы жүргізілді. Олқылықтардың орны толтырылды. Сонымен қатар ана тілімізді аса құрметтейтін белсенді жастар шоғыры өсіп келеді. Жастардың қатысуымен мазмұны мол іс-шаралар өткізіліп тұрады. Кәсіпкерлер де ана тілімізді өркендетуге барлық жағдайды жасауда. Осы күні қазақ тіліміздің мән-мағынасы жөнінде кент орталығында екі бильборд орнатылды, – деді Шаһарбек Балтабайұлы.

Кездесу барысында №35 мектеп-ли­цей оқушысы Асылай Бектасқызы Ахмет Байтұрсынұлына арнап өлең оқыды. Ал аудандық мәде­ниет үйінің өнерпазы Динара Жәкешова патриоттық ән шырқады. «Қазақ тілі қоғамының» ҚБ Сырдария аудандық филиалының төрағасы Шаһарбек Нұрсейітов аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Жеңісбек Төрәлиевке Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының президенті Берік Әбдіғалиұлының «Құрмет грамотасын» табыстады. Сондай-ақ бірқатар тіл жанашырын арнайы «Алғыс хатпен» марапаттады.

Балтабай ОРДАБЕКОВ
06 қыркүйек 2022 ж. 673 0