Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Сырды жырлаған ақын

Сырды жырлаған ақын

«Сыр бойында Балашбек Шағырұлы деген ақын бар. Ол жарты ғасыр бойы жыр жазып келеді. Сапалы, сұлу, сырбаз, сү­йіс­пеншілікке толы жырлар. Мәселе – ақындық талантта... Балашбек – жомарт, талантты ақын Және соны балаң ша­ғында-ақ, ал­ғаш­қы қадамдарында-ақ анық танытқан ақын. Өнер – көкпар. Көкпарды белі мықты, бі­легі жуан ғана топты жарып барып, тартып алады. Өмір сынында өсіп ер жеткен Балашбек көкпарда алғашқы адымдарында-ақ олжа салған ақын». Бұл – ақын Балашбек Шағырұлы туралы жазушы Айжарық Сәдібекұлының жүрекжарды шынайы пі­кірі.

Ақын, ұстаз Б.Шағырұлы 1940 жылы Сырдария ауданы, Ақжарма ауылында дүниеге келген. Салиқалы ғұмырын бала тәрбиелеу ісіне, жас ұрпаққа үлгі-өнеге үйретуге арнаған ол алғашқы еңбек жолын аудан орталығындағы №35 мектепте бастаған. Кейін оқу бөлімінде инспектор, аудандық газетте, радиода жауапты қызметтер ат­қарған. Көзі тірісінде еңбегі еленіп, жыр жинақтары жа­рық көрген ақын екінің бірі қол жеткізе бермейтін Жазушылар Одағына мүшелік еткен. 1990 жылы абыройлы атаққа ұсынарда Әбілда Тәжібаев ақын туралы «Мен Балашбекті балғын шағынан білемін. Балашбек есін біліп, қолына қалам ұстағалы ауылдан, қалың қазақтан іргесін айырмаған, мұғалім болып жұмыс жасаудан қол үзбеген. Солай еңбектеніп жүріп, өзінің ақындық талантын дамыта білген қайраткер» деп пікір білдіріпті.

Ауданымыздың біртуар азаматы Балашбек Шағырұлы көзі тірісінде жас ұрпақ үшін аянбай еңбек етсе, оның еңбегін, мол мұрасын кейінгіге аманаттау – бүгінгінің парызы. Осы ретте, аудандық кітапханада Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, ақын, ұстаз Балашбек Шағыровтың өнегелі өмірі мен шығармашылығын насихаттау мақсатында «Сырды жырлаған ақын» атты іс шара өтті. Маңызы мен мәні бөлек жиынға халықаралық «Қазақ тілі қоғамы» ҚБ аудандық филиалының төрағасы Ш.Нұрсейітов, аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Ж.Төрәлиев, «Nur Otan» партиясының Сырдария аудандық филиалының кеңесшісі Б.Ахметов және аудандық кітапхана директоры Г.Нұржакиева қа­тысты.

«Әкең өлсе де, әкеңнің көзін көрген өлмесін» дейді халық даналығы. Тәрбиелік мәні зор рухани кешке қа­тыс­қан қонақтар ақын жайлы естеліктерін айтты.

– Балашбек Шағырұлы өте қарапайым кісі болатын. Ақын туралы айта берсек, естелік көп. Ол кісі аудандық газетте еңбек ете жүріп, ауданның тыныс-тіршілігін оқыр­мандарға жеткізе білді. Сонымен қатар, өлең жазуға ынтасы бар жастарға әркез қолдау білдіріп, олардың туындыларының газет бетінде жариялануына ықпал етіп жүретін. Кеңес кезеңінің өзінде Жазушылар Одағының мүшелігін алуының өзі ағайдың от ауызды, орақ тілді ең­бекқор адам екенін көрсетеді. Кезінде талай-талай мықты дүлділдердің пікірін алған. Кітапхана ұжымының бүгінгі бастамасы өте орынды деп санаймын. Осы арқылы жас­тар аудан тұлғаларын етене танитын болады. Іс-шаралар легі жалғасын таба берсін, – деген Шаһарбек Балтабайұлы бір­қатар ұсыныстарын да ортаға салды.

Аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Ж.Үсенұлы аудан ақынын қалай насихаттаса да жарасатынын тілге тиек ете келіп, жыл бойы атқарылатын іс-шараларға қолдау көрсетілетінін жеткізсе, «Nur Otan» партиясының Сырдария аудандық филиалының кеңесшісі Б.Ахметов ұстазы жайлы бір үзік сыр шертті.

Тереңөзек, жүрмін күнде көшеңде,
Қарызым көп осы елге.
Көкірегімде лаулап жанған бір от бар
Сол қоймайды жырламайын десем де, – деп жырлаған ақынның поэзия әлемінде өзіндік қолтаңбасы бар. Балашбек ақын – ұрпақ тәрбиесінде ерен еңбек сіңірген тұл­ға. Көзі тірісінде халықтың шынайы бағасын алған ақын өлең сөзге ән де жазған. Рухани кеш барысында ақын­ның немересі Г.Шағырова, келіні Л.Серік­баевалар жыр дүлділінің өлеңдерін оқып беріп, тың­дарманның құлақ құрышын қандырды. Ал кітапханашы Д.Пазылбекова «Сырды жырлаған ақын» атты кітап көрмесін таныс­тырды.

Кеш соңында аудандық кітапхана директоры Г.Нұржа­киева аталған іс-шара «Өлке болып оқимыз» жобасы аясында ұйымдастырылып отырғанын атап өтті. Аудандық кітапхана бойынша 2016 жылдан бастап қолға алынған жобаның тағылымы зор. Асқар Тоқмағамбетовтың шығар­ма­ларын насихаттаумен бастау алған жоба аясында жер­гілікті ақын Балашбек Шағыровтың шығармашылығы жыл бо­йына насихатталатын болады.

 Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ
22 қаңтар 2022 ж. 403 0