Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » » Өнер әлемінен орын алған аналар

Өнер әлемінен орын алған аналар

Тереңөзек кенті клубы жанынан құрылған «Ару ана» әжелер ансамблінің «Әжелер салған ән қандай» тақыры­бында шығармашылық концерті өтті. Тағылымды іс-шараға Тереңөзек кенті ардагерлер кеңесінің төрағасы Зайдағали Жүсіпбайұлы, «Сырдария ауданының әйелдері» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Ұлмекен Жанәлиева, халықаралық «Қазақ тілі қоғамы» ҚБ Сырдария аудандық филиалының төрағасы Шаһарбек Нұрсейітов, еңбек ардагері Мектепхан Елеусінов, аудан тұрғындары қатысты.

Негізінен, іс-шараның мақсаты – Терең­өзек кенті клубы жанынан құ­рылған «Ару ана» әжелер ансамблі­нің шығармашылығын көпші­лікке таныстыру, халық әндерін кеңінен на­си­хаттау, жас ұрпақ санасына қазақ шығармаларын дәріптеу. Мән-мағы­насы мол іс-шара шымылдығы «Ару ана» әжелер ансамблі «Ауылым» әні­мен ашылды. Жергілікті халық алдында есеп берген ардақты аналар халық әндерінен попурий, «Қазақтай ел қайда?» секілді бернеше әнді на­қышына келтіре орындады. Сонымен бірге ансамбль мүшелері жеке дауыста ән шырқап, көпшілік көңілінен шықты. Өз кезегінде аудан өнерпаздары «Ару ана» әже­лер ансамбліне қолдау көр­сетті.

Тың­дарманның ыстық ықылы­сы­на бөленген әзиз жандар осыдан 9 жыл бұрын әжелер ансамблін құрды. Құрамында 14 өнерпаз ана бар ансамбль жетекшісі – ардагер-ұстаз Жұма­күл Көшербаева.

– Біз қашанда қазақ өнерінің өр­кендеуіне зор үлес қосып келеміз. Рүстем Бәйділдаев жетекшілік ететін Тереңөзек кенті клубы жанынан құ­рылған сәттен өнерлі ұжым табысты өнер көрсетуде. Сан түрлі байқаудан жүлделі оралып, туған жер мерейін тасыта білдік. Әркез қазақтың ха­лық әндеріне көңіл бөлетін біздің ұжым­ның шығармашылық әлеуеті зор. Бү­гін халық алдында есеп беріп, жаңа әндерімізді шырқауға мүмкіндік алдық. Зейнетке шыққан аналарымыз үйде отырып қалмай, қоғамдық жұмыспен белсене араласуда. Үнемі жанымнан табылған асыл аналарға дән ризамын, – дейді Жұмакүл Көшербаева.

Іс-шара барысында концертке арнайы келген меймандар ақжарма тілегін жеткізді. Сахнада саф өнерді барынша жан-жақты көрсете білген оларға зор құрмет көрсетілді.

– Жергілікті халықтың көңілінен шыға білген, ерекше құрмет тұтатын аналарымызды әрқашан мақтан тұта­мыз. Сырдария ауданында «Ару ана» әжелер ансамблінің өзіндік қол­­­таң­басы қалыптасқан. Расында, та­ғы­лым­ды кеште әуезді әуенді әуеле­те шырқаған аналардың өнеріне тәнті бола білдік. Ұзақ жылдар бойы түрлі салада қызмет еткен қарт аналарымыз өнер әлемінде өздерін сан қырынан көрсете білуде. Бұлардың барлық өнерін жүрген жеремізде үлгі ретінде айтатын боламыз, – дейді шығармашылық кеш мейманы, «Сырдария ауданының әйелдері» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Ұлмекен Жанәлие­ва.

Көпшілікке ерекше көңіл-күй сый­лаған кештен кент тұрғындары керемет әсер алды. Алдағы уақытта «Ару ана» әжелер ансамблінің концерті жал­ғасын таппақ.

Б.АЯБЕКҰЛЫ
22 қараша 2022 ж. 647 0