Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Сырдарияның сыршыл ақыны

Сырдарияның сыршыл ақыны

Балашбек Шағыров – өлең өлкесінде өзіндік қолтаңбасымен танылған сыршыл ақын. Оның есімі аудан жұртшылығының жадында. бала мінезді ақын саналы ғұмырында адал, ақкөңіл, кеңпейілді азамат ретінде танылды. Бірнеше кітаптың авторы атанды. биыл АҚЫН Балашбек Шағыровтың туғанына – 80 жыл.
Әдебиет әлемінде өзіндік өрнегін қалыптастырған ақынның бітім-болмысы шығармашылықпен тығыз байланысты еді. Ұлт руханиятымен сусындаған ақын табиғатында өнерге деген құштарлық басым болатын. Қаламы қолынан түспеген ақынның өлең-сөзге деген іңкәр махаббаты ерте оянып, ол қазақтың ұлы мұрасын қастерлеуді өзіне парыз санады.
Ауданға қарасты Ақжарма ауылында туып-өскен Балашбек Шағыров әдебиет әлемінде өз орнын тапты. Ол лирикалық өлеңдері арқылы оқырман көңілінен шықты. Ал туған жермен үндесіп, жырдың тиегін ағытқанда нағыз суреткердің шебері атанды. Тау мен қыратты, жазық даланы, жазиралы кең байтақ өлкені қаз-қалпында жанды көрініске айналдырды. Ой іздеген оқырманның көкейіндегісін дөп тауып, өлеңдерімен бұқараны ынтық­тырды. Небір қиын жағдайда сағы сынбай шығармашылықпен айналысуды мақсат тұтты. Осылайша аз ғана уақыттың ішінде өзі армандаған шығармашылық шыңына жете білді.
Сырдың талантты перзенті Балашбек Шағыров әуелі ауыл мектебінде сегіз жылдық білім алды. Әрі қарай білімін жетілдірген ол Қызылорда қаласындағы №1 мамыр, қазіргі Қалтай Мұхамеджанов атындағы орта мектептен үлкен өмірге қанат қақты. Н.В.Гоголь атындағы пединститутте орыс тілі мен әдебиеті мамандығын меңгерді. Жоғарғы оқу орында әдебиетшілерден өлең теориясы жөнінде көп білім алды. Алғашқы еңбек жолын ұстаздық қызметтен бастады.
Қазақ поэзиясының абызы Әбділда Тәжібаев: «Балашбек Шағырұлы – қазақ поэзиясына өз демі, өз лебімен келген, ақ пен қараға, жарық пен қараңғыға, қайғы мен қуанышқа, өмір деп аталатын ұлы құбылысқа қарайтын өз көзі бар, олар туралы батыл сөйлейтін тілі бар белгілі ақын» деп лайықты баға береді. Сонымен бірге Қалтай Мұхамеджанов, Қуандық Шаңғытбаев, Зейнолла Серік­қалиев, Кеңшілік Мырзабеков, Ғафу Қайыр­беков, Мұқағали Мақатаев, Нәсі­ред­дин Серәлиев, Оразбек Бесбаевтар ақын шығармашылығын жоғары бағалады.
Келіні Ләззат Серікбаева атасы жай­­­лы естеліктерінде: «Қайын атам ұстаздық қызметтен кейін, аудандық радиода жұмыс жасады. Мен келін болып түскеннен кейін үнемі жанына ертіп жүрді. Өзі орыс тілінің маманы болса да, қазақ жыр-дастандарын сүйіп оқыды. Радиода жүрген кезінде маған домбырамен ән салдыратын. Көп сөйлемейтін. Тек бар ғұмырын шығармашылыққа арнады. Менің бойымдағы азғантай қабілетті байқап, рухани тұрғыдан тәрбиеледі. Аудандық басылымда қызмет істеген жылдары сан алуан тақырыпта жазылған мақаласы тағылымға толы болды. Поэзиямен үндескен атамның жайсаң мінезі тұлғалық тұрпаты көпке үлгі болатын», – дейді келіні.
Сыршыл ақынның алғашқы жыр жинағы 38 жасында «Тұңғыш» деген атпен жарық көрді. Тырнақ алды туындылары арқылы туған жерге деген сүйіспеншілігін анық аңғарта білді. «Ақжарма», «Қара шаңырақ», «Ауыл жыры», «Сөз сарасы» кітаптарын жарыққа шығарған ақын Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі атанды. Көзі тірісінде «Жүрек сырлары» кітабын баспаға дайындағанымен, соңғы жыр жинағының жарыққа шыққанын көре алмай кетті. Сырдариялық ақын 2014 жылы өмірден өтті.
Балашбек Шағыров көпшілік жадында ерекше қабілетімен есте қалды. Ол өлеңнен бөлек мөлтек сырлар мен әңгімелер жазып, қалың оқырманның ыстық ықыласына бөленді. Ал сазгерлік қасиетін «Тәуелсіз Қазақстаным», «Ақ күрішті Ақ­жармам», «Жан аға» секіл­ді бірнеше әндерінен байқауға болады.
Қарапайым ауыл баласынан атақты ақынға айналған ақынның өмірі ғибратқа толы. Ол өмірлік жары Ләйләмен бірге ұл-қыз тәрбиелеп, бақытты ғұмыр кешті. Ұрпақтары бүгінде түрлі салаларды жемісті еңбек етіп келеді. Олар ақын аталарын мақтан тұтады және шығармашылығына құрметпен қарайды.
Қорыта айтқанда, Балашбек Шағырұлы ақын, сазгер, жазушы, журналист ретінде артынан мол мұра қалдырды. Ақынның шығармашылығы – халықтың рухани қазынасы. Ол ұрпақ­тан-ұрпаққа кеңінен насихатталып, дә­ріп­теле бермек.

Балтабай ОРДАБЕКОВ 
13 маусым 2020 ж. 1 021 0