Сырды жырлаған ақын аға
Сырдария аудандық кітапханасы – аудан көлеміндегі іс-шараларды жоғары деңгейде өткізуге атсалысып жүрген руханият ордасы. Жақында кітапханашылар тағылымы мол әдеби іс-шара ұйымдастырды.
Жергілікті ақын, Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі Мұхтар Сақтаповтың 85 жылдық мерейтойына орай ақынның шығармашылығына арналған «Сырды жырлаған ақын аға» атты кездесу кеші өтті. «Өлке болып оқимыз» жобасы аясында ұйымдастырылған әдеби іс-шарада ақын Мұхтар Жаналханұлының Сыр елі үшін еткен ерен еңбегі кеңінен насихатталды. Кітапханашылар «Асқақ өлкем, қасиетті мекенімді жыр етемін» атты кітап көрмесі таныстырды.
Мәдени іс-шара барысында аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Ж.Төрәлиев, ақын Мұхтар Сақтаповтың замандасы, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Х.Әбенұлына сөз берілді. Олар шығармашылық кеш иесінің өңірге аян өмірбаяны мен оқырман қауымның оң бағасына ие болған өлеңдері жөнінде өз ойларын ортаға салды. Ақынға құрмет көрсеткен аудандық кітапхана ұжымына ризашылықтарын білдірді.
Мәдени іс-шарада жалынды жас Әлішер Маратұлы ақын С.Ембергеновтың М.Сақтаповқа арнаған өлеңін оқыса, Олжас Сақыбеков «Асқар ақын» атты өлеңді жатқа айтты.
Кездесуде сөз алған ақын Мұхтар Сақтапов талай ақынмен қатар жүріп, әдебиет әлемінде өзіндік қолтаңбасын қалыптастырғанын және шабытына шабыт қосқан қасиетті Сыр топырағына айтар алғысы мол екенін айтты. Туған жерін жырына арқау етіп, елдің көркеюіне сүбелі қызмет етіп келе жатқан тұлғаның еңбегі еленіп, есімі жаңғыра түскені біз үшін де қуаныш. Ақынның қаламынан туған ел-жұртына арнаған рухты жырлары оқырман жүрегінен қашанда орын алары сөзсіз. Бұл ақын жүрегінің ел болмысымен астасып жатқандығының айғағы деп білеміз. Алдағы уақытта ауданның бас ақынының шығармашылығы ауылдардағы кітапханаларда насихатталады деп сенеміз.
Жұлдызай АНШАЕВА