Құқық пен бостандық жауапкершілікпен және өзгелердің құқығын құрметтеумен үйлесім табады
Құқықтық мемлекетте әр азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз ету қоғамдық жауапкершілікпен және заң талаптарын сақтаумен тығыз байланысты. Конституция адамға кең көлемде құқықтар мен бостандықтар бере отырып, басқа адамдардың құқықтары мен бостандықтарын, ар-намысы мен қадір-қасиетін құрметтеуді де міндеттейді. Бұл қағида қоғамдағы тұрақтылық пен өзара сыйластықтың берік негізін қалыптастырады. «Заң мен тәртіп» қағидаты азаматтардың құқықтарын шектеу үшін емес, керісінше, әр адамның қауіпсіз ортада өз мүмкіндіктерін еркін жүзеге асыруына жағдай жасау үшін маңызды. Әр азамат Конституция мен заң талаптарын сақтай отырып, өзінің ғана емес, айналасындағы адамдардың да құқықтарына жауапкершілікпен қарауы қажет.
Әсіресе жастар арасында құқықтық мәдениетті қалыптастырудың маңызы ерекше, өйткені жас ұрпақтың заңға деген көзқарасы қоғамның болашақ даму бағытына тікелей әсер етеді. Құқықтық сауаттылық тек өз құқығын білумен шектелмей, өз әрекетінің салдарын түсінуді және қоғамдық тәртіпті сақтауды қамтиды. Күнделікті өмірде қоғамдық орындардағы тәртіпті сақтау, өзгенің еңбегін құрметтеу, айналадағы адамдардың жеке кеңістігіне қол сұқпау сияқты қарапайым талаптардың өзі құқықтық мәдениеттің көрінісі болып табылады.
Бұл талаптар цифрлық ортаға да тікелей қатысты, себебі әлеуметтік желілерде жалған ақпарат таратпау, өзге адамның ар-намысына тиетін пікірлер жазбау және жеке мәліметтерді рұқсатсыз жарияламау да азаматтық жауапкершіліктің маңызды бөлігі. Заңды сақтау тек тыйымдар мен жазадан қорқу емес, қоғамдағы ортақ тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ететін саналы ұстаным болуы керек.
Бір адамның жауапсыз әрекеті басқа азаматтардың құқықтарына әсер етуі мүмкін болғандықтан, әркім өз еркіндігін жүзеге асыру барысында өзге адамдардың заңды мүдделерін ескеруге тиіс. Осындай өзара құрмет пен жауапкершілік орныққан ортада азаматтар білім алып, еңбек етіп, өз бастамаларын еркін жүзеге асыруға қолайлы жағдай қалыптастыра алады. Сондықтан құқық пен жауапкершілікті бір-біріне қарсы ұғым ретінде емес, құқықтық әрі қауіпсіз қоғам құрудың өзара байланысты құндылықтары ретінде қабылдау маңызды.
БЕКСҰЛТАН СЕРІКБАЕВ
Сырдария ауданы,
Аманкелді ауылдық округ әкімі аппаратының әдіскері









