Әйелдер құқығын қорғау – қоғам назарында
Аудандық «Достық» үйінде «Сырдария ауданының әйелдері» қоғамдық бірлестігі аудандық ішкі саясат бөлімінің қолдауымен ішкі істер бөлімімен бірлесе отырып дөңгелек үстел өткізді. Қоғамдағы келелі мәселелер мен әйелдерге қатысты зорлық-зомбылық мәселелері талқыға түскен басқосуға сала мамандарымен бірге ауылдық округтерден келген зейнеткерлер, ұстаздар қауымы қатысты.
– Әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықтың қандай түрі болса да оны жою және болдырмау мақсатында қоғам бірлесе әрекет етуі керек. Осыған байланысты 25 қараша – халықаралық зорлық-зомбылықпен күрес күні ретінде белгіленген. Бүгінде өңірде «Зорлық-зомбылықсыз 16 күн» атты іс-шара өз жалғасын табуда, – деді дөңгелек үстелдің мәні мен маңызын айтып, сөз бастаған «Сырдария ауданының әйелдері» ҚБ-нің төрайымы Ұ.Жанәлиева.
Одан кейін күн тәртібіндегі мәселе туралы полиция аға лейтенанты Н.Байжанов баяндама жасады. Аға лейтенант биылғы 9 айда ауданы көлемінде әйелдерге қатысты 2 қылмыстық әрекет тіркелгенін атады. Жалпы, әйелдерге қатысты тіркелген қылмыстық әрекеттер біршама төмендеген. Бұған қатысты облыс орталығындағы үш мемлекеттік емес ұйым жанынан ашылған дағдарыс орталығы жұмыс жасайды. Жыл басынан бері дағдарыс орталықтарына 6 әйел адам жүгінген. Сондай-ақ аудан бойынша үш сенім телефоны жұмыс жасайтынын айтқан тәптіп сақшысы жыл басынан сенім телефондарына 48 қоңырау түскенін жеткізді. Сала маманы ендігі жерде әйелдерге зорлық-зомбылық көрсеткендерге алғашқы ескерту берілмей, бірден қылмыстық іс қаралуы мүмкін екенін айтып өтті. Аталған мәселеге қатысты арнайы заң бар және бүгінгі таңда заңға жаңа өзгерістер енгізу мәселелері қарастырылуда.
Қоғамдағы өзекті мәселе қозғалған іс-шарада көпті көрген аналар, ауылдық округтердегі әйелдер кеңесінің мүшелері мен төрайымдары сөз сөйлеп, өз пікірлерін ортаға салды. Гүлшат Махантаева, Дәмелі Қадырова, Рәбиға Үсенбайлар маңызды ақпарат беріп, негізгі мәселені және шешу жолдарын талқылады.
– Қоғамда зорлық-зомбылық оқиғалары көп кездеседі. Әлеуметтік желі мен теледидардан небір сұмдық жайтты көреміз. Бұның бәрі біздің айналамызда, біз өмір сүріп жатқан қоғамда бар нәрсе. Ата-енесінен де зорлық көретіндер тіркелген. Физиологиялық қана емес, психологиялық зардап шегіп жатқандар қаншама? Қоғам болған соң бес саусақ бірдей емес. Түрлі тәрбие, түрлі ой болуы мүмкін. Мұндай мәселелерді қоғамдық орындарға жеткізбей, өзара ақылға салып шешкен дұрыс. Осы ретте, осылай бас қосып, талдап, талқылап отыру да керек-ақ. Бұл тұста ер азаматтар ғана емес, әйелдерге де артылар жауапкершілік жүгі жеңіл емес, – дейді С.Сейфуллин ауылдық округі әйелдер кеңесінің төрайымы Р.Үсенбай.
А.МҰХАНБЕТҚАЛИ