Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » ЗОРЛЫҚ-ЗОМБЫЛЫҚСЫЗ ҚОҒАМ ҚАЖЕТ

ЗОРЛЫҚ-ЗОМБЫЛЫҚСЫЗ ҚОҒАМ ҚАЖЕТ



Бұрнағы күні аудандық мекемелер үйінің мәжіліс залында аудандық жергілікті полиция қызметкерлерінің ұйымдастыруымен «Әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықсыз 16 күн» акциясы аясында дөңгелек үстел болып өтті. Шараға «Сырдария ауданының әйелдері» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Ұ.Жаналиева, мектеп директорларының тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары, ауылдық әйелдер кеңесінің төрайымдары, орталық аурухана бас дәрігерінің «Ана мен бала» жөніндегі орынбасары А.Іскендірова қатысты.
Дөңгелек үстелді Ұ.Шанайқызы ашып, қоғамдағы әйелдердің құқықтарын қорғау мәселелеріне тоқталды. Отбасында орын алатын тұрмыстық зорлық-зомбылықтардың айқын көріністерін тілге тиек етті.
Осы акция барысында жергілікті жерлерде, елді-мекендерде тұратын азаматшаларды қорғау мәселелері қаралды. Сонымен қатар күш көрсету, зорлық-зомбылыққа итермелеу фактілері келтірілді. Ашығын айтқанда бүгінгі таңда әйелдерге күш көрсету қоғамда ерекше белең алып тұр. Ерлі-зайыптылар арасында, күнделікті тұрмыста көптеген қиындықтар кездесуде. Осы орайда аудан әйелдерінің басшысы болып жатқан жағдайларға немқұрайлылық танытпау керектігін айтты. Бұдан бөлек қатысушылар бүгінгі көтеріліп отырған мәселе төңірегінде өз пікірлерін ортаға салды. Ауылдық жерлерде орын алып жатқан кейбір мәселелер жөнінде мәліметтер келтірді. Жергілікті полиция қызметінің әйелдерді зорлық зомбылықтан қорғау тобының инспекторы, қатардағы полиция С.Бишекова жыл көлемінде атқарылған жұмыстары жайлы баяндама жасады. Өз кезегінде полиция лейтенанты Ә.Төлегенов сөз сөйлеп, бүгінгі күнде күрделі мәселеге айналған бұл жәйтті кеңінен ашып айтты. Учаскелік қызметте болған жағдайда жекелеген азаматшалар полиция қызметіне жүгініп, шағымдар түсіріп жатады. Келіп түскен мәлімдемеге байланысты сала мамандары зерттеу жұмыстарын жүргізеді. Озбырлыққа жол берген азаматтарға ескертулер жасалып, қадағалауға алынады.
Шара соңында зорлық-зомбылыққа тап болған азаматшалардың денсаулығына алаңдаушылық мәселесі де назардан тыс қалмады. Бас дәрігердің орынбасары А.Іскендірова ана мен баланың денсаулығы бақылауда, болатынын, ішкі істер бөлімінің мамандарымен тығыз байланысып отыратындықтарын жеткізді.
Б.ҚАРАМАНТЕГІ
21 желтоқсан 2017 ж. 1 688 0