Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

№73 газет

26 қыркүйек 2026 ж.

№72 газет

22 қыркүйек 2026 ж.

№71 газет

19 қыркүйек 2026 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қыркүйек 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
282930 
» » Тектілікті тұмар еткен Тұрғанбай

Тектілікті тұмар еткен Тұрғанбай

Қашанда еңбек адамы – елдің шынайы тірегі. Кейде оның еңбегі көрінбеуі мүмкін, бірақ күнделікті тіршіліктің қалыпты жүруі осындай адамдардың маңдай терімен жүзеге асады. Мәселен адал еңбекті ту етіп, ауданның дамуына өзіндік үлес қосып жүрген Тұрғанбай Есімовті айтсақ болады. Жетпістің желкенін керген қазыналы қарттың есімі аудан тұрғындарына жақсы таныс.

Адам бойындағы адамгершілік қасиеттің басты өлшемі – еңбекқорлық. Осы тұрғыдан алғанда, Тұрғанбай Есахайұлы да еңбекке жас­тайынан араласып, маңдай терімен шыңдалған азамат. 1956 жылы бұрынғы «Комсомол» совхозына қарасты «Бозарқаш» деген жерде дүниеге келіп, Ю.Гагарин атындағы мектеп-интернатта білім алған. Қашан да қиындық пен қуаныш қатар өрілген өмір белесі ел ағасының тағдыр жолына өзіндік өрнек салып, өмір жолын айшықтай түсті.

– Мектеп бітіргеннен кейін бірден еңбекке араласып кеттім. Алғашқы еңбек жолымды Кеңес одағының батыры Нағи Ілиясов директор болып тұрған уақытта бастадым. Өз кезегінде «Комсомол» совхозында 4 жылдай сиыр бордақылаумен айналыстым. Сонан соң, ремонт-механикалық зауытында (РМЗ) токарь болып жұмысқа орналастым. Мұнда мен машинаның клапанын жоңуға көңіл бөлдім. Бес жылдай осы жерде еңбек еттім, – дейді өткенін еске алған қария.

Қазақта «Бақыт дегенің – өз өміріңе, мәнді күндеріңе деген ризашылық сезімің» деген сөз бар. Әңгіме барысында жылдар бойы жасаған қызметін есіне алған қазыналы қарттың еткен еңбегіне риза екенін байқадық. Өмірлік серігі Шәркүл Қарақұловамен осыдан 51 жыл бұрын шаңырақ көтереді. Отбасын құрғаннан кейін 21 жасында әскер қатарына шақырылып, екі жыл Отан алдындағы борышын өтеп келеді. Ел ағасының әскерге кеткенде қызы сегіз айлық еді.
Әрқашан тыным таппай еңбек етіп келген жан еңбек жолын әрі қарай жалғастырды. Әскерден келе сала бірден «Целлюлоза картон комбинатына» машинист болып орналасады. Содан кейін «Гофр картон цехында» картон ораушы болып қана қоймай, әмбебап маман атанған. Санаулы уақыт ішінде қызмет еткен цехында тек өзіне жүктелген міндетті ғана атқармай, қолынан келген жұмысты жасай білген. Бесаспап маман ораушы ғана емес, станоктың барлық түрін меңгерген.


–Осы жұмыс орыннан кейін денсаулығым сыр берді. Дәрігердің кеңесімен жер ауыстырдым. Сонан Жалағаш ауданына қарасты Жаңадарияға отбасыммен қоныс аудардық. Онда совхоздың 2 жыл бойы сиырын бағып, кейіннен қой бағуға шығып кеттім. Бұл ретте, қой бағу ісіне 15 жыл машықтандым. Одан Кеңес үкіметі тарады. Жұмыс болмай қалды. Қапелімде малдың бәрі қырылды. Сырдария ауданынан жұмыс бар деген хабар шықты. Яғни «Жалын» тынығу-сауықтыру лагеріне қарауыл болып келдім. Біз зайыбымыз екеуіміз келгенде бірнеше үй қаңырап тұр. Қора ашық, қараусыз қалған. Барлығын өз қолымызбен жөндеп, бір өзім қоралап, үйлерді сылап, боядық. «Атаңнан мал қалғанша тал қалсын» дегендей, Жаңадариядан тал әкеп егіп, қарық қазып, оны суарып, көгерттім. 22 жыл осында жұмыс жасап, білім саласынан зейнеткерлік демалысқа шықтым. Қандай қызмет болсын қашанда қасымда қолдау білдіріп, балаларымның тәрбиесімен, менің жағдайымды жасаған жарым Шәркүлге алғысым шексіз, – дейді ардақты аға.


Бар саналы ғұмырын еңбекке арнаған, қарапайымдылығымен қадірін арттырған, ардагерлік кезеңге абыроймен жеткен Тұрғанбай Есімовтың қимылы ширақ, денсаулығы тың. «Жігітке жеті өнерде аз» демекші, бүгінде «Ұлағат» ардагер әкелер ансамблінің белді мүшесі. Әрқашан көңілді жүретін ақсақал өнер көрсеткен сәтінен бастап-ақ, көрерменге жақсы көңіл-күй сыйлайды. Бұлай дейтін себебіміз, ол – сахнада ән айтып қана қоймайды. Әдемі биімен көрермен жүрегінен орын ала біледі.


Үйде екі қолды қусырып қарап отыруды жаны қаламайтын ақсақал көктем мезгілінен бастап жеке шаруашылықта 200-дей теректі күтіп баптайды. Өйткені жастайынан еңбекке араласып, жұмыс жасап келген адам үшін құр отыру мүмкін емес.

Еңбек еткен адамның қашанда еңбегі елеулі. Толастамас құрметтің белгісі болар «Сырдария ауданының 90 жылдығы», аудан әкімінің «Алғыс хаты» жемісті жұмысына берілген марапат деп білеміз.


«Адам ұрпағымен мың жасайды» дейді халық даналығы. Еңбекке ерте араласып, жауапкершілікті жас кезінен сезіне білген Тұрғанбай Есімов отбасында аяулы жар, асқар тау әке, немерелерінің сүйікті атасы. Мәуелі бәйтерекке айналған әулеттің қос қариясы Тұрғанбай Есімов пен Шәркүл Қарақұлова бүгінде 4 қыз, 2 ұлдың ата-анасы атанды. Бүгінде ұл-қыздары түрлі салада қызмет жасайды.

Таңшолпан ҚАЛДЫБЕКҚЫЗЫ
26 қыркүйек 2026 ж. 95 0