Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

№73 газет

26 қыркүйек 2026 ж.

№72 газет

22 қыркүйек 2026 ж.

№71 газет

19 қыркүйек 2026 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қыркүйек 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
282930 
» » Еңбек атты құдыретке бас иген кейуана

Еңбек атты құдыретке бас иген кейуана

Ғибратты ғұмыр иесі Балай Нәбиқызы – Сәкен Сейфуллин ауылының байырғы тұрғыны. 84 жастағы қарт ананың өнегелі өмірін ауылдастары жақсы біледі. Дүниеге 10 баланы әкеліп, өмір бойы ауыл шаруашылығында еңбек еткен кейуананың отбасы осыдан екі жыл бұрын «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауына қатысып, жүлделі орын иеленді. Мерейі тасыған отбасының әрбір мүшесі еңбектің қасиетін ұққан, оны ұрпақтар сабақтастығына жалғастырып, ел бірлігін, тату тәтті тірлікті серік еткен жандар. Отбасының анасы Балай Есекеева – ауылдың қадірменді қариясы. Оның кеудесінде «Батыр аналарға» берілетін «Алтын жұлдыз» жарқырайды.

Өмірге қыз бала болып келіп, ана атану бақыты бұйырған қазақтың қаншама қыз-келіндері бар. Олар ең алдымен тұрмыс құрғанда өмірлік қосағының жағдайын жасап, дүниеге перзент әкеліп, отбасының берекесін келтіруді мақсат етеді. Балай Нәбиқызы 1942 жылы 8 наурызда ауданға қарасты сол кездегі Каганович колхозында, қазіргі Сәкен Сейфуллин ауылында дүниеге келіп, 19 жасында ауылдасы Әкімсал Есекейұлымен отандасады. Жас отбасы 1961 жылы жұбайлық өмірге қадам басқанда, жас келіншек ерінің жұмысына қолғабыс етіп, шаруашылықтың жұмысына да атсалысады.


– Өмірдің қызығы мен рақатын азаматыммен бірге көрдім. Ол кісі қой бақса қой бағып, бақташы болса малды да бірге бақтық. Жас кезімізде қойшы болдық, мал шаруашылығында 40 жыл жұмыс істедік. Сәкен Сейфуллин ауылында сиыр фермасы болатын. Ағаларың бақташы болды. Мен сонда 40 жыл сауыншы болдым. Сауынға таң атысымен кірісеміз. Жаңа сауған сүттің иісі аңқып тұрады. Сиырды мезгілімен сауып, өткіземіз. Екі білегіміздің қатайғаны сонша, ауырсынғанына да қарамайтынбыз. Ағарған бар жерде береке болады. Сауыншы болып жүріп өмірге балаларымды да әкелдім. Құдайдың берген үш ұлы мен жеті қыздың ата-анасы атандық. Қазір қарап отырсам бейнеміздің зейнетіне жетіп, ұрпағымның ортасында отырғаным сол адал еңбектің арқасы, – дейді ақ жаулықты ана.

Зейнетке шыққанша мал шаруашылығынан ажырамаған, өмірін қара жұмыспен байланыстырған ананың жүзі жарқын. Оның өмірге «өкпелеуге еш қақым жоқ» деуінің өзі балаларына жігер мен сенім береді. Үлкен әулетке айналып, өмірін жалғастырып отырған ұрпағына жарық сәуле беріп отырған ана шын бақытты. Өмірлік қосағы 2010 жылы 70 жасында өмірден өтсе де, Балай Есекеева қоғамнан алыстамай, ауылдың тыныс-тіршілігіне араласып, үлкендігін көрсетіп отырған қазыналы қарт. Өмірінің жолында екі мәрте С.Сейфуллин ауылдық кеңесінің депутаты болып, ауылдың атынан үлкен мінберлерден сөз сөйлеп, ауылдың дамуына атсалысты. Белсенді, қимылы ширақ ана осы күні де ауылдық клуб жанынан ашылған Әжелер ансамбілінің белді мүшесі. Халық әндерін тамылжыта орындап, сахнаның сәнін келтіретін әдемі әжелермен талай рет байқауларға қатысып, жүлдемен оралды.

Үлкен шаңыраққа айналған әулеттің ғана емес, бүкіл ауылдастары құрмет тұтатын қарт – өзінің тұла бойындағы адамгершілік қасиетімен сыйлы. Ақылдылығымен, даналығымен абыройы мен құрметі артқан ана осы күні Сәкен Сейфуллин ауылындағы Кеңес үкіметі заманынан бері келе жатқан көзі тірі екі Батыр ананың бірі, Алтын алқа иегері.

– Қиын заманда өмір сүрдік деп налымаймын. Бірінен соң бірін дүниеге перзент әкеліп, жұмыстан да қалмай еңбек еттік. Адал еңбектің арқасында абыройлы болдық. Кісінің ала жібін аттамадық. үлкенге құрмет көрсетіп, кішіге ізетті болдық. Қонақ күту, салт-дәстүрге берік болуға машықтандық. Балаларымның барлығы аяқтанып, құдандалы-жекжат болып отырмыз. Балалар мамандық алып, бір-бір шаңырақтың түтінін түтетіп отыр. Қазір қолымда қарашаңырақтың иесі Талғат пен келінім Алтынай балаларымен мені алақандарына салып отыр. Өмірде қанша жақсылық көрсем де барлығы маңдайыма жазылғаны деп білемін. Ана үшін баласының жақсы болғанын көруден асқан бақыт жоқ, – дейді қарт ана.

Иә, адам өмірінің маңызы – соңынан жақсы іспен із қалдыруында. Ал сол жақсы ізді қалыптастыратын ең басты құндылық – адал еңбек. Еңбек еткен адам шыңдалады, жақсы мінез қалыптастырады, өмірге деген жауапкершілігін күшейтеді. Осындай қасиеті бар адамды еңбекқор дейді. Асыл ана Балай Нәбиқызы мақсатына жету жолында табандылық танытып, қиындыққа мойымады. Мұны көріп өскен балалары да бойларына ізгі қасиетті сіңірді. Олар түрлі мамандық иесі ретінде ел дамуына өз үлесін қосуда. Бірі – механизатор болып жердің берекесін арттырса, жұмысшылары өндірістің дамуына үлес қосуда. Енді бірі – ұрпақ тәрбиесіне атсалысып, бір перзенті медицинада өз қолтаңбасын қалдыруда. Ең бастысы, олар үшін ата-ананың берген ұлағатына, атына кір келтірмеу, өз ісін сүйіп, адал атқару. Осылайша еңбекпен өткен өмірді жалғастыру. Ата-анасының маңдай терін көріп өскен бала еңбектің қадірін біледі, рухани байлыққа кемелденіп, оның игілігін көреді.

Бүгінде жасы сексеннен асқан ана әлі де ұрпағына төзімділік, сабырлылық, жауапкершілік секілді қасиетті үйретуден шаршаған емес. Осы күні қарттық кезеңге аман есен жеткен ардақты жан ұрпағының қызығына тоймай, 32 немере мен 36 шөбере сүйіп отыр. Өмірдің бір қызығы шөпшек сүю болса, асыл анаға осындай бақыттың бұйыруын тілейміз!

Бибісара ЖАНӘЛІ
26 қыркүйек 2026 ж. 98 0