Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

№73 газет

26 қыркүйек 2026 ж.

№72 газет

22 қыркүйек 2026 ж.

№71 газет

19 қыркүйек 2026 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қыркүйек 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
282930 
» » Еңбек адамы деген кім?

Еңбек адамы деген кім?

Қай қоғамда болсын еңбек адамына деген құрмет ерекше болған. Себебі еңбекке бас иген адам маңдай терімен табыс тауып, жанын салады. Мейлі ол диқан болсын, мал баққан малшы болсын кез келген салада еңбектен адал нанын тауып жеп жүрген адам құрметті. Дәрігер, мұғалім, кәсіпкер, мемлекеттік қызметкер, шаруа адамы да мемлекетіміздің дамуына үлес қосып жүрген еңбек иесі. Осы күні өз кәсібін терең меңгерген адамды нағыз еңбек адамы дейміз.

Жаны тірі адамның бәрі еңбек етеді. Еңбексіз адам болмайды. Өйткені еңбек етпесең жеуге нан таппай қаласың. Еңбек қозғалыспен келеді. Күш-қуатың барда еңбек етіп, мемлекетке пайдаңды тигізіп, одан табысыңды арттырасың. Өзінің адал еңбегімен отбасын бағып, ұрпағын өсіріп отырған адам – еңбек адамы деген атқа лайық. Еңбек ету арқылы қоғамға да белгілі түрде пайдасын әкелетін адам да еңбектің арқасында жетістікке жетеді. Қазір бұрынғыға қарағанда еңбек адамы туралы түсінік те өзгерген сыңайлы. Себебі бұл күнде әркім өзінше жан бағып жүр. Қайткен күнде табыс тауып, өз мамандығын ысырып тастап еңбек ететіндер өте көп. Сондықтан кәсіби маманды ғана еңбек адамы деп айту орынсыз. Ал негізінен жалқаулыққа салынбай, кез келген істі барынша жақсы атқарып жүргеннің барлығын еңбек адамы десек артық айтқандық болмас. Ондай адамдар қарапайым еңбегі арқылы күнкөрістің қамын жасап, қолынан келгенін істеп, тіршіліктің күйбеңінен қолы тимей жүргені адал еңбекке бас игені.

Бала кезімізден еңбектің қара қазанында қайнаған адамдарды көріп өстік. Олар қоғамның жұмысы ма, елге ортақ жұмыс па ешқашан қажымайтын. Әкелеріміз таң атқаннан жұмысқа жегіліп, тракторды тізгіндеп, жер жыртып, егістіктің басында кеш батқанша жүретін. Олар сол істеген жұмысынан шаршағанын да білдіртпейтін, қайта адал еңбектің наны да тәтті болатынын айтып, біздерге үлгі болатын. Аналарымыз да еңбектің көрігін қыздыратын. Үй тірлігінен бөлек үкіметтің жұмысына барып, еңбекке деген ерекше құрметін сезетінбіз. Ал қазір біздер тау қопарып, кен қазбасақ та ел игілігі жолында еңбек етіп, қағаз бен қаламның иесі ретінде қоғамның ұйытқысы болып жүрміз.

– Еңбек адамының келбеті туралы айтсақ, өз ісін кәсіби деңгейде жоғары меңгерген дәрігер, бағдарламашы, банкир, салық қызметкері, полиция қызметкері, токарь, теміржолшы, әкім, журналист, заңгер, шопан, кәсіпкер т.б. болуы тиіс. Осындай адамдар өз ісін кәсіби деңгейде меңгерген, өз кәсібін дамытуға қабілетті адамдар. Ондай адамдар тұрмыста қысылмай дәулетті өмір сүруі қажет. Еңбектің бағалануы деген тағы бар. Яғни еңбек бағаланған жерде сапасы да артады. Міне, сонда ғана біз «еңбек адамы кім?» деген сұраққа толық жауап беретін боламыз, – дейді еңбек ардагері Г.Байманова.

Кеудесінде жаны бар адам еңбек етуге құқылы. Оның әрбір ісі қоғамға пайдасын әкелуі керек. Күнделікті еңбекпен бетпе бет келіп, адал еңбегінің жемісін көріп отырған адам нағыз бақытты жан.

Б.ТАҢАТАРҚЫЗЫ
Фото: ашық дереккөзден
26 қыркүйек 2026 ж. 93 0