Қауіпті әлеуметтік кесел
Сыбайлас жемқорлық – адамзат қоғамымен бірге қалыптасып, заман өзгерген сайын түрлі сипат алып келе жатқан қауіпті әлеуметтік кесел. Қай жерде заңсыз пайдаға ұмтылу, билікті жеке мүддеге пайдалану немесе жауапкершіліктен жалтару орын алса, сол жерде сыбайлас жемқорлықтың тамыр жаю қаупі бар. Сондықтан бұл індетпен күресу – тек мемлекеттік органмен бірлесе атқаратын бүкіл қоғамның ортақ міндеті.Сыбайлас жемқорлықтың кең тараған әрі қоғамға аса қауіпті көрінісі – парақорлық. Пара беру мен пара алу мемлекеттік басқарудың қалыпты жұмысына кедергі келтіріп қана қоймай, азаматтың заңды құқығы мен мүддесіне нұқсан келтіреді. Сонымен қатар мемлекеттік қызметтің беделін түсіріп, қоғамның билік институттарына деген сеніміне кері әсер етеді.
Осыған байланысты сыбайлас жемқорлықтың салдарымен ғана күресіп қоймай, оның пайда болуына ықпал ететін себептерді де жою маңызды. Қоғамда «пара беру – мәселені шешудің жолы» деген түсінік болмауы керек. Керісінше, пара беру де, пара алу да заңға қайшы әрекет әрі қоғамға зиян келтіретін құқық бұзушылық екені әр азаматтың санасына берік орнығуы қажет. Бұл ретте, Ақжарма ауылдық-округінде сала мамандары сыбалай жемқорлық факторын болдырмау мақсатында жүйелі жұмыс атқаруда. Күнделікті әкімшілік мамандары құқықтық сауаттылығын арттырып келеді.
Сыбайлас жемқорлықтың алдын алуда құқықтық сауаттылықтың маңызы зор. Заң талабын білмеу немесе оған немқұрайлы қарау кей жағдайда құқық бұзушылыққа жол ашуы мүмкін. Сондықтан мемлекеттік қызметшінің де, қарапайым азаматтың да құқықтық мәдениетін арттыру, заң талабын түсіндіру және құқық бұзушылықтың алдын алу бағытындағы жұмысты жүйелі түрде жүргізу – маңызды міндетке кіреді.
Сыбайлас жемқорлыққа итермелейтін себептің қатарында қызметтік тәртіптің әлсіздігі, жеке басының мүддесін мемлекет мүддесінен жоғары қою, қызметтік өкілеттікті теріс пайдалану және заң талабын сақтауға немқұрайлы қарау секілді фактор бар. Мұндай келеңсіздікке жол бермеу үшін әрбір мемлекеттік органда ашықтық пен жауапкершілік қағидаты берік орнығуы тиіс.
Сыбайлас жемқорлық – сыртқы жара секілді бірден байқала бермейтін, алайда қоғамның ішкі тұрақтылығына кері әсер ететін дерт. Демек, оның алдын алу үшін ең алдымен сыбайлас жемқорлыққа қолайлы жағдай туғызатын себепті анықтап, оларды жою қажет. Бұл ретте мемлекеттік органдардың ашықтығы, азаматтардың құқықтық сауаттылығы және қоғамдық бақылаудың маңызы ерекше.
Әр азамат сыбайлас жемқорлық көріністеріне немқұрайлы қарамауы тиіс. Егер қандай да бір лауазымды тұлға өз қызметтік өкілеттігін асыра пайдаланып, азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделеріне нұқсан келтіретін әрекетке барса, мұндай жағдайды тиісті құқық қорғау органдарына хабарлау – азаматтық жауапкершіліктің бір көрінісі.
Ерлан ЕШМҰРАТОВ,
Ақжарма ауылдық округінің әкімі
Фото: Нұрболат Нұржаубай










