Еңбекпен есейген азамат
Еңбек адамы деген ұғымның астарында үлкен мағына жатыр. Оның ішінде, маңдай тер, табандылық, жауапкершілік, төзім және туған жерге деген адалдық бар. Елдің берекесін еселеп, жердің ырысын арттыратын да – осындай қарапайым еңбектің адамы. Қалжан ахун ауылында туып-өсіп, саналы ғұмырын ауыл шаруашылығына арнаған Жомарт Махамбетовтің есімі көпшілікке жақсы таныс. Біз білетін Жомарт Орынтайұлы – 1968 жылы қазіргі Қалжан ахун ауылында дүниеге келген. Балалық шағы мен бозбала кезі ауыл тіршілігімен біте қайнасып өтті. Сол кездегі №126 Чапаев атындағы сегіз жылдық мектепте білім алып, кейін кәсіптік-техникалық училищеде оқыды. Білім алғаннан кейін азаматтық міндетін атқарып, 1986-1988 жылдары Кеңес әскері қатарында Отан алдындағы борышын өтеді.
Әскерден оралған соң туған ауылына келіп, еңбек жолын ауыл шаруашылығымен байланыстырды. Маңдай термен нәпақа табатын, жердің тілін білуді, диқанның кәсібін терең меңгеруді талап ететін сала еді. Кейіпкерім осы жолды таңдап, біртіндеп тәжірибе жинақтап, жауапты қызметтер атқара бастады.
Әр жылдары Қалжан ахун ауылындағы «Бақ» шаруа қожалығында бригадир, агроном болып еңбек етті. Агроном үшін жердің жайын, тұқымның сапасын, судың мөлшерін, егістің күтімін және диқан еңбегінің қыр-сырын жетік білу маңызды. Ал бригадир болу – бір ғана істі емес, тұтас еңбек ұжымын ұйымдастыруды қажет етеді. Жомарт Орынтайұлы бұл жауапкершілікті абыроймен атқарып, тәжірибесін молайтты. Кейін «Мағжан және К» шаруа қожалығында бес жылдай бригадир қызметін атқарып, егін жұмысының басы-қасында жүрді. Жер жыртудан бастап, тұқым себу, суару, күтіп-баптау, ору секілді науқандық жұмыстың әр кезеңіне жауапкершілікпен қарады.
– Мен үшін еңбек – өмірдің өзегі. Ауылда туып-өскен соң, жердің қадірін, еңбектің бағасын жастайымнан түсініп өстім. Ауыл шаруашылығының бейнеті көп болғанымен, берекесі де мол. Әсіресе егін егіп, оның көктеп шыққанын, піскен өнімді көргенде еңбегіңнің нәтижесін сезінесің. Осы салада ұзақ жыл бойы бригадир, агроном болып еңбек етіп, көп нәрсе үйрендім. Егіннің жайын, жердің бабын, диқанның еңбегін жақсы түсіндім. Қазір де «Сүндетбай» шаруа қожалығында еңбек етіп, егін жұмысының басы-қасында жүрмін. Біз үшін әр гектардың өнімі маңызды. Өйткені оның артында қаншама адамның маңдай тері, еңбегі мен жауапкершілігі жатыр. Менің ойымша, еңбек адамына ең үлкен баға – оның істеген ісінің нәтижесі. Адам өз жұмысын адал атқарып, елге пайдасын тигізсе, одан артық мәртебе жоқ, – дейді Жомарт Орынтайұлы.
Қазіргі таңда ел ағасы «Сүндетбай» шаруа қожалығында бригадир болып қызмет атқарады. Диқанның жұмысы маусымға қарай өзгергенімен, оның жауапкершілігі ешқашан азаймайды. Көктемгі егіс науқаны басталғаннан күзгі жиын-терім аяқталғанға дейін әр күннің өз есебі бар. Шаруашылықта шамамен 123 гектар жерге күріш пен жоңышқа егіледі. Әр гектардан орта есеппен 50 центнерге дейін өнім алуды көздейтін еңбек ұжымының жұмысы да оңай емес. Мұндай нәтижеге жету үшін техника мен технологиямен қатар, жердің жағдайын білетін, жұмысты ұйымдастыра алатын тәжірибелі маман қажет.
Оның өмір жолына қарасақ, бір мамандықтың аясында ғана қалып қоймағанын көреміз. Ол – агроном, бригадир, ұйымдастырушы. Ең бастысы, қай қызметте жүрсе де, өзіне жүктелген міндетті жауапкершілікпен атқарып келеді. Ауыл шаруашылығындағы ұзақ жылғы тәжірибесі оны елмен етене араласқан, қарапайым еңбек адамын түсінетін азамат ретінде қалыптастырды.
Жомарттың еңбекке деген көзқарасының қалыптасуына әулет тәрбиесінің де әсері бар. Анасы Райхан Бақтыбаева да күрішші болып, жердің бейнетін көрген жан. Ал әкесі Орынтай Махамбетов сан салада еңбек еткен. Яғни еңбекке құрмет – бұл әулет үшін жай сөз емес, өмір салты.
Бүгінде Жомарт Орынтайұлы бес баланың әкесі. Отбасының тірегі болып, балаларын азамат етіп өсіру жолында да үлкен жауапкершілік арқалап келеді. Жұбайы бірнеше жыл бұрын дүниеден өткен. Тағдырдың бұл ауыр сынағына қарамастан, ол балаларының жанынан табылып, олардың болашағы үшін еңбек етіп келеді. Кейде еңбек адамы туралы айтқанда, оның егістікте жүргенін, қолының қара жұмысқа үйренгенін ғана көреміз. Ал шын мәнінде оның артында үлкен өмір жолы, отбасы алдындағы жауапкершілігі, ұрпаққа берер тәрбиесі және туған жерге сіңірген еңбегі тұрады.
Б.АЯБЕКҰЛЫ










