Термешілер байқауы өтті
Халқымыздың өткен тарихында таңды таңға ұрып, тыңдарманын ұйытып тыңдатып, құлақ құрышын қандырған термешілер көп болған. Сондықтан қазақ халқы сөздің маржаны мен ойдың тұнығынан тағылым тартып, жұртшылықты адалдық пен әділдікке, тазалық пен имандылыққа тәрбиелейтін термені «текті сөздің төресі» деп бағалаған. Өнердің бұл жанры қазақ халық поэзиясында белгілі бір жүйеге түсіп қалыптасқан әрі өзіндік тыңдарманы бар өлең түрі болып саналады.
Термешілердің шығармашылығын насихаттау мен қолдау мақсатындағы жұмыстардың жандануына Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы көп септігін тигізді. Соның негізінде термешілердің республикалық байқауы ұйымдастырылып, өлең-жырға шөліркеген халықтың айызы қанып, рухани қазынаға кенелді. Міне, осынау игі істі ауданымыздағы үлгілі ауыл саналатын Нағи Ілиясов ауылдық мәдениет үйі қолға алып, төл өнерді тағы да төрге оздырды. Атап айтқанда, «Абзал және К» толық серіктестігінің демеушілігімен термешілердің облыстық байқауы ұйымдастырылды.
Айдынды Арал мен қарт Қаратау аралығындағы аймақтағы жеті ауданнан түгел дерлік талапкерлер қатысқан байқау тақырыбы «Тәуелсіздікке тарту» деп аталды. Н.Ілиясов ауылдық мәдениет үйінің директоры Н.Тұрановтың айтуынша, ауданда термешілер байқауының ұйымдастырылмағанына бірнеше жыл болған екен.
– Жалпы, біздің ауданда ақындар, әншілер, бишілер және сазгерлер арасындағы шығармашылық байқаулар тұрақты түрде өткізіліп келеді. Біз бұл жолы термешілер арасында байқау өткізіп, термешілік өнердің тынысының кеңеюіне қолдау көрсеткіміз келді. Ұлттық дәстүр мен салт-сана тағылымын жастардың бойына дарытып, жас ұрпақтың жан-жүйесін оятуда дәстүрлі өнердің алатын орны ерекше. Әсіресе, ғибраттық мәні бар идеяларды теріп айтатын термешілік өнердің өз биігі, өз тыңдаушысы бар. Тұңғыш Президенттің «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында және Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай ұйымдастырылған байқау жыршылық-термешілік өнерге жаңаша серпін беру арқылы әдеби тілді дамытуға, тіл мәдениетін жетілдіруге үлес қосады деп сенеміз, – дейді Н.Тұранов.
Облыстық байқауға өлең-сөздің қадірін білетін білікті мамандар қазылық етті. Атап айтқанда, талапкерлердің шығармашылығын жырау Марат Сүгірбай, Аманкелді ауылындағы өнер мектебінің директоры Мейрамбек Абдуллаев, ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Ақтөре Ибрагимұлы бағалады. Қазылар алқасы шығарманың тереңдігіне, мәні мен мазмұнына, дауыс мақамы мен орындалу шеберлігіне, тіл тазалығы мен сахна мәдениетіне баса назар аударды. Нәтижесінде, аралдық Гүлжамал Бейісова бас жүлдеге лайықты деп танылды. Жүлделі бірінші орынды сырдариялық Алмат Өтеуов иеленсе, екінші орынмен қармақшылық Тоғжан Бақытова марапатталды. Ал үшінші орын Н.Ілиясов ауылының атынан қатысқан Ботакөз Қалиасқароваға берілді. Қалған қатысушылар ынталандыру сыйлықтарына ие болды.
А.ҚҰРМАНАЙТЕГІ