Облыстық байқау өткізілді
Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай «Тәуелсіздік жырлары» тақырыбында жыршы-термешілердің облыстық онлайн байқауы өткізілді. Мәдени іс-шараны облыстық халық шығармашылығын дамыту және мәдени-продюсерлік орталығы мен Аманкелді ауылдық мәдениет үйі бірлесе ұйымдастырды.
Байқауға Қызылорда қаласы мен аудандардың 8 талапкер қатысып, бақ сынады. Қатысушылардың өнерін білікті мамандардан құралған қазылар алқасы бағалап, жеңімпаздарды анықтады. Нәтижесінде қызылордалық Қуаныш Алғазиев бас жүлдені иеленді. Жүлделі бірінші орын қармақшылық Руслан Өтегеновке бұйырса, екінші орын Қызылорда қаласының намысын қорғаған Жанболат Өмірзақовқа берілді. Ал қос бірдей үшінші орынды жаңақорғандық Нұрлыбек Қалман мен сырдариялық Жалғас Ернар еншіледі. Байқау жүлдегерлеріне диплом, алғыс хат және бағалы сыйлықтар табысталды.
– Тәуелсіздік – баға жетпес байлығымыз. Осыны ескеріп жыршы-термешілердің байқауын өткізуді жөн көрдік. Талапкерлер ел егемендігін айшықтайтын рухты жырларды қазылар алқасының назарына ұсынды. Карантин талаптарына сай байқау онлайн форматта ұйымдастырылды. Жеңімпаздардың бейне түсірілімі Аманкелді ауылдық мәдениет үйінің әлеуметтік желідегі ресми парақшасына жарияланды. Алдағы уақытта да Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай мәдени-көпшілік іс-шаралар ұйымдастыратын боламыз, – дейді ауылдық мәдениет үйінің әдіскері Күлзакира Аманжолова.
Ақтөре ИБРАГИМҰЛЫ