Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Еңбегі еселі озат сушы

Еңбегі еселі озат сушы

Қазір көше бойын шаңдатып, қырманға қарай асыға астық та­сыған техникалар саябырсыды. Өйткені, диқандар мәпелеп, баптап күткен күріш ысырапсыз жиналып, қамбаға құйылды. Бұл шақ пе­йілі дархан дала еңбеккерлерінің мерейі тасып, «Балапанды күзде сана» дейтін диқандардың көңілі марқайып, бір терең тыныстаған тұсы. Науқан нәтижелі аяқталып, тынымсыз еңбектің жемісін көретін кез келді. «Қызылдихан» шаруа қожалығының күрішшісі Бауыржан Қоқымбаев та науқанды мереймен аяқтағандардың бірі.

Аудандағы іргелі шаруашылық саналатын «Қызылдихан» ШҚ биыл 700 гектар егіс алқабына күріш екті. Ала жаздайғы бейнеттің нәтижесінде шаруалар орташа есеппен 78,2 центнерден өнім алды. Бұл – шаруашылық үшін зор жетістік. Мұндай жоғары көрсеткіш көрсетуде сушы Б.Қоқымбаевтың еңбегі зор. Олай дейтініміз, диқан өзіне берілген 53 гектар жердің бап-күтімін жасап, одан 91,7 центнерден өнім алды. Соның нәтижесінде шаруашылықта озаттар көшін бастады.

– Бауыржан – егін егудің қыр-сырына жақ­сы білетін маман. Бұған дейін басқа салаларда жұмыс істеп жүрді. Содан шаруашылыққа жұмысқа шақырып, өзіне тиесілі жерді бекі­тіп бердім. Негізі, сушыға берілген жер өте нашар болатын. Бірақ еңбекқор күрішші жер­дің нашарлығына қараған жоқ. «Баптай білсең жер жомарт» демей ме?! Диқан ерте көктемнен жердің бап-күтімін жасап, егін екті, бар күш-жігерін салды. Ерінбей еңбек еткен, оның нәтижесін көреді. Алтын күзде Б.Қоқымбаев шаруашылық сушыларының алдына шықты. Бұл еселі еңбектің нәтижесі, – дейді шаруашылық төрағасы Алданберген Құлбаев.

Иә, таңмен таласа кетпенін асынып, егін басында жүретін еңбеккерлердің несібесі әркез жоғары болады. «Егін ексең – ебін тап, ебін тапсаң – жерін тап» дегендей, бас көтернен күріштің ауруға ұшырамай өсіруіне дала еңбеккері аса ыждағаттылық танытуы тиіс. Осы үдеден шыға білген Бәкеңнің күтімді егіні бітімді, бітімді егіні түсімді болды.

– Бұған дейін құрылыс жұмыс­тарында жүрдім. Ал шаруашылыққа келісімен сушы ретінде егін ектім. Таң қылау бере баста­ғаннан атыздықты аралаймыз. Тынымсыз еңбек қылып, сол жұмысымыздың берекесін көрудеміз. Науқан кезеңінде күндіз-түні тыным таппай, әрбір дәннің ысырапсыз қамбаға түсуіне еңбектендік. Нәтижесі жаман емес, – дейді күрішші Б.Қоқымбаев.

Даңғайыр диқан Ыбырай Жақаевтан «Күріш егуден рекордтық көрсеткішке же­туіңіздің сыры неде?» деп сұрағанда даңқты күрішші «Еңбек, еңбек, тағы да еңбек» деп айтқан екен. Сондықтан маңдайын күн сүйген күрішшінің сонау көктемнен басталған тынымсыз еңбегі қайтты деп білеміз.

Ердос БЕРКІНБАЕВ
30 қазан 2021 ж. 374 0