91,8 центнерден өнім алды
«Қызылдихан» шаруа қожалығы жылдағы үрдіспен егін жинау науқанына үлкен дайындықпен келді. Биыл шаруашылыққа жаңа техникалар алынып, соның нәтижесінде науқандық жұмыстар қарқынды жүргізілуде. Бүгінгі таңда қызылдихандық диқандар егінді ысырапсыз жинап алу қамымен тынымсыз еңбек етуде.
Ала жаздай күріштіктің бап-күтімін жасап, несібесін жерден іздеген диқандар төккен тердің нәтижесін көре бастады. Шаруашылықта егіні жиналып болған диқандар қатарында Икрам Айтбаев, Нұрлан Бисенбай, Сәбит Өскінбаев, Байлы Мұратбеков және Талғат Қожабаев бар. Күрішшілер орташа өнім 60 центнерден жоғары алса, олардың ішінде Талғат Қожабаев 91,8 центнерден өнім жинады. Бұл қырманды қызылға толтыратын шаруашылық үшін зор жетістік. Осындай тәжірибелі диқандардың нәтижелі еңбегі күріштен тау тұрғызатын ауданның дамуына оң ықпал ететіні сөзсіз.
Қазіргі таңда егін жинау науқаны қызу жүріп жатыр. Науқандық жұмыстар аяқталғанша басқа да қызылдихандық диқандар зор жетістікке жетіп, қамбаны астықпен көмкеретіні анық.
Ердос Беркінбаев